Еуразиялық одаққа 10 жыл. Кімге әділетті, кімге әділетсіз?

3999

Өткен кезеңде одақтың арқасында экспорттан кімнің ұтқаны анықталды. 

Еуразиялық одаққа 10 жыл. Кімге әділетті, кімге әділетсіз? Фото: aqorda.kz

Одақтың ұлтүстілік органы Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттығының көпжылдық қорытындысын шығарды. Дегенмен, комиссия 2014-2022 жылға дейінгі аралықты қамтыпты. Сонымен, Еуразиялық одақ елдерінің өзара саудасы 61 млрд 183,3 миллион доллардан 73 млрд 89,7 миллион долларға ғана өсе алды.

Комиссия дерегінше, одақтың құрылуынан ең көп ұтқаны – Ресей. Оның одаққа кіретін қалған төрт елге экспортынан тапқан табысы 2014 жылғы 36 млрд 887,6 миллион доллардан 2022 жылға қарай 46 миллиард 159,5 миллион долларға дейін күрт өскен. Осылайша, одақ аясындағы өзара сауда өсімінің тоқсан пайыздан астамын бір ғана Ресей иеленді.

Екінші орынға оның ең жақын одақтасы Беларусь шықты. ЕАЭО-ға экспорттан түсетін кірісі бірінші жылдағы 16 млрд 179,1 млн доллардан енді 17 миллиард 442 миллион долларға дейін ұлғайды.

Бұған дейін экономикалық блокадада қалған Арменияға да Еуразодақ жағыпты. Экспорттық пайдасы осы кезеңде 323,9 миллионнан 882,6 миллион долларға дейін, бірден 2,7 есеге артты.

Сонда азға қанағат етуге мәжбүр болғаны – одақтың түркі тілдес қос елі. Осы ұзақ жылдар ішінде Қазақстанның одаққа тауар экспорттаудан түскен түсімі ЕАЭО құрылған 2014 жылғы 7 млрд 155 миллионнан 7 млрд 814 млн долларға немесе шамамен 8 пайызға ғана өскен. Бұл өсімге Қазақстан одақ құрмай-ақ та жете алатын еді.

Қырғызстанның түсімі одан да мардымсыз. 637,5 миллионнан 791,4 миллион долларға дейін өсті. Қайталай кеткіміз келеді, мұның бәрі – Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми статистикасы.

Ресейлік алпауыттарға қазақстандық тендерлер қолжетімді болады

Жалпы, алда негізінен Ресей және Беларусьтің Қазақстан экономикасына "экспансиясы" өсуі мүмкін. Қазақстан Парламенті "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы" ратификациялады. Құжат таяуда, сәуірде күшіне енді.

Сенат депутаты Арман Өтеғұловтың айтуынша, бұл хаттамаға 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеуде одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ұсынылған үшінші кешенді өзгерістер жиынтығы. ЕАЭО туралы шартқа барлығы 32 түзету енгізілді. Түзетулер техникалық реттеуге, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, тарифтік емес реттеуге, бәсекелестікке және мемлекеттік сатып алуға қатысты.

Құжатты отырыста талқылау барысында сенатор Евгений Больгерт бұл топтамалар әсіресе, ресейлік компаниялардың Қазақстандағы тендерлерде көптеп жеңе бастауына кең жол ашады деген алаңдаушылығын жеткізді. Тәуелсіздіктің өткен отыз жылдығында мемлекеттік сатып алулар – отандық өндірушілер мен ұлттық бизнесті қолдаудың қуатты құралы болды. Осының арқасында Қазақстан қаншама экономикалық дағдарыстан абыроймен шықты. Енді ше?

"ЕАЭО-ның осы хаттамасы аясында елдер электронды цифрлық қолтаңбаларын өзара таниды. Яғни, ресейлік ЭЦҚ да қазақстандықпен қатар қолданылмақ. Бұл одаққа кіретін елдердің жеткізушілерінің электронды форматта жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуларға еркін қол жеткізуін қарастырады. Бұдан кім ұтады? Қазақстанда бүкіл мемсатып алулар жүйесі 100% цифрландырылған. Одақтың өзге елдері болса, мемсатып алуларын жете цифрландырмай отыр. Салдарынан, олардың ЭЦҚ-сын мойындай отырып, сол арқылы біз ЕАЭО-ға қатысушы елдердің барлық субъектілеріне, барлық компаниясы мен кәсіпкеріне біздің мемлекеттік сатып алуларды толығымен ашып тастаймыз! Барлық тендерімізге 100% қатыса алады. Алайда біздің бизнеске олар жүз пайыз ашылып отырған жоқ", – деді Евгений Больгерт.

Оның байламынша, мұндай қадамға бармас бұрын Қазақстан отандық бизнес нысандарының да серіктес елдердің мемсатып алуларына толыққанды қатысуын талап етуге, дискриминацияны жоюға, яғни теңдік пен паритеттің болуына қол жеткізуі керек еді. Олай болмады.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бұл проблеманың барын жоққа шығармады.

"Қазақстанда шынында да мемлекеттік сатып алулар толығымен, 100 пайыз цифрландырылған, құжаттар да электронды форматта, қашықтан қабылданатынын атап өткенім жөн. Компаниялар құжаттама топтамасын толтырғанда қағаз жинамайды. Құжаттаманы толтыру кезінде 20 шақты әртүрлі жүйе іске қосылады, басқа дерекқорлардан мәліметтерді өздері суырып алады. Бірақ одақ бойынша серіктестерімізде бұл жоқ. Мысалы, Ресей федерациясында цифрландыру деңгейі – 86%, Беларусьте – 84%, Қырғызстан мен Арменияда – 80%-дан да төмен", – деді интеграция министрінің орынбасары.

Кәсіпкерлердің шағымдануынша, мысалы, қазақстандық бизнес ресейлік тендерлерге қатысқысы келсе, РФ заңына сәйкес Ресейде міндетті түрде филиалын ашуға тиіс. Сондай-ақ тіпті электронды форматта өтетін сатып алуға қатысу үшін Ресейде бума-бума құжат жинап, қаптаған бақылаушы-қадағалаушы, құзырлы-қаһарлы органдардан қолтаңба жинау талап етілмек. Содан ештеңе шықпасын түсінген қазақстандық компаниялар амалсыз қолды бір сілтейді.

Бірақ Сауда және интеграция министрлігі ЭЦҚ-ны мойындау болашақта отандық компанияларға да пайда әкеледі деп үміттенеді.

"Біздің компаниялар өзге елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алуы мүмкін. Еуразиялық одақтың мемсатып алулар нарығы 120 миллиард долларды құрайды. Одақтас елдеріміз егер бұл саланы цифрландыруды арттырса, онда біздің компаниялардың қатысу мүмкіндігі де артады", – деді уәде етті вице-министр Қайрат Төребаев.

Алым бөлістегі әділетсіздік жойылғаны жөн

Тағы бір алаңдатарлық жағдай сол, ресейлік және басқа одақтас елдердің алпауыт компаниялары осы арқылы тек мемлекеттік емес, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың сатып алуларына қол жеткізеді. Өйткені олар да электронды форматта өтеді.

Квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мемсатып алулардан бірнеше есе көп. "Самұрық-Қазынаның" мәліметінше, қордың жалпы сатып алуларының көлемі 2023 жылы 3,7 триллион теңгені құрады. Соның ішінде отандық тауар өндірушілерден алу үлесі 1,6 трлн теңге немесе 79% болды. Мына хаттама күшіне енгеннен кейін бұл үлестен қанша қалатынын уақыт көрсетеді.

Қ.Төребаевтың айтуынша, Еуразодақ аясында қолданылатын тәсілдерге сәйкес, Қазақстандағы квазимемлекеттік сектордың сатып алулары да "мемлекеттік сатып алуларға" жатады.

Осыдан он жылдай бұрын, 2014 жылғы 29 мамырда, елордада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Армения мен Қырғызстан оған келесі жылы ғана қосылды.

Германияның жетекші басылымы Deutsche Welle (DW) одақтың онжылдығына жеке мақала арнады.

"ЕАЭО бүгінде Ресейге санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік береді, бірақ ұйымның ішінде келіспеушіліктер барған сайын күшеюде. Мысалы, қатысушы елдер одақтан түсетін түсімнің әділетсіз бөлінетініне наразы. Одақ хаттамасына сәйкес, бүгінде шекараларда жиналатын кедендік баж алымынан түскен бүкіл түсім келесідей бөлінеді: Ресейге – барлық қаржының 85,065%-ы, аумағы үлкен Қазақстанға – небәрі 6,955%-ы, шағын Беларуське – 4,860%-ы, Қырғыз Республикасына – бар-жоғы 1,900%-ы, Арменияға – 1,220%-ы. Содан пайданың басым бөлігін РФ-тың жалғыз иеленетініне олардың көңілі толмайды", – деп жазады DW.

Германиялық басылым Украинаға қарсы соғыс басталғалы ЕАЭО идеясының өзіне қауіп төнгеніне назар аудартады. Кезінде өзара тиімді экономикалық бірлестік саналған бұл ұйым енді мүше елдерге қайталама санкция қаупін төндіретін факторға айналып шыға келді.

"Сонымен қатар санкциялар ЕАЭО ішіндегі интеграцияға серпін берді. Қатысушы елдер арасындағы сауда көлемі өсті. Алайда мұнда да басты қаржылық пайдагер-бенефициар – Ресей мен Беларусь болып отыр. Басқа елдерге Батыстың қайталама санкцияларына тап болу қаупі төнді. Оның үстіне табысты тең бөліспеуге қатысты пікірталас күшейе бастады. Қағаз жүзінде одақтың төрағалығы жыл сайын қатысушы елдердің біріне көшкенімен (биылғы төраға – Армения), шын мәнінде одақта Ресей үстемдік етіп, сөзі мен мүддесін өткізіп отыр. Тиісінше, одақтан негізгі пайданы да сол көруде", – деп хабарлады Deutsche Welle.

Ресейлік журналист Алексей Стрельников одақта түсімнің қалай бөліске салынатынын түсіндірді.

"Мысалы, егер қандай да бір импорттық тауар осы одаққа кірмейтін кез келген үшінші елден ЕАЭО территориясына әкелінсе, онда Еуразиялық одақ елдерінің мүшесі кедендік баждан алынған алымды өз бюджетіне аудара алмайды. Оны толығымен ортақ қазанға салуға міндетті. Содан кейін бұл сома одақ елдері арасында бекітілген үлеске сай бөліске салынады. Мұнда ең үлкен үлес – 85,065%-ы Ресейге тиесілі. Бұл өзге елдерге ұнамайды. Әкелу баж алымдарын бөлісу нормативтерінде, пайданы бөлісуде теңдік пен әділдіктің жоқтығын Қазақстан, Армения мен Қырғызстан мәселе етіп көтерді. Бұл туралы бізге ЕЭК алқасының мүшесі, Қазақстанның бұрынғы Премьері Бақытжан Сағынтаев айтты", – деді Алексей Стрельников.

Б.Сағынтаев "республикалар ағымдағы жағдайға байланысты нормативтерді қайта есептеуді автоматты түрде жасауға мүмкіндік беретін жаңа әдістемені әзірлеуді" ұсынғанын мәлім етті. Өйткені ағымдағы жағдай сол, алапат санкциялар салдарынан Ресей әлемнен оқшаулануда. Беларусь те санкциялар астында. Одақтың әлеммен сауда-саттығының легі, соның ішінде Ресейге арналған "параллельді импорт" Қазақстан, Қырғызстан мен Арменияға ауысып жатыр.

Бірақ, Сағынтаевтың мәліметінше, баж алымдарын бөлісу үлестерін қайта қарауға Ресей және Беларусь қарсы.

Рубль – одақтың ортақ валютасына айналуда

ММУ экономикалық факультетінің экономикалық саясат зерттеулері орталығының директоры, макроэкономика маманы Олег Буклемишев өткен он жылда Еуразиялық одақтың ортақ валютасы іс жүзінде қалыптасқанын, бұл рөлге – РФ рублі ие болғанын жеткізді.

"Халықаралық санкциялардың, Украинадағы қарулы қақтығыстың әсерімен, ЕАЭО ішіндегі қаржылық ағындардың конфигурациясы өзгеріп жатыр. Қазіргі кезде Мәскеу лобби жасап отырған басты мақсаттың бірі – одақ елдерінің өзара банкаралық есепайырысуларында доллардың үлесін жоққа теңестіру. Кремль Еуразиялық одақтың негізгі валютасы ретінде ресейлік рубль танылғанын діттеп отыр. Оған қол жеткізуге шақ қалды: бүгінде ЕАЭО елдері арасындағы есепайырысулардың 80%-ы – РФ рубліне тиесілі", – деді Олег Буклемишев.

Әйтсе де, ғалымның пайымдауынша, одақтастар долларға тәуелділіктен құтыла алмады. Одақ ішіндегі сауда мәмілелеріне қатысушылардың көбі бәрібір валюталардың қосарлама конвертациясын жүзеге асыруға мәжбүр. Себебі, көптеген тауар, қызмет пен жұмыстың бағалары АҚШ валютасына байланған.

Сондықтан ұлтүстілік орган – ЕЭК өз есептерінде қатысушы елдердің өзара саудасын, экспортын рубльмен емес, доллармен көрсетіп келеді.

"ЕАЭО құрамындағы елдердің бірде бірінің ұлттық валютасы шетелдегі есепайырысуда сұранысқа ие емес. Салдарынан, олардың қолданысы өз аумағымен шектелген. Егер ұлттық валюталармен өзара алмасса, бұл өте қымбатқа түседі. Сондай-ақ одақтас елдің ұлттық валютасымен түскен түсімді сақтау орынсыз, алыс шетелге инвестициялай алмайсың, құнсызданады. Содан ерте ме, кеш пе, олар бүкіл әлемде қабылданатын берік валюталарды сатып алады", – деді экономист ғалым.

Ол Батыстың қайталама санкциялар салу қаупі интеграцияға біршама тежеу болып отырғанын қаперге салды: Мәскеу серіктестерінен санкцияларды айналып өтетін "жаңа ойын ережелерін" сөзсіз мойындап, бағынуды талап етіп отыр. Бұған Қазақстан және басқасы дайын емес. Өйткені Қазақстанның басты сауда серіктестері – Еуропалық Одақ, Қытай, Түркия. Елге инвестициялардың басым бөлігі Батыстан, дамыған елдерден келеді.

Нәтижесінде, мәселен, Қазақстан, Қырғызстан және Арменияның ірі банктерінің көбі қайталама санкцияларға ұрынбау үшін санкцияға іліккен ресейлік "Мир" төлем жүйесінде жұмыс істеуден бас тартты.

Дегенмен, Қазақстан одақтың әлеуетін әрі қарай пайдалануға ниетті. Мемлекет басшысының пікірінше, мысалы, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығаяды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында орнықты даму үшін бірлестік неғұрлым икемді және тиімді болуға тиіс деп санайды.

Қазақстанның ұстанымынша, бұл үшін кезінде одақты құрғанда қойылған міндеттер шешілуі керек. Ең алдымен, "ЕАЭО-ның іргелі қағидаты, яғни тауарлар қозғалысының еркіндігі іске асуы" шарт. Шын мәнінде біртұтас, әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құрылуы қажет. Жасырын шектеулерді, "нақты жағдайға байланысты шешімдерді" және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды. Пәрменді шаралар қабылданбаса, келесі кезең Қазақстан Президенті айтқандай, "мүмкіндікті мүлт жіберген онжылдық" ретінде тарихқа енуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу