Еуразияның жүрегінде орналасқан қала

3930

Астана әлемге "Назарбаев моделі" деген атпен танылды.  

Еуразияның жүрегінде орналасқан қала

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елордада Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға арналған жиын өтіп жатыр.  

Бас шаһардың инфрақұрылымын жаңғырту, құрылыс нысандарының мәселелерін шешу сынды өзекті мәселелер талқыланатын жиында астананы алға ілгерілетудің тиімді тәсілдері талқыланады. Сонымен қатар болашаққа жоспар құрылады. 

"Біздің бас қаламыз еліміздің аса маңызды жобасы саналады. Бүкіл әлемде  "Назарбаев моделі" немесе "Қазақстандық жол" деп мойындалған стратегия осы шаһардан басталды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген қала ерекше қарқынмен дамып келеді.

"Біздің астана Еуразияның жүрегінде орналасқан. Дүниежүзіне астананы ірі саяси-экономикалық, мәдени және білім орталығы деп біледі. Біздің басты міндетіміз – қаланы ары қарай дамыту және жаңа белеске жеткізу", – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, 21 жылда астананың ішкі өңірлік өнімі шамамен 5,5 есе өскен. Бұған құрылысты, бизнесті дамыту және инвестиция тарту арқылы қол жеткізілген. 

"Қала экономикасына 9 трлн теңгеден астам инвестиция құйылып, 2018 жылы бюджетке 1,1 трлн теңге түсті. Шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берді. Астанамыз өмір сүруге қолайлы болу үшін жан-жақты абаттандарылды. Тұрғын үй және жол құрылысы, әлеуметтік сала инфрақұрылымы айтарлықтай дамыды. Нұр-Сұлтан қаласы мәдени әрі зияткерлік орталыққа айналды. Біз осы даму қарқынын бәсеңдетпеуіміз және де ары қарай күшейтуіміз керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы елорда маңызды халықаралық шаралар мен кездесулердің орталығына айналғанына да тоқталды. 

"Бұл – үлкен жетістік. ЕҚЫҰ саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, халықаралық ЭКСПО көрмесі, жыл сайынғы Астана экономикалық форумы және жуырда өткен жаһандық инновациялық саммит сөзіміздің айқын дәлелі. Нұр-Сұлтан қаласын халықаралық орталық ретінде ары қарай дамыта береміз. Көп жұмыс атқарылды, бірақ мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Біз үшін маңызды мақсат - елордамыздың дамуын барлық бағыт бойынша жаңа сапалы деңгейге көтеру", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге салайық, былтыр дәл осындай жиын сәуір айында ұйымдастырылды. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

Жаңа астана құру туралы идея Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім 1994 жылы 6 шілдеде қабылданды. 1997 жылдың 10 желтоқсанында астана ресми түрде ауысты. 1998 жылдың 6 мамырында Тұңғыш Президенттің жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланған кезде Астана қаласының аты Тұңғыш Президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан деп ауыстырылды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу