Еуропа чемпионатының F тобына түскен Түркия мен Португалия құрамалары алғашқы матчтарында жеңіске жетті. Түркия құрамасы Грузияға қарсы ойнап, 3:1 есебімен ұтты. Ойынның 25-минутында Мерт Мюлдюр осы Еуродағы ең үздік голдардың бірі соғып, Түркия құрамасын алға шығарды. Дегенмен Грузия да толассыз шабуыл ұйымдастырып, ақыры 32-минутта Жорж Микаутадзе есепті теңестірді. Алайда түріктер екінші таймда тағы да екі гол соғып, үш ұпайды қоржынына салды.
Әлемнің ең үздік футболшысы Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы тамаша “камбэк” жасады. "Ред Булл Арена" стадионында өткен матчтың алғашқы таймы толыққанды португалдықтардың басымдылығы өткенімен есеп ашылған жоқ. Чехия құрамасы екінші таймда тамаша қарсы шабуыл ұйымдастырып, 62-минутта Лукаш Провод командасын алға шығарды. Дегенмен чехтердің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 69-минутта Робин Гранач өз қақпасына гол соғып алса, ойынға қосылған қосымша уақытта Франсишку Консейсан гол соғып, Португалия құрамасы жеңісті жұлып алды. Осылайша F тобында Түркия мен Португалия құрамасы көш бастады.
Айта кетейік, барлық топтағы құрамалар Еуропа чемпионатындағы алғашқы матчтарын өткізді. Енді топтағы екінші ойындарын өткізеді.