Еурокубок 2019: Қазақ командалары топтық кезеңге өте ала ма?

3499

Швейцарияның Ньеон қаласында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімі болып өтті.

Еурокубок 2019: Қазақ командалары топтық кезеңге өте ала ма?

Қазақстан намысын биыл "Астана", Алматының "Қайраты", Қостанайдың "Тобылы", Шымкенттің "Ордабасы" командалары қорғайды. Елордалық команда әдет бойынша Чемпиондар лигасында ойнаса, қалған үш клубымыз Еуропа лигасында бақ сынайды.

"Астананың" чемпиондар лигасындағы алғашқы қарсыласы Румыния чемпионы – "ЧФР" командасы. Клуж қаласының ұжымы клубтар арасындағы рейтингте 110-орында тұр. Румыниялық клубтың сапында қазақ жанкүйерлеріне таныс футболшы Чиприян Дияк ойнайды. Бірнеше жыл бұрын ол "Тобыл" мен "Ақтөбе" сапында доп тепкен еді. Ал бұл клубтың ең басты мықты жері – бапкері. Атақты футболшы болған Дан Петрескудың бапкерлік қызметі де өте жоғары бағаланады. Петреску Ресей біріншілігінде өте жемісті қызмет етті. Бұл командалар арасындағы бірінші матч Нұр-Сұлтан қаласында, 9 шілде күні өтеді. Ал жауапты ойын Румынияда 16 шілдеде өтпек.

"Қайрат" Еуропа лигасының бірінші айналымында Боснияның "Широки Бриег" командасымен кездеседі. Алексей Шпилевский баптайтын алматылық команда 11 шілде күні алғашқы ойынды Боснияда өткізеді. Бұл команда осыған дейін Қазақстанға екі мәрте келген еді. 2013 жылы олар Павлодардың "Ертісін" жарыстан шығарып жіберді. Ал 2017 жылы Шымкенттің "Ордабасы" командасы дәл осы босниялық ұжымнан жеңіліп қалды.

Қостанайдың "Тобылы" бірінші айналымда Люксембург командасы "Женесспен" кездеседі. Эш-Сюр-Альзетт қаласының командасы қазақстандық командамен бірінші рет ойнағалы тұр. Владимир Газзаевтың командасы тұрақты түрде мықты ойнамаса да, дәл осы команданы жеңе алатын қауқары бар. Сондықтан да теке тірес фавориті болып,  қазақстандық команда саналып тұрғаны бекер емес.

"Ордабасы" командасына жеребеде Грузияның "Торпедо" командасы қарсылас атанды. Шымкенттік командағы қонақтағы ойын қиынға соғуы мүмкін. Себебі "Рамаз Шенгелия" атындағы стадионға орташа есеппен 15 мыңға жуық жанкүйер жиналады. Кутаиси қаласының командасы осы кезге дейін Қазақстандық командамен кездескен де болатын. Грузиялықтар "Ақтөбемен" кездесіп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған. Айта кететіні "Ордабасы" командасының бас бапкері грузиялық маман Қахабер Цхададзе, ол қарсылас команданың қандай ойын көрсететінін тамаша білетіні анық.
 
Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу