Еурокубок финалдары кейінге шегерілді

2190

23-наурыз күні Еурокубок ойындары финалының кейінге шегерілгені жайлы Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы ресми хабарлады.

Еурокубок финалдары кейінге шегерілді

"COVID-19 вирусының Еуропаға дейін таралуына байланысты бүгін УЕФА 2020-жылдың мамыр айына жоспарланған барлық ойындарды, яғни, әйелдер арасында өтетін чемпиондар Лигасының финалы, ерлер арасында өтетін чемпиондар Лигасының финалы мен ерлер арасында өтетін Еуропа Лигасының финалын кейінге шегеру жайлы шешім қабылдады", - деген ақпарат УЕФА-ның ресми сайтында жарияланды.

Бірақ, кездесулердің нақты қай уақытта өтетіні белгісіз. Өткен аптада УЕФА президенті Александер Чефериннің басшылығымен ұялы телефон арқылы ұйымдастырылған бейнеконференцияда еуропалық футбол клубтарының өкілдерінен құрылған жұмысшы топ қазіргі таңдағы мәселені сарапқа салып, күнтізбені қайта қарастыратын болды. "Еурокубоктардың финалы қашан өтетіні жайлы ақпаратты сәл кейінірек хабарлаймыз", - деді Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы.

Жоғарыда аталған турнирлердің финалы мамыр айында өтуі керек болатын. Әйелдер арасындағы чемпиондар Лигасының финалы Венада 24-мамыр күні өтіп, жаңа чемпиондар анықталуы тиіс еді. Ерлер арасында Еуропа Лигасы Польшада 27-мамыр, ал ЧЛ шешуші кездесуі Стамбулда 30-мамыр өтеді деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы маусымда чемпиондар Лигасы плей-оффтың алғашқы айналымынан-ақ тоқтап қалған болатын. ¼ финалға франциялық ПСЖ, италиялық "Аталанта", Мадридтің "Атлетикосы" және Германияның "Лейпциг" командалары шыққан. Сонымен қатар "Реал" (Мадрид) - "Манчестер Ситиге", "Челси" - "Баварияға", "Лион" - "Ювентусқа" және "Наполи" - "Барселонаға" қарсы кездесу өткізулері керек еді. Бұл жұптар арасындағы ойындар 17-18 наурызға жоспарланғандарымен, коронавирусқа байланысты өткізілген жоқ. Сондай-ақ 19-наурыз күні УЕФА Еуропа Лигасының 1/8 финалының ойындары, 17-18-наурыз күндері УЕФА жасөспірімдер Лигасының ¼ финалы өтуі тиіс жауапты кездесулер кейінге қалды.

УЕФА-ның ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенер болсақ, аталған турнирлермен қатар Еуро-2020 додасы да 11-маусымнан 2021-жылдың 11-шілдесіне ауыстырылды. Енді жазда қазақстандық клубтар қатысуы тиіс еурокубоктың іріктеу ойындары мен күзге жоспарланған Қазақстан құрамасы да бақ сынайтын Ұлттар лигасының қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу