Еурокубокке кім лайық?

1840

Қазақ футболының қайта басталуын күтіп жүргенде талай мәселенің беті ашылды. Жалпы ел футболының қандай халде екенін осы карантин жақсы көрсетті-ау. Үлкен футболдан бөлек еліміздегі кіші футболда да қызықты мәселелер бар.

Еурокубокке кім лайық?

ҚПЛге қарағанда кіші футболдың жүйесі өзгеше. Олар күз-көктем жүйесімен ойнайтындықтан, биылғы жарыстың 70 пайызын өткізіп үлгерді. 12 наурыз күні футзал чемпионаты тоқтаған кезде біріншілік бітуге небәрі 8 ғана тур қалып еді. Өзі жалпы 28 тур ойналуы тиіс.

Футзал аты айтып тұрғандай жабық спорт залда өтетіндіктен біріншіліктің қайта жалғасуы қиын болып тұр. Себебі, вирус жабық залда тез тарауы мүмкін. Сондықтан да, біріншілікті өткен 20 турдың қорытындысы бойынша тоқтату туралы да нұсқалар айтылды. Көптеген алпауыт біріншіліктер жағдайды ескеріп, сол тұрған турнирлік кестемен жарысты аяқтап жіберді.

Бірақ, еліміздегі футбол чемпионатының аяқталмай тұрғаны еурокубок мәселесіне келгенде дау туғызып отыр. Басты мәселе осында! Чемпиондар лигасына Қазақстан атынан екі команда қатысатын білесіздер. Тұрақты чемпион "Қайраттың" жөні бөлек. Ол біріншіліктің турнирлік кестесінде бәрінен жоғары тұр. Чемпионат қайта жалғасса да, жалғаспаса да сол бірінші орынды ешкімге бермесі анық. Ал екінші жолдама турнирлік кестеде екінші орында тұрған клубқа тиесілі. Ал турнирлік кестеде екінші орында қазір "Ақтөбе" тұр. Бірақ, біріншілік бітпегендіктен "Аят" футбол клубы шағым түсіріп, безек қағуда. Әлі шешілмеген мәселенің алдына шығып, өрістен бұрын шаң шығарып жатыр. Олар биылғы еурокубокке қатысатын командаларды өткен жылғы чемпионаттың қорытындысы бойынша есептеңіздер деп ұсыныс айтып отыр. Тіпті алып-қашпа әңгімелерге сенер болсақ федерация тарапы да "Аяттың" бұл бастамасын қолдап жібермекші көрінеді. Бірақ, осы тұста заңды сауал туындайды. Неге қалыптасқан тәртіп биыл өзгеріп, еурокубокке қатысатын команда өткен жылғы чемпионаттың турнирлік кестесімен есептелуі керек? Биыл ойналған 20 тур қайда қалады? Биылғы маусымға қойылған мақсаттар мен мүдделер, жаратылған қаржылар мен қаншама төгілген тер қайда қалады? 2019-2020 футзал маусымына "Атырау", "Каспий", "Бәйтерек" секілді мықты командалар келіп қосылды. Ал өткен жылы олардың орнында "Інжу", "Прогресс", "ОСДЮШОР №8" деген командалар болды. Сондықтан да, қаншама жағдай өзгерді, олардың барлығын есептен шығар салу оңай болмас.

Осы жақында ғана Франция біріншілігі аяқталды. Турнирлік кесте сол күйі қала берді. Біріншілік аяқталуға әлі 10 тур бар еді. Бірақ, барлығы бірауыздан келісіп, қалыптасқан жағдайды түсініп, осы жылғы турнирлік кестені тарих қойнауына жіберді. Соның арқасында "РЕНН" командасы биыл Чемпиондар лигасында ойнайды. Сол секілді футзалдың да тәртібі осылай болуы шарт. Қазіргі турнирлік кесте бойынша "Ақтөбе" Чемпиондар лигасында ойнауы тиіс. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу