Брюссель Киевті сыртқы көмектен босату үшін сәуір айының басында алғашқы төлемді жасамақшы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еуроодақ Кеңесіне төрағалық ететін Кипр жаңа нұсқасын ұсынғаннан соң елшілер құқықтық мәтіндер бойынша келісімге келді.
– Бүгінгі келісім ЕО-ның Украина мен оның халқына қолдау көрсету үшін батыл әрекет етуді жалғастыратынын байқатады. Бұл жаңа қаржыландыру көзі елдің Ресей агрессиясына қарсы тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сонымен бірге, біз мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы халықаралық құқыққа сәйкес толық сақталуы тиіс деген сигнал береміз, – деді Кипр қаржы министрі Макис Керавнос.
Брюссель саммитінде саяси келісілген 90 миллиард еуро несие жалпы қарыз міндеттемелерін шығару арқылы қаржыландырылады, ал ЕО бюджеті инвесторлар үшін кепілдік болады.
Мәміле бойынша Венгрия, Словакия және Чехия барлық қаржылық міндеттемеден, соның арасында жылдық пайыздық төлемдерден толығымен босатылмақ. Еуропалық комиссия қалған 24 мүше мемлекет шығындарды жабу үшін жыл сайын 2 миллиард еуродан 3 миллиард еуроға дейін төлеуі керек екенін ескертеді.
90 миллиард еуро сомасы екі негізгі құрамдас бөлікке бөлінеді: 30 миллиард еуро бюджеттік көмек болса, 60 миллиард еуросы – әскери көмек. Соғыс аяқталғанда, теңгерім қайта қаралуы ықтимал.
90 миллиард еуро уақыт өте келе және қатаң шарттар орындалған кезде біртіндеп бөлінеді. Мысалы, Украинадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі кез келген регрессия көмекті доғарады.
Ресей соғысты тоқтатып, Киевке келтірілген шығынды өтеуге келіссе ғана Украинадан 90 миллиард еуро талап етіледі. Десе де, Мәскеу өтемақы төлеуден басыбайлы бас тартқанын ойласақ, Брюссель қарызды біржолата төлейді деп жоспарлануда. Сәрсенбіде қол қойылған құқықтық құжаттар әлі де процесті тездетуге уәде берген Еуропарламенттің мақұлдауын ғана күтіп отыр. Мақсат – Киев ұсынған мерзімде алғашқы төлемді жасау.