Еуроодақ Ресейдің бұғатталған активтерінен 1,4 млрд еуроны Украинаға береді

289

Еуроодақ Украинаға қаражат бөлу туралы жаңа шешім қабылданғанын жариялады. 

Еуроодақ Ресейдің бұғатталған активтерінен 1,4 млрд еуроны Украинаға береді Фото: aa.tr

Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен Украинаның аумағына жасаған соққыларды айыптап, Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен табыс есебінен Украинаға 1,4 млрд еуро бөлінетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап. 

Фон дер Ляйеннің тиісті мәлімдемесі Ресейдің зымырандар мен дрондар арқылы жасаған шабуылынан кейін жасалды. Жойқын соққы салдарынан Киев пен облыста 17 адам қаза тапты.

Соңғы апталарда Мәскеу Украинаның азаматтық инфрақұрылымына жасалатын шабуылдарды күшейткен.

"Ресей келтірген залал үшін жауап беруі тиіс", – деп жазды Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ол Ресейдің бұғатталған қаражатынан 1,4 млрд еуро Украинаны қолдауға бағытталатынын жеткізді. Еуроодақ Ресейдің Орталық банкінің активтерін 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұғаттаған болатын. Активтердің өзі бұғатталған күйінде қалады, ал олардан түсетін кіріс Украинаны қолдауға жұмсалады.

Еурокомиссияның дерегіне сәйкес, бұғатталған ресейлік активтерден жалпы көлемі 8 млрд еуро көлемінде қосымша табыс түскен. Ал уәде етілген 1,4 млрд еуроға келсек, бұл қаражат Киевке тікелей қаржылай көмек ретінде берілмейді. Бұғатталған активтерден түскен табыстың 95%-ы Украинаны несиелеу жөніндегі ынтымақтастық тетігіне, ал қалған 5%-ы Еуропалық бейбітшілік қорына бағытталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу