Еуропа, Азия, Африка: орта тапқа жату үшін қанша табыс табу керек

3023

Қағаз жүзінде – ауқатты, қалтасында – қара бақыр. Орта таптың қатарында болу адамның қаржылық тұрақтылығына кепілдік бермейді.

Еуропа, Азия, Африка: орта тапқа жату үшін қанша табыс табу керек Фото: ЖИ

Орта тапқа жататыныңызды енді беделді университеттің дипломы да, қымбат көлік те, жыл сайын теңіз жағасында демалу да айқындай алмайды. Бәрі ай соңында коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен кредитті өтеген соң қалтаңызда қанша қаражат қалатынына байланысты.

Дегенмен барлық мемлекеттегі халықтардың шынайы тұрмыс деңгейін ортақ бағалау қиын. Бір елде әжептәуір табыс саналатын жалақы басқа мемлекетте кедейліктің құрсауынан шығуға да жетпеуі мүмкін. Өйткені бәрін күнделікті тіршіліктің құны, баспана бағасы мен азық-түлікке кететін шығын да адамның қалтасын қағады, деп жазды inbusiness.kz.

ЕУРОПА

Кипр: айына 1 379 еуро сізді орта тапқа қосады

Кипр Статистика қызметінің (Cystat) осы аптада жариялаған мәліметіне сүйенсек, елде орта тапқа ену үшін бойдақ ер адам немесе жалғызілікті әйел жылына кемінде 16 551 еуро таза табыс табуы керек. Бұл айына 1 379 еуродан келеді.

Ал, 14 жасқа толмаған екі баласы бар отбасы үшін орта таптың ең төменгі табыс шегі жылына 34 757 еуро немесе айына бүкіл отбасыға 2 896 еуро болып белгіленген.

Бірақ бұл әл-ауқат отбасы бюджетін тапшылықтан қорғай алмайды. Арал тұрғындарының 64,2%-ы, яғни, 627 785 адам орта тапқа жатқызылған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 64,6% болған.

Табысы төмен тұрғындардың үлесі 27,8%-дан 28,3%-ға дейін өскен. Оның саны – 276 585 адам. Ауқаттылардың үлесі 7,5%-ды құрайды.

Ең алаңдатарлығы – халықтың 21,7%-ы, яғни, 211 870 адам орта таптың ең төменгі сатысында тұр: оның 15,9%-ы баспана жалдау ақысын немесе ипотекасын уақытында төлей алмай, қарызын кешіктірген.

Орта таптың ортаңғы бөлігіндегі тұрғындар арасында мұндай мәселе 5,2%-ына тән болса, табысы жоғары топта бұл көрсеткіш небәрі 1%. Демек, орта таптың қатарында болу адамның қаржылық жағдайы тұрақты дегенді білдірмейді. Оның төменгі сатысындағылар үшін кез келген күтпеген шығын немесе жалақысының кешіктірілуі үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

Еуроодақ: ауқатты солтүстік пен кедей шығыс

Еуростаттың есептеуінше, Еуропалық Одақ елдеріндегі таза табыстың орташа межесі жылына 22 638 "сатып алу қабілеті бірлігін" (PPS) құрайды. Бұл көрсеткіш әр мемлекеттегі баға айырмашылығын ескере отырып есептеледі. Яғни, бірдей ақшаға әр елде қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынын көрсетеді.

Тізімнің көш басында бай Люксембург тұр. Мұндағы көрсеткіш – 37 673 еуро. Одан кейін Австрия (32 385 еуро) мен Нидерланд (29 714 еуро) орналасқан. Рейтингтің төменгі жағын Венгрия (11 958), Румыния (12 861) және Грекия (13 612) місе тұтты.

Бір ғана Люксембург пен Венгрияның арасындағы алшақтық 3 еседен асады. Бұл Еуропаның өзінде табыс деңгейі мен сатып алу мүмкіндігі елден елге қатты өзгеретінін аңғартады. Сондықтан екі мемлекетте бірдей жалақы алатындардың тұрмысы мүлде бөлек болуы мүмкін.

АЗИЯ

Қытай: орта таптың межесі – айына 3 мың юань

Қытай Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі жан басына шаққандағы орташа таза табыс жылына 43 377 юаньға (6 512 АҚШ долларына) немесе айына шамамен 3 615 юаньға (543 доллар) жеткен.

Шығыс көршіде де қаладағылар бай болып келеді. Шаһар тұрғындарының жылдық таза табысы орта есеппен 56 502 юань болса, ауыл тұрғындарының табысы 24 456 юаньды құрайды. Тиісінше, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық – 2,31 есе.

Ханзу елі халықты тұрмыс деңгейіне қарай бес топқа бөледі. Бір адамға шаққандағы жылдық табыс:

  • Ең кедей топта – 10 150 юань;
  • Орташадан төмен топта – 22 702 юань;
  • Ортаңғы топта – 35 536 юань;
  • Орташадан жоғары топта – 55 586 юань;
  • Ең ауқатты топта – 103 778 юань.

Осы есеп бойынша ортаңғы топтағы адамның айлық табысы шамамен 2 961 юань болады. Алайда мұндай табысы бар отбасының бәрін орта тапқа жатқызуға болмайды. Себебі, Бейжіңдегі өмір сүру құны мен шалғайдағы ауылдың шығыны екі түрлі. Қымбат мегаполисте 3 мың юаньның өзі күнкөріске жетпеуі мүмкін.

Үндістан: орта тап болу бүкіл отбасының кірісіне байланысты

Үндістанда орта тапты анықтайтын бірыңғай мемлекеттік өлшем жоқ. Әйтсе де, 2026 жылы Ұлттық қор биржасының (NSE) акцияларын орналастыруға қатысты әзірленген құжаттарда RedSeer зерттеу компаниясының жіктеуі пайдаланылған.

Оған сәйкес, Үндістанда орта тапқа жату үшін отбасының жылдық табысы кемінде 300 000 рупий ($3 226) болуы керек. Ал, жоғарғы шегі – 1 миллион рупий ($10 754). Орта таптың өзі екі топқа бөлінеді. Төменгі бөліктегі отбасылардың жылдық табысы 300 000–800 000 рупий аралығында болса, жоғарғы бөлігінде 800 000–1 млн рупийді құрайды.

Осы өлшем бойынша 2026 қаржы жылында Үндістанда орта тапқа жататын шамамен 184 миллион отбасы тіркелген. Оның 110 миллионы төменгі, 74 миллионы жоғарғы орта тапқа кіреді. Ал, 2031 жылға қарай ауқатты отбасылар санының 217 миллионға дейін өсуі жоспарланған.

Индонезия: орта таптың шығысы – 10 миллион рупий

Индонезияда халықтың тұрмыс деңгейі жалақысына емес, ай сайын қанша ақша жұмсайтынына қарай анықталады. Жергілікті статистика мекемесінің өлшеміне сәйкес, бір адам айына 2 040 262–9 909 844 рупий ($111–$540) аралығында шығындай алса, ол орта тапқа жатады.

Осы межеден төменде орта тапқа қосылуға үміткерлер тобы (aspiring middle class) орналасқан. Олардың айлық шығыны 874 398–2 040 262 рупий аралығында (111 доллардан төмен). Бұл топтағылар тұрмысын біртіндеп түзеп келе жатыр. Алайда кез келген қымбатшылық олардың ахуалын нашарлатып, кедей санатына кері лақтыруы мүмкін.

2024 жылы Индонезияда толыққанды орта тапқа жататындар саны 47,85 млн адамға жеткен. Бұл – ел халқының 17,13%-ы. Тағы 49,22%-ы немесе 137,5 миллион адам орта таптың табалдырығында тұр.

Алайда 2025 жылы орта тап өкілдерінің қатары шамамен 46,7 миллион адамға дейін қысқарған. Халық ішіндегі үлесі де 16,6%-ға түсті. Бұған азық-түлік, баспана, білім беру мен медициналық қызметтердің қымбаттауы себеп болды. Күнделікті шығын көбейген сайын көптеген отбасы орта таптың қатарынан кері сырғуға мәжбүр.

Пәкістан: отбасының орташа табысы әл-ауқаттың белгісі емес

Пәкістан Статистика бюросы (Pakistan Bureau of Statistics) 32 814 үй шаруашылығын қамтыған зерттеу нәтижелерін жариялады. Зерттеуге сәйкес, бір отбасының орташа айлық табысы 82 179 рупий ($297) болған. Қала тұрғындарының табысы – 96 767, ауылда – 72 157 рупий.

Бірақ орташа көрсеткіш елдегі әлеуметтік теңсіздіктің ауқымын толық ашып көрсете алмайды. Мәселен, табысы ең төмен отбасылардың бестен бір бөлігі айына орта есеппен 41 851 рупиймен күн көрсе, ең ауқатты 20% отбасының айлық табысы 139 317 рупийге жетеді.

Отбасы бюджетінің қалай жұмсалатынына назар аударсақ, жағдай одан да күрделі көрінеді. Барлық шығынның 36,72%-ы азық-түлікке, тағы 25,72%-ы баспанаға, коммуналдық қызметтер мен бензинге кетеді. Осы екі шығыстың өзі отбасы табысының 62,44%-ын құртады.

Сондықтан айына 80 мың рупий табатын отбасының өзі болашаққа жинақ жинап, қор қалыптастыруға, баласын жақсы мектепке беруге немесе сапалы медициналық қызмет алуға әрдайым қауқарлы емес.

АФРИКА

Оңтүстік Африка Республикасы Африка құрлығында орта тап ұғымының қаншалықты күрделі әрі құбылмалы екенін паш етті. Ел Үкіметінің мәліметінше, 2012–2024 жылдар аралығында айлық табысы 22 000 рандтан асатын қара нәсілді тұрғындардың саны төрт еседен астам өсіп, 7 миллион адамға жеткен.

Жалпы алғанда, ақ нәсілділерін де қосқанда, елдегі орта және жоғары табысты тұрғындардың саны бұрынғы 4 миллионнан 11 миллионнан астам адамға дейін артқан.

Дегенмен, ОАР-да орта таптың нақты табыс шегіне қатысты сарапшылардың пікірлері әрқалай. Әр зерттеу ұйымы бұл межені әртүрлі белгілейді. Мәселен, Discovery Bank орта таптың айлық табысын 8 300–29 200 ранд ($471–$1 658) аралығында деп бағалайды. Eighty20 агенттігі 8 000–30 000 ранд деп есептейді.

Экономикалық зерттеулер бюросы (Bureau for Economic Research) орта таптың төменгі шегін 5 000 рандқа дейін түсіріп, жалпы ауқымын 5 000–20 000 ранд ($284–$1 136) деп көрсетеді. Бір елдің өзінде орта таптың табыс шегі осылайша әртүрлі құбылады.

Кенияда отбасының тұрмыс деңгейі ай сайынғы шығынына қарап бағаланады. Орта таптың төменгі шегі бір үй отбасына шаққанда айына 46 356 шиллиннен басталып, жоғарғы шегі 184 394 шиллинге дейін ($356–$1 416) жетеді.

Кения Орталық банкінің есебінше, бұл межеден төмен өмір сүретін отбасылар үлесі – 70,89%. Ал, одан жоғары деңгейге көтеріле алғандар небәрі 3,54%-ды құрайды. 2025–2026 жылдарға арналған отбасы бюджетіне қатысты ауқымды зерттеу елдің барлық 47 округін қамтыды.

Әсіресе, Кенияның астанасы әрі ең ірі қаласы Найроби тұрғындарына қиын соғуда. Азық-түлік, жалдамалы баспана, жол жүру шығындары мен жалақыдан ұсталатын міндетті төлемдер отбасының қолында қалатын ақшаны азайтады.

Нигерияда жүргізілген ұлттық отбасылық сауалнама орта таптың жағдайын тек жалақыға қарап бағалаудың қаншалықты жаңсақ екенін көрсетті. Зерттеу кезінде бір шаңырақ астында орта есеппен 6–7 адам тұрып жатқаны әшкереленді. Тұтыну шығындарының ортаңғы көрсеткіші зерттеу кезеңінде бір адамға шаққанда 126 669 найра ($93) болған.

Дегенмен азық-түлік пен басқа да күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын шығын елдің әр өңірінде әртүрлі. Бұл айырмашылық отбасының табысы мен тұрмыс деңгейіне де тікелей байланысты.

Нигериядағы тағы бір күрделі мәселе – баспананың қолжетімсіздігі. Отбасылардың небәрі 7,7%-ы жеке үйге ие. Он отбасының 9-ы баспана жалдап тұрады немесе ресми тіркелмеген ауылдарда өмір сүреді.

Орта тапта болу – бай өмір сүру деген сөз емес

Еуропа, Азия және Африка елдеріндегі көрсеткіштерге көз жүгіртсек, әлемде орта таптың бірыңғай өлшемшарты жоқ екені байқалады. Бір мемлекетте бұл мәртебе айлық жалақыға, екіншісінде отбасының жылдық кірісіне, үшіншісінде ай сайынғы шығынына қарап белгіленеді.

Бірақ барлық елге ортақ бір мәселе бар: адамның табысы артқанымен, оның тұрмысы міндетті түрде жақсара бермейді. Азық-түлік, баспана, білім мен медициналық қызметтің тоқтаусыз қымбаттауы орта таптың өзін қаржылық қиындыққа тіреп жатады.

Сондықтан орта тапқа енудің басты өлшемі тек айлық жалақының өсуі немесе статистикалық мәртебе емес. Ең маңыздысы – барлық міндетті төлемнен кейін отбасының қолында қанша қаржы қалатыны, банкте жинақ жинай алу мүмкіндігі және ертеңгі күнге деген сенімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу