2028 жылғы Еуропа чемпионатының финалы "Уэмблиде" өтетін болды

313

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) 2028 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінің кестесін жариялады. Барлығы 51 матч Ұлыбритания мен Ирландияның 8 қаласындағы 9 стадионда өтеді. 

2028 жылғы Еуропа чемпионатының финалы "Уэмблиде" өтетін болды Фото: canva

УЕФА баспасөз қызметінің мәліметінше, әрбір қала кем дегенде екі түрлі топтың ойындарын қабылдайды. Бұл жанкүйерлерге көбірек ұлттық құрамаларды көруге мүмкіндік береді.

Турнирдің ойындары әйгілі футбол клубтарының ареналарында өтеді: "Манчестер Сити", "Тоттенхэм", "Астон Вилла", "Эвертон" және "Ньюкасл".

Еуро-2028 турнирінің ашылу матчы 9 маусым күні Кардифф қаласындағы Уэльс ұлттық стадионында А тобы командаларының кездесуімен өтеді.

1/8 финал және ширек финал ойындары төрт ұйымдастырушы елдің аумағында өтеді. Атап айтсақ, "Дублин Арена" (Ирландия), "Хэмпден Парк" (Шотландия, Глазго), Уэльс ұлттық стадионы (Кардифф) және "Уэмбли" стадионы (Англия, Лондон).

1/8 финалда жеңіске жеткен құрамалар өздерінің ширек финалдық матчтарын басқа стадионда өткізеді.

Турнирдің соңғы аптасындағы матчтар Лондонда орналасқан "Уэмбли" стадионында өтеді. Жартылай финалдар 4 және 5 шілдеге, ал финалдық ойын 9 шілдеге жоспарланған.

Еуропа чемпионатының форматы 2016 жылдан бері өзгермеген. Топтық кезеңде 24 құрама ойнайды. Әр топтан 2 үздік команда және нәтижесі жоғары 4 үшінші орын иегері 1/8 финалға шығады. Кейін жеңілген команда жарыстан шығады.

Плей-офф кезеңінің кестесі алдын ала анықталады. Сондықтан құрамалар мен жанкүйерлер қай айналымда  кіммен кездесуі мүмкін екенін біле алады.

Көптеген құрамалар топтық кезеңдегі 3 ойынын 3 түрлі стадионда өткізеді. Алайда 6 топтың әрқайсысында бір "топ иесі" болады. Ол өз ойындарын алдын ала белгіленген бір немесе бірнеше стадионда өткізеді.

5 топта "топ иелері" болып 4 ұйымдастырушы елдің құрамалары және Солтүстік Ирландия саналады (егер олар финалдық кезеңге жолдама алса). Ал алтыншы топта немесе аталған құрамалардың бірі іріктеуден өте алмаған жағдайда, "топ иесі" мәртебесі бірінші себеттегі командалар арасындағы жеребемен анықталады.

Қазіргі Еуропа чемпионы – Испания құрамасы. Олар былтыр Германияда өткен финалда Англия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу