"Еуропа, дайын бол!": 17 жастағы футболшы Дастан Сәтпаев "Қайратпен" қоштасты

Алматылық футбол жанкүйерлері талантты ойыншысымен қоштасу рәсімін жасады.   

"Еуропа, дайын бол!": 17 жастағы футболшы Дастан Сәтпаев "Қайратпен" қоштасты Фото: sports.kz

Бұған британдық Daily Mail басылымының журналисі Киран Гилл ризашылығын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында "Қайрат" жанкүйерлерінің 17 жастағы шабуылшыны Лондонның "Челси" клубына аттанар алдында ерекше құрметпен шығарып салғанын жазған. Оның сөзінше, Алматыдағы матч кезінде трибунада "Еуропа, дайын бол – қазақ жауынгері жолға шықты" деген жазуы бар үлкен баннер көтеріліп, жанкүйерлер стадионда "Дастан Сәтпаев" деп ұрандатқан.

Дастан Сәтпаев үшін "Қайрат" сапындағы соңғы матчы Алматының Орталық стадионында өтті. Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 17-туры аясында алматылық ұжым "Қызылжарды" 3:0 есебімен жеңді. Бұл ойында болашақта "Челси" намысын қорғайтын футболшы дубль авторы атанды.

Дастан Сәтпаев Лондонға 26 маусым күні аттанбақ. Әуелгі жоспар бойынша футболшы Англияға 18 жасқа толғаннан соң, яғни тамыз айында баруы тиіс болатын. Десе де, "Челси" клубының басшылығы ойыншыны маусымалды жиындарға қатыстыру үшін оны ертерек жіберуді сұраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу