Солай бола тұра, Еуропалық одақ экономикасының 2026 жылға арналған өсім болжамын 1,1 пайыздан 1,4 пайызға дейін көтеріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатта биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанында ЕО экономикасы Таяу Шығыстағы қақтығыстар, энергетикалық дағдарыс пен жоғары инфляцияға қарамастан, күткеннен жақсы нәтиже көрсеткені айтылған.
Мамандардың бағалауынша, энергия бағасының қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, кәсіпорындардың шығындарын арттырған. Ал жоғары пайыздық мөлшерлемелер тұтыну мен инвестицияны тежеп отыр. Соған қарамастан, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі мен экспорттың артуы экономикалық өсімге қолдау көрсеткен.
Жаңартылған болжам бойынша, ЕО экономикасы 2026 және 2027 жылдары 1,4 пайыздан, 2028 жылы 1,5 пайызға өседі. Ал еуроаймақта өсім тиісінше 1,2, 1,2 және 1,3 пайыз болады деп күтіледі. Көктемгі болжаммен салыстырғанда, 2026 жылға арналған өсім көрсеткіші ЕО мен еуроаймақ үшін 0,3 пайыздық тармаққа жоғарылады. Ал 2027 жылға арналған болжам өзгерген жоқ. Жекелеген елдер арасында 2026 жылы Германия экономикасы 1,3 пайызға, Франция 0,4 пайызға, Италия 1 пайызға, Испания 2,6 пайызға өседі деп болжанған.
Сонымен бірге инфляциялық қысым күшейе түсуі мүмкін. Еурокомиссия болжамынша, 2026 жылы инфляция ЕО аумағында 3,3 пайызды, еуроаймақта 3,2 пайызды құрайды. 2027 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 3,2 және 3,1 пайызға жетеді. Тек 2028 жылы инфляция ЕО-да 2,3 пайызға, еуроаймақта 2,1 пайызға дейін баяулауы ықтимал.
Баяндамада еуроаймақта инфляция қазан айында 4 пайызға жеткені, оған негізінен энергия ресурстары бағасының өсуі әсер еткені айтылған. Еурокомиссия инфляция 2026-2027 жылдардың тоғысында ЕО аумағында 4 пайыздан асуы мүмкін деп есептейді. Энергия мен тыңайтқыштардың қымбаттауы, сондай-ақ аптап ыстық пен құрғақшылық азық-түлік бағасына да қысым түсірген. Бұл жағдай табысы төмен отбасыларға әсіресе ауыр тиюі мүмкін.
Экономикалық өсімге тағы бір қауіп – мемлекеттік қарыздың ұлғаюы. Қорғаныс шығындарының артуы, қарызды өтеу құны мен энергия бағасының қымбаттауына байланысты қабылданған шаралар Еуропа елдерінің бюджетіне салмақ түсіріп отыр.
Еурокомиссия болжамы бойынша, ЕО елдеріндегі бюджет тапшылығы 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3,6 пайызын, 2027 жылы 3,7 пайызын, 2028 жылы 3,8 пайызын құрауы мүмкін. Еуроаймақта бұл көрсеткіштер тиісінше 3,5, 3,6 және 3,8 пайыз болады.
Мемлекеттік қарыз деңгейі де өседі деп күтілуде. ЕО бойынша оның ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 2025 жылғы 82,6 пайыздан 2028 жылы 85,6 пайызға дейін, ал еуроаймақта 88,6 пайыздан 91,3 пайызға дейін ұлғаюы ықтимал. Қарызға қызмет көрсету шығындары 2028 жылға қарай ЖІӨ-нің 2,4 пайызына жетуі ықтимал.
Еурокомиссия Еуропа экономикасының алдағы жағдайы Таяу Шығыстағы қақтығыстардың өрбуіне және әлемдік энергетикалық нарықтағы ахуалға байланысты екенін атап өтті. Геосаяси шиеленіс, сауда саясатындағы белгісіздік пен жоғары пайыздық мөлшерлемелер негізгі тәуекелдер қатарында.
Сонымен қатар, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен электрлендіруге бағытталған инвестициялар экспортты қолдап, еңбек өнімділігін арттыруы мүмкін. Алайда жаңа технологиялардың кеңінен таралуы еңбек нарығына қосымша сын-қатерлер де әкелуі жасырын емес.