Еуропа елдері тағы бір соғыстан қауіптеніп отыр

87

Былтыр Еуроодақ құрамындағы елдер қорғаныс саласына 343,2 млрд еуро жұмсаған. Оның 44 пайызы басқалардан гөрі соғыс қаупіне көбірек алаңдаған Германия мен Францияның үлесінде.

Еуропа елдері тағы бір соғыстан қауіптеніп отыр Фото: gazeta.ru

Негізі Батыс елдері қорғанысқа қаржы шығындауды кейінгі 5 жылда екі есе өсірген. Еуропалық қорғаныс агенттігінің (EDA) бағалауынша, 2025 жылы бұл көрсеткіш 392 млрд еуроға жетеді. Ал 2020 жылы шығын 198 млрд еуро болған. Инфляцияны ескергеннің өзінде өсім 60 пайыздан асқан.

Бұның ең басты себебі түсінікті де, Ресей Украинаға 4 жылға жуық уақыт бұрын басып кірді, оның үстіне АҚШ бұрынғыдай батыс елдерімен аса ымырашыл емес. Қазір Ресей мен Украина арасында бейбіт жоспар әзірленіп жатыр. Алайда сарапшылар оның ішіне Мәскеуге тиімді шарттар қабылданып, қауіпсіздік кепілі алынып тасталса, ұзаққа жалғасатын қырғын сонда басталатынын айтады.

– Ресейдің Украинаға басып кіруі қорғаныс шығындарының артуына түрткі болған басты фактор, – дейді Швецияның Қорғаныс зерттеулері агенттігінің маманы Калле Хоканссон.

Тарихында ауқымды майданды бастан өткерген Германия қазір қорғаныс шығындары бойынша Еуропада көш бастап тұр. Былтыр жалпы одақ бөлген 343 млрд еуродан аса қаржының 90,6 миллиарды осы елге тиесілі. Яғни төрттен бір бөлігі.  

Ал екінші орындағы Франция 59,6 млрд еуро бөлген. Шамамен бестен бір бөлігі. Екеуі қосылып Еуропаның қорғанысқа бөлінген қаржысының жартысына жуығын алып отыр. Бұл екі мемлекет Ресей мен Украина қақтығысы жөнінде көбірек дабыл қағатыны жасырын емес.

– 2014 жылы Еуроодақ елдері, НАТО альянсының да мүшелері Ресейдің Украинаға алғашқы басып кіруіне жауап ретінде қорғаныс бюджеттерін қысқартуды тоқтатып, керісінше арттыруға көшті, – дейді Еуропалық сыртқы байланыстар кеңесінің ғылыми қызметкері Рафаэль Лосс.

Тізімде үшінші орынға – Италия (32,7 млрд еуро), төртінші орынға – Польша (31,9 млрд еуро) жайғасқан. Испания бесінші орында – 22,7 млрд еуро.

Бірақ Испания бұл тізімге мәжбүрлі түрде енген секілді. Себебі жылдың басында АҚШ президенті Дональд Трамп Испанияны жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын әскери салаға бөлмесе, міндеттемесін орындамады деген желеумен НАТО құрамынан шығарып жіберетінін айтып, сес көрсеткен еді.

Ал қорғанысқа ең аз қаражат бөлген Еуропа елдерінің арасында Аустрия (4,9 млрд еуро), билігі ресейшіл позицияны ұстанып жүрген Мажарстан (4,5 млрд), Португалия (4,2 млрд) кірген.

Еуропалық Одаққа кірмеген, алайда НАТО-ның мүшесі саналатын Ұлыбритания мен Түркия басқалардан қалыс қалып отырған жоқ. Мәселен, 2024 жылы Ұлыбритания қорғанысқа 74,97 млрд еуро жұмсаса, Түркия шамамен 24,4 млрд еуро бөлген.

Осы тұста бір құрлықпен шектелмей, жаһандық деректерді де айта кетейік. Стокгольмдағы SIPRI зерттеу ұйымы жақында кезекті есебін жариялады. Онда екі түрлі рейтинг бар: біріншісі, әскери бюджет бойынша әлемдегі TOP-40 рейтингі болса, екіншісі, қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндіретін TOP-100 компанияның тізімі.

Институттың деректеріне қарағанда әскери шығындары мол 40 мемлекеттің көшін әдеттегідей АҚШ бастап тұр. Қорғаныс бюджеті 997 млрд доллар болыпты. Бүтін Еуроодақтың бөлгенінен 3 еседей көп.

Одан соң 314 млрд долларлық бюджетпен Қытай орналасса, 149 млрд доллар шығындайтын Ресей үштікті түйіндейді. Онымен қақтығысып жатқан Украинаның әскери шығындары 64,7 млрд доллар болып, сегізінші орынға тұрақтаған.

Ал әскери техника мен қару-жарақ саудасы былтыр рекдортық деңгейге жетіпті. Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары 679 млрд доллардың өнімін сатыпты. Үздік 100 компанияның көшін тағы да сол АҚШ компаниялары бастап тұр. Ресейдің "Ростех" фирмасы 7 орында.

Бұған қатысты әскери сарапшы Амангелді Құрмет бір жайтты атап өткен.

– Қызығы, қару-жарақ сатудан ең көп пайда тапқан 100 компанияның 39-ы АҚШ фирмалары. Табыстың жартысы солардың еншісінде – 334 млрд доллар. Қытайдың 8, Ұлыбритания, Жапония және Түркияның әрқайсысынан 5-тен компания бар екен. Германияның 4 компаниясы тізімде жүр. Ресейден екеу ғана қалыпты. Бауырлас Түркияның үш фирмасы қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін сатуда SpaceX-тен озып тұр. Түркі елдерінен өзге кәсіпорын тізімге кірмеген. TOP-100 тізіміне кірген Түркияның екі компаниясымен  Қазақстанның нақты келісімі бар. Aselsan-ның еншілес кәсіпорыны жұмыс істеп тұр. Ал TUSAŞ-пен Anka S дрондарын жасау жөнінде келісім жасасқанбыз. Әрі бірнеше дана Anka S-ті Қазақстан әскерлері қолданып жүр, – дейді.

Қалай алғанда да, басқалардан бұрын алпауыт елдер қорғаныс саласының маңызын терең ұғынатын іспетті. Кәрі құрлық елдері бір одақ ретінде алыс-жақын қауіптің бәрін ескеріп отыр. Шамасы, Ресей мен Украина қақтығысын бұл елдер "шұғыл дабыл" ретінде қабылдауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу