Бұған себеп – 4 жылға жуық уақыттан бері бітпей келе жатқан Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Майданның кесірінен кәрі құрлықта энергетикалық дағдарыс басталды.
Әдетте әлеуметтік құқығы толық қорғалғандай көрінетін Еуропаның өзінде осылайша ондаған миллион адам суық үйлерде өмір сүруге мәжбүр. Eurostat дерегінше, Еуроодақ аумағында 41 миллионнан астам адам өз үйлерін жеткілікті деңгейде жылыта алмайды. Бұл – халықтың 9,2 пайызы. Дамыған экономиканың өзі тұрғындарды құтқара алмай отыр. "Энергетикалық кедейлік" жағдайында өмір сүріп жатқан адамдардың шамамен 65 пайызы ЕО-ның төрт ірі экономикасы бар елде тұрады.
Суықта өмір сүру халықтың денсаулығына зардабын тигізетіні даусыз. Зерттеулер салқын жер инсульттің, тыныс алу жолдары инфекцияларының, қимыл-қозғалыстың шектелуіне байланысты жазатайым оқиғалардың қаупін арттыратынын көрсеткен.
Бір қарағанда жылусыз отырғандар одаққа қарасты жалпы халықтың 10 пайызына да жетпейді деп, көңіл аудармауыңыз мүмкін. Бірақ пайызбен, нақты адам санымен алып қарағанда, проблеманың ауқымы кең екені байқалады.
Мысалы, Euronews 2024 жылғы 1 қаңтардағы халық саны жөніндегі деректерді пайдаланып, кедейліктің осы түріне ұшыраған адамдардың санын есептеп шығарған. Еуроодақта өз тұрғын үйін жылыта алмайтын адамдардың үлесі Финляндияда 2,7 пайыз болса, Болгария мен Грекияда 19 пайызға дейін жеткен. Яғни, халықтың бестен бір бөлігі қысты жылусыз өткізеді.
Бұл көрсеткіш Швейцарияда бар болғаны 0,7 пайыз болса, Албанияда 33,8 пайызға, Солтүстік Македонияда 30,7 пайыздық деңгейге барды. Халықтың үштен бірі жылусыз қалу деген шынында да "сұмдық" саналуға тиіс.
Ал Литвада, Испанияда, Португалияда, Түркияда, Кипрде, Черногорияда, Францияда және Румынияда да көрсеткіш 10 пайыздан асып тұр. Жылусыз қалған адамдардың үлесі Италия мен Германияда орташа еуропалық көрсеткіштен төмен. Ұлыбритания бұл тұрғыда толық салыстыруға да келмей отыр, себебі жылуға қатысты ең соңғы деректер 2018 жылы ғана жарияланған. Ол кезде көрсеткіш 5 пайыз болыпты.
Бір қызығы, 36 елдің ішінде энергетикалық кедейлікке ұшыраған адамдар саны бойынша бауырлас Түркия алдыңғы орында тұр. Кейінгі жылдары көрсеткіш жақсарғанымен, 2024 жылы Түркияда 12,9 миллион адам өз үйлерін жылумен қамтамасыз ете алмаған.
Eurostat дерегінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркияда табиғи газ бағасы еуромен есептегенде, әрі сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ең арзан елдер арасында екінші орынға жайғасты. Электр энергиясы Түркияда еуромен есептегенде ең арзан саналады. Бірақ осындай артықшылыққа қарамастан, халқының біршамасы "энергетикалық кедейліктен" зардап шегіп отыр.
Адам санымен алып қарасақ, Испанияда – 8,5 миллион адам, Францияда – 8,1 миллион, Германияда – 5,3 миллион, ал Италияда 5,1 миллион адам жылуға зәру.
Еуропалық комиссияның анықтауынша, кедейліктің бұл түрінің ауқымы кең. Себебі үй шаруашылығында энергияға жұмсайтын шығын көбейіп, халықтың табысы төмендеген. Ғимараттар мен тұрмыстық техникалар энергияны өте көп жұмсап, тиімсіз жұмыс істеп тұр.
– COVID-19 пандемиясы, содан кейін энергия бағасының күрт өсуі және 2022 жылғы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуроодақтағы көптеген азаматтар үшін бұрыннан күрделі жағдайды одан әрі ушықтырды. Өз үйлерін жылыта алмайтын адамдардың үлесі 2011 жылдан бастап біртіндеп төмендеп, 2019 және 2021 жылдары жақсы деңгейге жеткен еді. Бірақ кейін көрсеткіш қайта өсіп кетті, – деп хабарлаған Еуропалық комиссия.
Қаншама дамыған экономика, әлеуметтік қолдауларға қарамастан кәрі құрлық елдері кей мәселеде дәрменсіз болып отыр. Шикізаттың жетіспеуінен және экологиялық талаптарды қатаң сақтауға талпыныстан шыққан энергетикалық дағдарыс халықты әуреге салды. Яғни, Қазақстан халқынан екі есе көп – 41 миллионнан астам еуропалық құдды біздегі 90-жылдардағы жағдайды бастан кешіп жатқандай әсер қалдырады.