Еуропа Қазақстанға есігін айқара ашты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5249

Еуропалық комиссия еліміздің әуе компанияларынан Еуропаға ұшуға қойылған шектеуді алып тастады.

Еуропа Қазақстанға есігін айқара ашты

Бұл туралы ҚР Инвестиция және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"2016 жылдың 8 желтоқсанында Еуропалық комиссия Қазақстанның әуе компанияларына Еуропаға ұшуға қойылған шектеудің алынғаны туралы ресми шешім қабылдады", – деп мәлімдеді министрлік мамандары.

Еуропалық одақтың әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Еурокомиссия ұшу қауіпсіздігінің тізімін жасады. Осы күнге дейін "Эйр Астанадан" өзге еліміздің барлық әуе компаниясы "қара тізімде" болатын.

Бұл шешім 23 қарашада Брюссель қаласында өткен Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің отырысында қабылданды. Отырыста индустрия және даму министрлігінің делегациясы елдегі ұшу қауіпсіздігінің жай-күйі, Еуропалық комиссия байқаған кемшін тұстарды жою жөнінде іске асырылған шаралар және Қазақстан азаматтық авиациясын одан әрі дамыту жоспарлары жайында ақпарат ұсынды.

2016 жылдың 19-23 қыркүйегі аралығында Еуропалық комиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне техникалық бағалау өткізген, соның нәтижесінде Қазақстан ИКАО стандарттарын тиімді енгізгенін дәлелдеп шықты. ИКАО талаптарына сай келу деңгейі 65%-дан 74%-ға артты, бұл ретте еуропалық орташа деңгей 76% екенін айта кетейік.

Бұдан бұрын еліміздің 19 әуе компаниясына Еуропаға ұшуға тыйым салынғаны айтылған болатын.

Тізімнен бірінші болып "Эйр Астана" шығарылды. Әуе компаниясының президенті Питер Фостер Қазақстан әуе компаниясының "қара тізімнен" шығарылуы Еуропа мен Қытай арасындағы транзиттік жолаушылардың Астана арқылы ұшып, санының артуына септігін тигізеді деген болатын.

"Біз Еурокомиссияның шешімін қолдаймыз. Бұл Астана-Лондон бағытында ұшатын ұшақ санын арттыруға, Астанадан және Астанаға ұшатын ұшақ санын едәуір көбейтуге мүмкіндік береді", – деген еді Питер Фостер 2015 жылдың 11 желтоқсанындағы мәлімдемесінде.

Тасымалдаушы түрлі кедергілерден өтіп, әуежайлардан ұшаққа қонуға рұқсат алынып, қытай әуе билігіне тәуелді шешімдер қабылданса, Астана арқылы ұшатын транзиттік жолаушыларды тасымалдауға үміттенген. Еске сала кетейік, Еуропалық комиссия "Эйр Астананы" тізімнен 2015 жылдың 10 желтоқсанында шығарған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу