Еуропада авиациялық отын қоры 6 аптаға ғана жетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) басшысы Фатих Бирол Еуропада керосин қоры шамамен 6 аптаға ғана жететінін айтты. Ол Иранмен соғыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы үзілген мұнай жеткізілімі қайта жанданбаса, әуе рейстері тоқтатылуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Агенттік басшысы Associated Press агенттігіне сұхбат берген болатын.
IEA директорының пікірінше, бұрын-соңды болмаған ең ірі энергетикалық дағдарыстың жаһандық салдары ауыр болады.
"Бұл ахуал қаншалықты ұзаққа созылса, әлемде экономикалық өсім мен инфляцияға кері әсері соғұрлым күшейе түседі", – деді ол.
Сарапшы энергия тасымалдаушылар бағасының өсуінен кейбір өңірлер басқаларға қарағанда айтарлықтай зардап шегеді деген пікірде. Әсіресе, Таяу Шығыстан тасымалданатын мұнайға қатты тәуелді Азия елдерінде, атап айтқанда, Жапония, Корея, Үндістан, Қытай, Пәкістан және Бангладеште бұл әсер қатты сезілмек. Кейін бұл үрдіс Еуропа мен Америкаға да жететіні айтылды. Фатих Биролдың айтуынша, егер Ормуз бұғазы қайта ашылмаса, жанармай тапшылығына байланысты Еуропада кейбір рейстерді тоқтатуға тура келуі мүмкін.
Lufthansa әуе компаниясы қазірдің өзінде ықтимал керосин тапшылығына арналған іс-қимыл жоспарын дайындап қойды. Компания шамамен 40 ескі ұшақты пайдаланудан шығаруды жоспарлап отыр. Бұл ретте Lufthansa-ның өкілі Table.Briefings басылымына берген сұхбатында биылға қажетті керосин қорының 80%-ға жуығы алдын ала сатып алынғанын мәлімдеген. Сондай-ақ келесі жылға арналған қажеттіліктің 40%-ы жабылды, олардың барлығы да дағдарысқа дейінгі бағамен сатып алынған. Яғни, Lufthansa әуе компаниясы дағдарыс салдарына белгілі бір деңгейде дайын деген сөз. Десек те, компания қазірдің өзінде әуе билетінің құнын көтеріп үлгерді әрі алдағы уақытта тағы да қымбаттау болуы мүмкін. Сарапшылар компанияда кейбір рейстердің тоқтатылуы ықтимал екенін айтады. Әсіресе, бұл айтарлықтай табыс әкелмейтін бағыттарға қатысты болуы мүмкін.