Еуропа лигасының финалына Мхитарян мәселесі уайым болып тұр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2615

Ағылшын клубында ойнайтын армян футболшысы Генрих Мхитарянның Әзербайжан астанасында өтетін ойынға баруы екіталай.

Еуропа лигасының финалына Мхитарян мәселесі уайым болып тұр

Биыл Чемпиондар лигасының финалындағыдай, Еуропа лигасының финалына да Англияның екі клубы шыққан. Нақтырақ айтқанда, финалда Лондонның екі клубы, яғни "Арсенал" мен "Челси" додаға түседі. Ал биылғы финалдық матч 30 мамыр күні Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтеді.

Финалға шыққан командалар анықталғалы бері көпшілікті бір сауал мазалап тұр. Ол – "Арсенал" клубының жартылай қорғаушысы Генрих Мхитарян Бакуге бара ма, жоқ па деген сұрақ. Талантты Армения футболшысының бұл жолы да әзербайжан жеріне бармай қалуы мүмкін сияқты. Бұған дейін ол екі рет аттап баспаған.

Бірінші рет, 2015 жылы "Боруссия" (Дортмунд) клубының сапында ойнап жүрген кезінде, "Габала" клубымен өтетін түздегі матчқа бармай қалды. Ал былтыр күзде, 4 қазанда, "Арсенал" Бакуде "Карабах" клубымен ойнағанда, Мхитарян тағы да Әзербайжанға жол шекпеді. Екеуінде де армян футболшысының командалары Генрихсіз де жеңіске жеткен болатын. 

Енді – финал. "Арсенал" Генрихті тағы да тастап кете ме, жоқ әлде алып бара ма? Әзірше белгісіз. UEFA өз кезегінде, "Мхитарян Әзербайжанға ешқандай кедергісіз бара алады" деп жариялады, виза алу үшін көмектесуге дайын. Ал Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Армения футболшысының финалға келе алатындығы жөнінде арнайы және ресми түрде мәлімдеме жасады.

Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі тіпті спорт пен саясатты байланыстырмау керектігін, бұған дейін өз елдерінде көптеген ірі спорттық шаралар (жарыстар) өтіп, оған армян спортшыларының қатысқандығын көлденең тартқан. 2015 жылы Әзербайжан президенті Ильхам Алиев сондай турнирлердің бірінде ұлты армян боксшыны қола жүлдемен марапаттаған.

Шынымен де, Еуропа лигасының финалына Армения мен Әзербайжан арасындағы саяси қырғи қабақтықтың еш қатысы жоқ сияқты. Ең бастысы, Мхитарянға жол ашық, рұқсат беріліп отыр. Ал ол Бакуге бара ма, жоқ па, оны енді футболшының өзі мен "Арсенал" клубы шешеді. Ал бұл – алдағы күндердің еншісіндегі мәселе.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу