Еуропадағы алапат өрттер 3 млрд еуродан астам шығын әкелді

240

Нақты шығын көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.    

Еуропадағы алапат өрттер 3 млрд еуродан астам шығын әкелді Фото: aa.tr

Франция, Испания, Португалия, Грекия және Румыния елдері орман өрттері мен аптап ыстық салдарынан 3,1 млрд еуро шығынға батты. Бұл көрсеткіш Еуропалық комиссия жариялаған орташа жылдық бағалаудан әлдеқайда жоғары. Бұл туралы Financial Times жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап. 

Басылым өз есептеулерінде Еуропалық комиссия қолданатын әдістемеге сүйенген. Онда өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге кететін шығындар негізге алынып, олардың экономикалық құны бағаланған. Бір гектар жерді қалпына келтіру құны әр елде әртүрлі. Бұл өсімдік жамылғысының ерекшелігіне байланысты.

Financial Times мәліметінше, орман өрті маусымының алғашқы екі айының өзінде аталған бес елде 500 мың гектарға жуық аумақты өрт шарпыған. Десек те, нақты шығын көлемі бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі сақтандыру компаниялары, тұрғындар мен кәсіпорындар мүліктің бүлінуінен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жойылуынан және жазғы туристік маусымдағы табыс жоғалтудан келген шығындарын әлі есептеп жатыр.

Бұдан бөлек Financial Times есебінде Грекиядағы соңғы өрттің салдары және Еуроодақтың басқа елдері бойынша мәліметтер көрсетілмеген.

Шетелдік БАҚ Еуропадағы құрғақшылықтың да экономикаға айтарлықтай әсер етіп жатқанын атап өтеді. Рейн мен Дунай өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі жүк тасымалының баяулауына және өндіріс көлемінің қысқаруына әкелген. Мәселен, Рейн өзенінің бойында Германияның ірі химия компанияларының өндіріс орындары орналасқан.

Ал Дунайдағы су деңгейінің рекордтық деңгейде төмендеуі Мажарстандағы жалғыз АЭС жұмысына қауіп төндіріп отыр. Сонымен қатар Румыния Чернаводэ атом электр станциясындағы екі энергоблоктың бірін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу