Бұл туралы Еуропарламент депутаты Мориц Кёрнердің сауалына Еурокомиссия берген жауапта айтылған, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылдан 2026 жылдың қазан айының ортасына дейін Еуропалық Одақ пен оған мүше мемлекеттер Украинаға жалпы 231,5 миллиард еуро көлемінде көмек бөлген. Ал осы кезеңде ЕО елдерінен Ресейге энергоресурстар, соның ішінде газ үшін 232,05 миллиард еуро төленген.
Еуропарламент депутаты Мориц Кёрнер бұл жағдайды Еуропаның Ресейге қатысты саясатындағы елеулі қайшылық деп бағалады.
"Еуропа Путиннің энергетикалық экономикасына оған қарсы күреске жұмсаған қаражатымен бірдей ақша төлеп отыр. Содан кейін соғыстың неге тоқтамай жатқанына таңғалады", – деп жазды депутат X әлеуметтік желісінде.
Кейбір еуропалық мемлекеттердің Ресейге төлеген қаржысы Украинаға көрсеткен көмегінен бірнеше есе көп болған. Мәселен, Франция Ресейдің энергоресурстарына шамамен 40 миллиард еуро жұмсаса, Украинаға 16 миллиард еуро көлемінде қолдау көрсеткен. Осындай айырмашылық Италияда да байқалған.
Кёрнер Германияның Der Spiegel басылымына берген пікірінде Еуропалық Одақтың ұстанымын сынға алды.
"ЕО Ресейге миллиардтаған еуроның түсуіне жол беріп, Украинаға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпейінше, соғыстың созылуына өзі де ықпал ете береді", – деді ол.
Осылайша, келтірілген деректер бойынша, Еуропалық Одақтың Ресейге энергоресурстар үшін төлеген қаражаты Украинаға бөлген көмегінен 550 миллион еуроға артық болған.