Еуропа жұртын тәнті еткен дизайнер

1802

Айдана Ерімбеттің туындылары ұлттық нақышқа негізделген.  

Еуропа жұртын тәнті еткен дизайнер

Жас дизайнер Айдана Ерімбетті ел ішінде танитындар көп. Соңғы жылдары оның есімі мен еңбегі шет мемлекеттерге де кеңінен таныла бастады. Әсіресе, дизайнердің Lunagrosh атты арт-жобасы Қазақстанда да, шетелде де үлкен та­нымалдылыққа ие. Атал­­­­ған жоба аясын­да дизайнер этно стиль­­дегі жиһаз бен үйге арналған де­кор­­лар жасайды. Коллекциялық жи­һаз­­ға қызығушылық танытатын еуро­палық­тар Айдананың қолынан шыққан туындыларды қалт жібермеуге тырысады.

Осындай жобаның бірі Lashyn деп аталады. Lashyn деп отырғанымыз – арт-кресло. Ерек­ше туынды. Ерекше болатыны – кресло­ның арқалығында қазақтың тазысы бедерлен­ген.

"Тазы қазақ үшін киелі. Оны жеті қа­зынаға жатқызатыны да сондықтан. Студент күнімде жазушы Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" деген хикаятын оқыдым. Ерекше толқыдым. Тазының, яғни Лашын­ның өлімі жылатты мені. Хикаяттағы Ла­шын­ның тектілігі – қазақтың тектілігі, тазының рух­тылығы – қазақтың рухтылығы боп көрінді. Тек пен рух бізге қазір ауадай қажет. Тазының өлімі – көп иттің өлімі емес, ол – ұлттық дәстүр мен мәдениеттің, қазақылықтың жойы­луына деген қарсылық", – дейді Айдана.

Хикаяттың Айдананы ерекше толқытқаны соншалық, тазы­ның образы ойға ұзақ уақыт бойы түрлі эскиз ретінде ойында жүрді. Талмай ізденеді. Сөйтіп тазы скульптурасы өз формасын тапқан.

"Мен бұл туындыны Мұхтар Мағауиннің шығармасындағы тазының құр­метіне "Лашын" деп атадым. Арт-кресло Зерендінің қайыңынан жасалған. Қағазға түскен эксиздерді ағаш шеберлері әдемі қалыпқа түсірді. Lashyn құмай тазы қазақты қорғап, қуанышқа бөлеп, үлкен олжаға кенелдіре берсін деген ниеттен туды", – дейді Айдана Ерімбет.

Өткен жылдың қарашасында дизайнер Дубайда өткен ха­лық­­­аралық көрмеге қаты­сып, "Lashyn" жобасымен көпшілікті тәнті етті. Тіпті сол жерде тамаша туын­дыға құда түс­кендер де табылған. Әрине, көрме кезінде жұртшылық назарына ұсынылған дүниені сатуға болмайды.

"Көрмеден кейін италиялық Рикар­до Барделли есімді азамат хабарласты. Lashyn-ды сатып алғысы келетінін айтты. Сөйтіп тазы бейнесіндегі ал­ғаш­­қы арт-креслом Ита­лиядағы Тоскана өңірінің орталығы Ливорно қаласына аттанды. Кейін Рикардо үйінің көркіне айналған Lashyn-ды суретке түсіріп жіберді. "Біз Lashyn-ға кресло деп емес, үй жануары деп қараймыз. Оған біздің үй ұнайды деп сенемін. Қалай болғанда да, мұнда Lashyn-ды бәрі жақсы көреді" деді ол. Қуанышымда шек болмады. Қазақ дизайнері жасаған жиһазды Дубайдағы көрмеден соң Италия азаматы аттай қалап сатып алады, оны үйінің төріне әспеттеп апарып қояды деген ой мүлдем болған емес. Өнерде шекара жоқ деген осы екен", – дейді дизайнер.

Бүгінде Айдананың Lashyn-ы қазіргі заман талабына сай келетін үй жиһазының біріне айналды. Мұндай тамаша дүние әр қазақтың төрінде тұруға тиіс.

– Ендігі арманым – ди­зайнерлік қабілетін жаңа қы­рынан танытуға ерекше шабыт сыйлаған "Тазының өлімі" хи­каясының авторы, жазушы Мұхтар Мағауинмен кездесу, – дейді көркем шығарманың киноға ғана емес, көздің жауын алар көрікті жиһазға да айналатынын дәлелдеген дизайнер.

Айтпақшы, Айдана Дубайда өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2020 көрмесіндегі Қазақ­с­танның ұлттық павильонындағы мейрамхананы безендірген. Ұлт­­тық на­қыштағы мейрамхана жаһан жұртына қазақтығымызды, ғажаптығымызды танытып тұр.

Айдана – оңтүстік өңірінің тумасы. Кейін отбасымен бірге Көкшетауға қоныс аударған. Осы қаладағы сурет мектебінде оқыпты. Елордадағы политехникалық кол­леджді "интерьер дизайнері" мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары білімді Алматыда алған. Бүгінде елордада өзінің жеке дизайн студиясы бар. Этно жоба­ларды жүзеге асыруға жақсы ма­шықтанған. Командасымен бірге тұрғын үйлерді, қонақүйлер­ді, мейрамханаларды безен­дірумен айналысады.

Ғалия ӘДІЛ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу