Еуропада коронавирус құрбандары бір аптада шамамен 40 %-ға көбейді

4310

Франция мен Германия ауруханаларына COVID-19 сырқаттары көптеп түсіп жатқандықтан, қайта карантин жарияланды. 

Еуропада коронавирус құрбандары бір аптада шамамен 40 %-ға көбейді

Тым өршіп кеткен коронавирус эпидемиясын тоқтату мақсатында шектеу шараларының күшейтілетінін Франция президенті Эмманюэль Макрон сәрсенбі күні телевизиялық үндеуінде хабарлады.

Жұма күні күшіне енетін 4 апталық толық карантинге сәйкес тұрғындар тек дүкенге немесе дәрігерге бару қажет болғанда, спортпен айналысатын кезде ғана үйден шығуға тиіс. Ал жұмысқа онлайн режимі қолайсыздық еткенде ғана баруға рұқсат. Дегенмен мектептер жабылмайды.

Еуропа аурулардың алдын алу және бақылау орталығының картасында Францияның басым бөлігі қызыл түске боялған. Себебі бұл мемлекетте өткен аптада 100 мың адамға шаққанда 240-тан астам жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бір сейсенбінің өзінде коронавирус 33417 адамнан табылып, 523-і қайтыс болған.

Осыған ұқсас жағдай Бельгияда, Нидерландыда, Испанияның көп бөлігінде, Чех Республикасында да қалыптасып отыр. Ал Германия канцлері Ангела Меркель 16 аймақтың басшыларын дереу жартылай локдаунға келісуге шақырды. Қарашаның 2-30-ы аралығында карантин жарияланғандықтан, қоғамдық орындарда жиналуға шектеу қойылып, барлар мен ресторандар, театрлар жабылады. Бірақ мектептер сабақты жалғастырып, дүкендердің жұмыс істеу уақыты шектеледі.

Алайда бұл шешім Германияның қонақ күту индустриясын қатты ашындырып, мыңдаған адам 28 қазанда  Берлиннің әйгілі Бранденбург қақпасының жанында қарсылық акциясын ұйымдастырып, биліктен қаржылай қолдауды талап етті.

Германия Еуропадағы көршілеріне қарағанда, вирустық дағдарысты бұған дейін жақсы еңсерді, бірақ осы жолы жергілікті билік пандемияны бақылаудан шығара бастағанын мойындап отыр.

"Егер біз интенсивтік терапия бөлімдерінің толғанын күтсек, бәрі тым кеше болады", – дейді Федеративтік Республиканың денсаулық сақтау министрі Дженс Спан.

Экономистердің ойынша, бизнеске екінші рет ауыр соққы бермеу үшін шектеу шаралары абайлап енгізілуі керек.

"Ұлттық карантин, өзіміз көргендей, экономиканы ойрандап, қайта басталған өндірістік өсімді үлкен қиындықтарға душар етеді", – дейді GAIN Capital онлайн трейдингтік фирмасының сарапшысы Фиона Кинкотта "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында. 

Лихтенштейндегі VP Bank Group компаниясының бас экономисі Томас Гитцельдің пікірінше, инфекцияны карантинсіз тоқтату қиын, алайда сол шектеу шараларының мерзімі қысқа болса, экономика мен денсаулық сақтау саласы ұтар еді.

Жақында Уэлс қысқа әрі қатаң локдаунды таңдады. 17 күндік карантин кезінде жергілікті тұрғындар, тіпті, Англияға да сапар шеге алмады.

Чех Республикасының денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі күні елде 15663 адамның коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Бұл – халқының саны сегіз есе көп Германияның көрсеткішімен шамалас сан. Осыған байланысты жергілікті үкімет сәрсенбіден бастап кешкі сағат 9-дан таңғы сағат 6-ға дейін коменданттық сағат жариялап отыр. Бұған дейін елде дүкендер, мектептер, ресторандар жабылып, маска тағу іште де, сыртта да міндетке айналып, спорттық жарыстар өткізуге тыйым салынды. Соған қарамастан, Чехияда қауіпті жаңа инфекцияны жұқтырғандар көбейіп келеді.

Тіпті, ұлттық карантин жарияламай, "ковидке" қарсы жеңіл-желпі шара қолданған Швецияның өзі қазір тұрғындарға сауда орталықтары мен дүкендерден алыс жүруге кеңес беріп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, өткен аптада әлемде 2 млн-нан астам адамнан коронавирус анықталған. Ал Еуропада мұндай вирус соңғы жеті күнде 1,3 млн адамнан табылып, бір аптада "Қарт құрлықта" COVID-19-дан қайтыс болғандар саны 37 пайызға өскен.

АҚШ-та өткен аптада жарты миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды. Бұл да рекорд. Дегенмен Азияның көптеген мемлекеті жұқпалы індетті бақылауға алғандарын байқатып отыр.

Британияның вакциналарды сатып алу жөніндегі мақсатты тобы мәлімдегендей, толық тиімді вакцина ешқашан жасалмауы мүмкін. Ал екпелердің алғашқы версиялары жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан пандемияны жаңа емдеу тәсілдерімен тоқтатуға деген үміт шамалы болып тұр.

Айта кетсек, қазір Еуропа елдерінің үкіметтері эпидемияның бірінші толқынынан сабақ алмай, екіншісіне дейін ауруханаларды әзірлемеді және халықтың жұмысқа лық толы қоғамдық көлікпен баруына жол берді деп айыпталып отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу