Халықаралық қауымдастықтың үнсіздігі және АҚШ-тың дәрменсіздігі аясында Кәрі Құрлықта мұсылман әлемінің жаңа арашашысы бой көтерді. Ол – Ливанмен тарихи, мәдени және саяси тамыры тереңге кеткен Франция. Париж Израилдің халықаралық құқықты аяққа таптаған басқыншылығына қарсы айбат шегіп, Таяу Шығыстағы геосаяси тепе-теңдікті қалпына келтіруге бекініп отыр. Әрине, әзірге сөз жүзінде, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Ливан трагедиясы: құлаған қамал тағдыры
Уәде мен бітімгершілік сөз жүзінде қалып, Израиль армиясының (ЦАХАЛ) Ливан жеріндегі қанды жорығы тоқтаусыз жалғасуда. Ливанның Ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, кезекті әрі аяусыз әуе соққылары Джибшит қаласының маңында тағы 8 бейбіт тұрғынның өмірін қиды. Бұл – тек басы ғана. Басқыншылар қарсыласының тұтас бір гүлденген қаласын қиратып, үйіндіге және қаңыраған бос далаға айналдыруды көздеп отыр. Израилдің Қорғаныс әскері Ливанның оңтүстігіндегі ірі орталық – Набатия қаласының тұрғындарына сұрапыл зымыран соққысы басталатынын ескертіп: "өз үйлеріңді тастап, дереу қашыңдар!" деген үрейлі үндеу жолдады.
Бұған жауап ретінде Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Израилді Ливан аумағындағы әскери қимылдары үшін қатаң сынға алды:
"Оның әскери операцияларын жалғастыруына және Ливандағы оккупациялау аймағын кеңейтуіне ешқандай ақтау жоқ! Израиль атысты тоқтатуға тиіс", – деді ол France 2 телеарнасына сұхбатында.
Бір күн бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху төл әскеріне Ливан астанасы Бейруттегі "Хезболла" тобының нысандарына соққы беруді бұйырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, соңғы күндері Израиль әскерилері Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы шабуыл операцияларын жандандырды. Иран осыған байланысты АҚШ-пен келіссөздерін тоқтататынын мәлімдеді.
ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі XII ғасырда негізі қаланған, орта ғасырлық зәулім Бофор бекінісін басып алып, оның төбесіне Израиль туын тікті, деп жазды Deutsche Welle. Израилдік Kan арнасы мәліметінше, бұл бекіністі алу оңайға түспеген. Осыдан екі ай бұрын 98-ші дивизия шабуылдау кезінде "Хезболланың" тегеурінді қарсылығына тап болып, тас-талқаны шығыпты. Осыдан кейін 36-шы дивизия көмекке келді. Олар авиация мен артиллерияның жойқын қолдауымен Литани өзені арқылы бірнеше көпір салып, өтуі қиын жартастарды бұзып, бекініске батыс қанаттан лап қойды.
"Менің және премьер-министр Нетаньяхудың тікелей басшылығымен ЦАХАЛ Ливандағы маневрлерін кеңейтті. Литани өзенінен өтіп, Бофор өңірін басып алды. Бұл науқан әлі аяқталған жоқ!", – деп мақтана мәлімдеді Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац.
ЦАХАЛ бұл қадамды өз елінің солтүстік аймағына, соның ішінде Метула қаласына төнген қауіпті жою деп ақтағысы келеді. Алайда, әлемдік ақпарат құралдарының жазуынша, Тель-Авивтің шынайы мақсаты – Ливанның бүкіл оңтүстігін басып алу және аннексиялау.
Мұны ЦАХАЛ баспасөз хатшысы Авихай Эдридің Х әлеужелісінде араб тілінде жазған үрейлі үндеуі де куәландырады. "Оңтүстік Ливан тұрғындары! Дереу Захрани өзенінің солтүстігіне қарай қоныс аударыңдар! Екі мемлекеттің шекарасынан 40 шақырым қашықта ағып жатқан Захранидің оңтүстігіндегі бүкіл аумақ әскери қимылдар аймағы болып есептеледі. Біз жергілікті тұрғындарды "Хезболлах" содырларынан, олардың нысандары мен қару-жарақтарынан аулақ жүруге шақырамыз", – деп жазды Авихай Эдри.
Ливан премьер-министрі Наваф Салам Израиль әскерилерін "күйдірілген жер және ұжымдық жазалау" тактикасын қолданды деп айыптады.
"Ел қақтығыстың қауіпті шиеленісуі қарсаңында тұр. Сондықтан мен тез арада және нақтылы түрде атысты тоқтатуға шақырамын! ЦАХАЛ-дың әрекеттері Израилдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспейді, оның орнына біз көрші мемлекетпен келіссөздерді жалғастыруды қолдаймыз", – деді Ливан басшысы.
Саяси сергелдең: Трамптың уәдесінде құн қалмады
Бұл қантөгіс халықаралық деңгейдегі үлкен саяси алдарқату аясында жүріп жатыр. Небәрі бір күн бұрын АҚШ президенті Доналд Трамп Израиль мен "Хезболла" қозғалысы өзінің делдалдығы арқасында атысты тоқтатуға және бір-біріне шабуыл жасамауға уәде бергенін салтанатты түрде жариялаған болатын. Бірақ бұл мәлімдеменің сиясы кеппей жатып, 2 маусымға қараған түні Израиль мен "Хезболла" кейбір аудандарда қайтадан соққы алмасты.
Халықаралық сарапшылар, тіпті израилдік баспасөз бұл соғыстың тікелей авторы – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху екенін нұсқады. Ол ЦАХАЛ-ға Ливан астанасы Бейруттегі "Хезболла" нысандарына аяусыз соққы беруді бұйырды.
Сондай-ақ Израиль Ливанның оңтүстігіндегі құрлықтық шабуылын өткен ғасырдан бері болмаған деңгейде өрістетті. Салдарынан Таяу Шығыстағы бітімгершілік процестің бәрінің күл-талқаны шықты. Tasnim агенттігі Тегеран Вашингтонмен делдалдар арқылы жүргізіп жатқан маңызды келіссөздерін дереу тоқтата тұратынын мәлімдеді. Себебі, Иран үшін Ливан мәселесі АҚШ-пен мәміленің басты шарты болатын, ал, іс жүзінде әскери қимылдар барлық майданда өршіп тұр. Тегеран Трамптың уәдесінде тұра алмағанына ашынды.
Соғысты тоқтату үшін қандай сөз керек?
Израилдің бұл өзбырлығы оның басты серіктесі – Вашингтонның да шыдамын тауысты. Америкалық беделді Axios порталы Ақ үйдегі құпия дереккөздеріне сүйеніп, сенсациялық ақпарат таратты. Израиль әскері Бейрутке соққы бергеннен кейін Доналд Трамп Биньямин Нетаньяхуға телефон соғып, оны аяусыз балағаттап, ұрысты, деп жазды Axios.
Америкалық порталдың дерегінше, ашуға булыққан АҚШ президенті аузына келген сөздерді ірікпей, Израиль лидерін Таяу Шығыстағы бейбітшілікті бұзғаны үшін тіпті "ақылдан азған адамсың!" деп атаған. Мұнымен де тоқтамай, Трамп өзінің көмегі арқасында Израилде жемқорлық туралы қылмыстық іс бойынша түрмеге отырудан қашып құтылғанын Нетаньяхудың бетіне басты.
Трамп "Ливанға жасалған бұл соққылар үшін Нетаньяхуды енді бүкіл әлем жек көретінін және бұл авантюра оның мемлекетін толық халықаралық оқшаулануға әкеп соқтыратынын" ескерткен.
Ақ үй басшысын Ливандағы бейбіт тұрғындар арасындағы жазықсыз құрбандардың көптігі және "Хезболланың" бірнеше командирінің көзін жою үшін тұтас тұрғын үй алабын авиабомбалармен жермен-жексен етіп тастаған ЦАХАЛ-дың тағылық әрекеті қатты шамдандырған.
Францияның айбаты: Жерорта теңізіне авианосец жібере ме?
Батыс әлемінде қанды қырғынға қарсы барынша қатал әрі табанды позицияны Франция ұстануда. Le Monde басылымының хабарлауынша, Париж бұл жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруда. Франция СІМ-і Израиль әрекетін "атысты тоқтату туралы келісімдегі міндеттемелеріне, халықаралық құқыққа және қауіпсіздігіне қайшы үлкен қателік" деп атады.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон да өз алаңдаушылығын білдіріп, аймақтық тұрақтылық үшін барлық тараптардың атысты түпкілікті әрі тез тоқтатуы қажеттігін мәлімдеді. Ол Ливанның оңтүстігіндегі қазіргі ауқымды шиеленісті ешқандай сылтаумен ақтауға болмайтынын және Париж елдің мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығын қалпына келтіру мәселелерінде Ливан билігін қолдауды жалғастыратынын нықтады. Франция осы ұстанымын БҰҰ бас органында ілгерілетуге ниетті.
Франция саяси элитасының ішінде бұдан да "жойқын" мәлімдемелер жасалуда. Кейбірі Ливанға әскери көмек жіберу бастамасын көтерді. Оның бірі әсіресолшыл "Бағынбайтын Франция" партиясының лидері, келесі президенттік сайлаудың басты фавориттерінің бірі Жан-Люк Меланшон. Ол Израилге қарсы әскери күш қолдану керектігін меңзеп, әлемді дүр сілкіндірді.
Меланшон Израилдің бүкіл Оңтүстік Ливанға басып кіріп, оны аннексиялауға кірісіп жатқанын білдіріп, мысал ретінде Нетаньяхудың Бофор бекінісіне өз туын тіккенін келтірді. Ол "Бофор" атауы француз тарихымен тығыз байланысты екенін еске сала келе: "Франция Ливанмен әскери ынтымақтастық жасауға міндетті", – деп мәлімдеді және Израильге қысым жасау үшін француздық Charles de Gaulle авианосецін пайдалануды ұсынды. Оның пікірінше, жойғыш ұшақтарды таситын бұл алып кеме Иранның маңында емес, Жерорта теңізінде әлдеқайда пайдалырақ болады, әрі Нетаньяхуға француздардың өз достарының жеріне басып кіруді өзіне төнген тікелей қауіп деп қабылдайтыны туралы сигнал береді.
Жан-Люк Меланшон БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Израилді ресми айыптауды және әскерін дереу шығаруға мәжбүрлеуді талап етті. Сондай-ақ саясаткер Макронға жолдаған жеке хатында Израилдің агрессиясын тоқтату үшін БҰҰ аясында халықаралық коалиция құрып, Ливанға халықаралық бітімгершілік күштерін енгізуді ұсынды.
Тарихи тамырлар: Франция неге Ливан жағында?
Францияның ең құрығанда, дипломатия айдынында Ливан тағдырына бұлайша жанұшыра араша түсуге тырысуы кездейсоқтық емес. Бұл байланыстың тарихы төркіні тереңде жатыр. Францияның Ливанға араласуы 19-шы ғасырдан бастау алады. Ол кезде француздар бұл аймақтың стратегиялық географиялық орналасуына және мұндағы христиан қауымдастықтарының, әсіресе Франциямен ежелден байланысы бар марониттердің болуына байланысты үлкен қызығушылық танытқан болатын. Осы қауымдастықтарды қорғауды, сондай-ақ Таяу Шығыстағы өз ықпалын кеңейтуді қалады.
Бірінші Дүниежүзілік соғыстың соңында Осман империясы ыдырағаннан кейін, Ұлттар Лигасы 1920 жылы Францияға Ливан мен Сирияны басқару мандатын берді. Француз мандатының бұл кезеңі 1943 жылға дейін, яғни Ливан тәуелсіздік алғанға дейін созылды. Осы кезеңде Франция қазіргі Ливанның қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Олар 1920 жылы оның қазіргі шекараларын айқындаған Ұлы Ливан мемлекетін құрды, ал, 1926 жылы Ливанға алғашқы Конституциясын беріп, қазіргі Ливан республикасының негізін қалады.
Француз мандаты елеулі саяси, білім беру және инфрақұрылымдық өзгерістер әкелді. Ол заманауи институттарды дамытуға көмектесті, француз құқықтық жүйесін енгізді және француз тілін білім беру мен басқарудың негізгі тіліне айналдырды.
Дегенмен, француз билігі тек игіліктер ғана әкелді деуге болмайды. Көптеген ливандықтар өздерін "екінші сорттағы адам" сезінді, сондықтан үлкен автономияға, тіпті тәуелсіздікке ұмтылғанды. Сол үшін жазаланды, көптеген шиеленістер, көтерілістер орын алып тұрды. 1920–1930 жылдары тәуелсіздікті талап еткен бірнеше көтерілістер мен қозғалыстар болды.
Француз мандатының аяқталуына жаһандық оқиғалар, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыс әсер етті. 1940 жылы Франция фашистік Германияның қол астына түсті және отар елдеріне ықпалынан айрылды.
Әйтсе де, Франция Ливанмен достық қарым-қатынасын бұзбай, сақтап келеді. Ливандағы 1975–1990 жылдардағы алапат азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Франция бұл елді қалпына келтіруде белсенді рөл атқарды. Сондай-ақ Франция 2006 жылғы Израилмен болған соғыстан кейін Ливанды қайта түлетуге күш салды. Бүгінде француз тілі Ливанның бүкіл аумағында халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде кеңінен қолданылады және орта білім беру бағдарламасына кіреді.
Екі елдің саяси элитасы да тонның ішкі бауындай етене араласып кеткен. 2007–2012 жылдары Франция Ұлттық жиналысында ливан текті Анри Джибраэль (Социалистік партия мүшесі) және Эли Абуд (Халықтық қозғалыс үшін одақ мүшесі) екі депутат болды. Франция Үкіметі құрамына Өнеркәсіп, энергетика және электронды экономика министрі ретінде ливандық Эрик Бессон кірді.
Франция үшін Ливан – жат өлке емес, өз тарихының бір бөлшегі. Дәл сол себепті Таяу Шығыста әділдік тапталып, әлсізі зорлыққа ұшыраған заманда Париж халықаралық құқықты, гуманизмді, тәуелсіздік пен жердің тұтастығын сақтауды талап етіп, шырылдап жүр. Бірақ қазіргі әлемде кез келген сөздер қару "қадірлі" болып тұрғандай.