Еуропада ұшақтар әуеде кезек күтіп, авиация 2,3 млрд доллар жоғалтты

Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі мәлімдеді.

Еуропада ұшақтар әуеде кезек күтіп, авиация 2,3 млрд доллар жоғалтты Фото: lennuabi.com

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ұшу қозғалысын үйлестірудің жаһандық жүйесін енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми дерек бойынша, 2025 жылы әуе кеңістігінің шамадан тыс жүктелуі салдарынан рейстердің кешігуі Еуропаның авиация саласына 2,3 млрд доллардан астам шығын әкелген. 

Еуропалық әуе қозғалысын басқару ұйымының (EUROCONTROL) мәліметінше, шығынның басым бөлігі әуе қозғалысын ұйымдастырудағы қиындықтарға байланысты рейстердің кешігуінен туындаған.

Негізгі мәселелердің бірі – әуе кеңістігіндегі шамадан тыс жүктеме. Соның салдарынан ұшақтар қонуға рұқсат күтіп, әуежай маңында айналып ұшуға мәжбүр. Бұған қоса, қолайсыз күн райы, төтенше жағдайлар мен жекелеген бағыттардың жабылуы да рейстер кестесінің бұзылуына әкеледі. Мұндай жағдайлар оқиға болған жерден мыңдаған шақырым қашықтықтағы әуе қатынасына да әсер етуі мүмкін.

Мәселені шешу үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы әуе қозғалысы ағындарын басқару жүйесін кеңінен қолдануды ұсынып отыр. Бұл жүйе әуежайлар, әуе компаниялары, диспетчерлік және метеорологиялық қызметтер арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуды көздейді.

Мысалы, әуежай қосымша рейстерді қабылдай алмайтынын алдын ала хабарласа, басқа әуежайлардан ұшатын ұшақтардың сапарын уақытша кейінге шегеруге болады. Осылайша, әуе кемелерінің қону кезегінде аспанда ұзақ уақыт күтуіне жол берілмейді.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Бас хатшысы Хуан Карлос Саласардың сөзінше, мемлекеттер арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі рейстердің кешігуіне себеп болып, әуе қатынасын қалыпты жұмыс тәртібіне қайтаруды қиындатады.

Жаңа тәсілдің тиімділігі тәжірибе жүзінде де дәлелденген. 2026 жылы Солтүстік және Оңтүстік Америкада жүргізілген бірлескен сынақтар нәтижесінде ұшу уақыты 265 мың минуттан астамға, яғни шамамен 4,4 мың сағатқа қысқарған. Соның арқасында 38,9 млн доллардан астам қаражат үнемделген.

Сонымен қатар, жанармай шығыны шамамен 13,3 мың тоннаға азайып, атмосфераға 42,1 мың тонна көмірқышқыл газының таралуына жол берілмеген.

Еуропада да күн райы мен әуе кеңістігінің жүктемесін алдын ала болжау арқылы 2026 жылғы мамырдан тамызға дейін жалпы ұзақтығы шамамен 3,1 млн минут болатын рейс кешігулерінің алдын алуға мүмкіндік туған. Бұл шаралардың экономикалық тиімділігі 448 млн доллар деп бағаланып отыр.

Әуе қозғалысы ағындарын басқарудың жаңа халықаралық ережелері 2030 жылғы қарашада күшіне енеді деп күтілуде. Оларды енгізу мәселелеріне арналған өңірлік семинарлар 2027 жылы өткізіледі.

2050 жылға қарай әлемдегі әуе жолаушыларының саны 12,4 млрд адамға жетуі мүмкін. Сондықтан халықаралық әуе рейстерін үйлестіру жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттілігі күн тәртібінде тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу