Еуропаға ашылған терезе

1796

Қазақстан футболының УЕФА-ға өткені әлі күнге дейін талқыға түсіп жүр. Алайда бұл бір жерді қаза бергенмен тең. Мүше болғанымызға 20 жыл толуына орай арнайы сараптама жазып көрдік.

Еуропаға ашылған терезе

2002 жылдың 25 сәуір күні Қазақстан УЕФА-ға 52-ші мүше болып қабылданды. Бізден кейін де өз алдына тәуелсіздік алып, геосаяси ойында жеке меншік алып шыққан федерациялар қосылды. Олардың қатарында Гибралтар, Черногория, Косово секілді командалар бар.  

2002 жылы УЕФА-ға өткенімізбен біз алғашқы жарысты 2004 жылы бастадық. Алғашқыда барлығы қиын еді. Алайда көш жүре түзелді. Клубтық жарыстарды өткізу үшін елдегі стадиондардың сапасы нашар болды. УЕФА Қазақстан футбол федерациясына қатаң сөгіс жариялап, жасыл алаңдарды ретке келтіру үшін 1 жыл уақыт берді. Бұл тек Қазақстан емес, сонымен қатар өзге де көршілес жатқан елдерге де қатысты болатын. Сол шақтарда тіпті Ресей клубтарының өзі өз алаңындағы ойындарын өзге стадионда ойнаған кездері болып тұрды. Ал қазір Қазақстан клубтарының еурокубоктегі абыройы көтеріліп қалған. "Астана" мен "Шахтердің" топтық кезеңде ойнауы соның дәлелі. Ал өткен жылы "Қайрат" жаңадан ашылған Конференция лигасында бақ сынады. Топтық кезеңіне дейін жетіп, таңдаулы ұжымдар қатарында болды. Ал көп жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаған Самат Смақов Азия құрлығынан шығып кеткеніміздің өзі қуаныш дейді.

– Қазақстан футболының УЕФА-ға мүше болуы ел футболының тарихындағы ең айтулы оқиға. Оның барлық артықшылықтарын санамалап отырмай тек біздің ойыншылардың Роналду, Бэкхэм, Руни, Лэмпард, Джеррард, Мбаппе, Погба секілді атақты ойыншыларға қарсы ойнағанының өзін тілге тиек етуге болады. Мықтылармен ойнаған соң ғана мықты бола аласың. УЕФА – дамудың алғышарты. Бұл алға жылжу. Азияда жүргенде біз нашар алаңдарда дені-дұрыс спорттық киімсіз ойнап жүрдік. Бізге еуропалықтар секілді жұмыс істеп, солардың стандарттарын енгізуге талпыну қажет. Ол үшін солардың құралдарын пайдаланудан еш ұялмайық. Сонда ғана қазақ футболы даму үшін жаңа серпін алады. Біздің Азияда көп уақыт жүріп қалғанымыздың белгілері әлі күнге дейін көрініс табады. Сондықтан да, футболға деген көзқарасымызды өзгертетін кез келді деп есептеймін, – дейді Самат Смақов.

Әлбетте барлығы бір күнде орнай салады деп айту қиын. Алайда елімізде футбол тұрғысында шешілмеген мәселелер өте көп. Көптеген жанкүйердің ұлттық құрама көрсеткен ойынға риза еместігі байқалады. Себебі құрама команданың нәтижесі бұл елдегі футболдың айнасы іспеттес. Десе де, құрамамыз соңғы матчтарды жеңіп, көрермен көңілінен шығып жүр. Мысалы, осы жақында Ұлттар лигасы аясында біз Молдовадан басым түстік. Ал УЕФА-ға өткен 20 жылдың ішінде бізде көптеген қызықты ойындар тіркелді. Бірақ, біз бүгін ең алғашқы ресми матч Қазақстан – Украинаны еске салсақ.

– Ол ойынды есімнен шығарған емеспін. Бұл біздің УЕФА қанатының астындағы алғашқы ресми кездесу еді. Украина ойыншыларының шеберлігінің жоғары екенін біліп тұрдық. Бірақ біздің басымдылығымыз өлермендігімізде еді. Әрбір допқа таласып, бар күш жігерімізді осы ойынға арнадық. Андрей Карпович гол салған тұста біз әлем чемпионатын жеңгендей сезімде болдық. Бір өкішінтісі сол ойында тең нәтижені сақтап қала алмадық. Ойын соңында Укриана ойыншысы Ротань гол салып кетті. Мен ол кезде алаңдағы орнымды босатып, қосалқы құрамдағы жігіттердің қасына жайғасқан едім. Барлығымыз басымызды ұстап, тұнжырап қалдық. Тең нәтиже уыста тұрған еді. Десе де, сол матчта менің досым, "Елімайда" бірге ойнаған әріптесім Андрей Карповичтің гол соққанына риза болдым, – деп еске алады С.Смақов.

Алғашқы ресми матчтың хаттамасын қарап отырып көп жағдай еске түседі. Ресей чемпионы болған Сергей Тимофеев баптайтын Қазақстан құрамасы сапында Саматтан бөлек мықты қақпашы Юрий Новиков, тегеурінді қорғаушылар Игорь Авдеев, Фархадбек Ирисметов және Ренат Дубинский болыпты. Гол салған Андрей Карпович осы күні бапкерлік қызметті. Ал пас беріп, ассистенттік танытқан Мұрат Тілешев қазір "Астана" футбол клубының спорт директоры.

ҚАЗАҚСТАН – УКРАИНА - 1:2 (1:1). Іріктеу кезеңі. ӘЧ-2006
Голдар: Белик, 14 (0:1), Карпович, 34 (1:1), Ротань, 90 (1:2)
ҚАЗАҚСТАН: Новиков, Фамильцев, Авдеев, Ирисметов, Дубинский, Смақов (Мусин, 70), Карпович, Балтиев, Чичулин (Оразбахтин, 50), Низовцев, Тілешев (Родионов, 65). Бас бапкер - С.Тимофеев
УКРАИНА: Шовковский, Несмачный, Русол, Тимощук, Езерский, Закарлюка, Белик (Шелаев, 90+2), Гусин, Гусев (Ротань, 66), Старостяк (Воронин, 49), Воробей. Бас бапкер - Олег Блохин
Ескертулер: Карпович, 40, Низовцев, 90+4
8.09.2004. Алматы, Орталық стадион. 23 000. Төреші: Педру Проэнса (Португалия)

Украина құрамасында ойнаған футболшыларға көз жүгіртсек шетінен кіл жұлдыздар. Қақпашы Шовковский Украина футболының аңызы, Анатолий Тимощук чемпиондар лигасын жеңген ойыншы, ал Андрей Воронин сол кездің өзінде неміс Бундеслигасында жарқырап жүрген-тұғын. Ал қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Украина құрамасымен екі мәрте тең ойнап, Киевке барып тұрып та гол салып жүр. Бұл Қазақстан құрамасының сәл де болса алға жылжығанының белгісі деп білеміз. УЕФА-ға мүше болған 20 жылда ғаламат қарыштап дамып кеттік деп айта алмаймыз, бірақ ештеңе істемей бір орында тұрып қалдық деп те айтуға келмес. Күн сайын болашақтың қамын үшін жасалынып жатқан қадамдар да жоқ емес. Бұл енді мамандардың бас ауыртап мәселесі болып қала берсін. Ал біз Қазақстан футболының жанкүйерлеріне қазақ футболының Еуропа футболына мүше болған 20 жылдық мерейтойы құтты болсын дегіміз келеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу