Сонымен қатар бірқатар еуропалық елдер Дания басқаратын "Арктикалық төзімділік" деп аталатын барлау сипатындағы оқу-жаттығулар аясында аралға өз әскерилерін жіберіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл жағдай Гренландия мен Дания өкілдерінің Вашингтонда АҚШ тарапымен өткен келіссөздерінен кейін орын алып отыр. Кездесу барысында әлемдегі ең үлкен аралдың болашағына қатысты ортақ мәмілеге келу мүмкін болмады. АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны бақылауға алу ниетін түрлі жолмен жүзеге асыруға дайын екенін, тіпті күш қолдану нұсқасын да жоққа шығармайтынын мәлімдеген.
Оқу-жаттығуларға қатысатынын Франция, Швеция, Германия, Ұлыбритания және Норвегия ресми түрде хабарлады. Кейін бұл тізімге Нидерланды да қосылды.
Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Гренландия аумағында қазір шамамен 200 америкалық әскери бар екенін айтты. Бұл Қырғи қабақ соғыс кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Арал халқының жалпы саны шамамен 57 мың адамды құрайды.
Ал Данияның қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен одақтастардың қатысуымен ротациялық негізде тұрақтырақ әскери қатысу форматын қалыптастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Алайда еуропалық күштердің нақты көлемі жарияланған жоқ. Қазіргі кезеңде бұл бірнеше ондаған әскери қызметкермен ғана шектеліп отыр және олардың Гренландияда қанша уақыт болатыны белгісіз.
Германия Нуукке A400M әскери-көлік ұшағымен 13 сарбаз жібергенін хабарлап, олардың тек сенбі күніне дейін ғана аралда болатынын мәлімдеді. Франция шамамен 15 тау жағдайындағы ұрысқа маманданған әскери қызметкерін жолдаса, Швеция – үш офицерін, Норвегия – екі, Нидерланды мен Ұлыбритания бір-бір офицерін жіберіп отыр.
Польша премьер-министрі Дональд Туск елінің Гренландиядағы еуропалық әскери орналастыруға қосылмайтынын айтты. Сонымен қатар ол АҚШ-тың арал ісіне әскери жолмен араласуы "саяси апатқа" айналатынын ескертті.
"НАТО-ға мүше бір елдің басқа бір НАТО еліне қарсы аумақтық аннексияға немесе қақтығысқа баруы – біз білетін әлемдік тәртіптің соңы болар еді. Бұл – ондаған жыл бойы қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп келген жүйенің күйреуі", – деді ол баспасөз мәслихатында.
Осы тұста Ресейдің Бельгиядағы елшілігі Арктика аймағындағы жағдайға байланысты "елеулі алаңдаушылық" білдіріп, НАТО-ны Мәскеу мен Бейжің тарапынан төнетін қауіп деген "жалған сылтаумен" өңірде әскери қатысуды күшейтіп отыр деп айыптады.