Еуропалық орталық банктің мөлшерлемені төмендетуі тиімді ме

4458

Бірқатар экономистің пікірінше, пайыздық мөлшерлемені қысқарту Еуроаймақ экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін.  

Еуропалық орталық банктің  мөлшерлемені төмендетуі тиімді ме

 

Бұған дейін Марио Драги Еуроаймақта жаңа монетарлық ынталандыруды жариялаған болатын. 

Бірақ бұл шараның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар жетерлік.

Мысалы, Аустрия орталық банкінің жаңа төрағасының айтуынша, Еуропалық банктің бұл бастамасы нәтиже бермейді және Кристина Лагард Марио Драгидің орнына келген кезде банктің саясатын өзгертпек. Сонымен қатар ол Еуропалық орталық банктің пайыздық мөлшерлемені төмендетуден бас тарту керек екенін алға тартты.

Бірқатар экономистің пікірінше, пайыздық мөлшерлемені қысқарту Еуроаймақ экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Олар бұл шара активтердің сатылымы алға баспаған кезде қолданылуы керек болатын деген пікірді айтты. 

Айта кететін жайт, Еуропалық орталық банк саясатын қолдамайтындар арасында банкирлер де бар. Германияның жинақтық банк қауымдастығының басшысы Гелбмут Шлевайстың айтуынша, бұл банктің қаржы-несиелік саясатты тым жеңілдетуі жинақ ақшасының жойылуына және тұрғын үй бағасының шарықтауына әкеліп соқпақ. Ол қаржы-несиелік саясатты әрі қарай жеңілдетудің пайдадан гөрі зияны көбірек екенін тілге тиек етті.

2019 жылы  Еуропадағы ең мықты экономика саналатын неміс экономикасы рецессияға ұшырайды деген күдік ұзақ жылдардан кейін алғаш рет пайда болды. 

Еуропалық қаржы реттеушісінің мөлшерлемені төмендету туралы шешімі Жапонияға әсер етуде. Жапония банкі де мөлшерлемені төмендетуі мүмкін. The Wall Street Journal басылымының дерегіне сүйенсек, егер де жапондық банк мұндай қадамға барса, ұзақмерзімді облигациялар кірістілігінің күрт қысқаруын алдын алатын шаралар қабылдауы тиіс.

Әлемдік экономиканың бәсеңдеуі мен сауда шиеленісінің ушығуына байланысты Еуропалық орталық банкі пайыздық мөлшерлемені 0,5 %-ға қысқартқан болатын.

АҚШ-тың Федералдық қор жүйесі 17-18 қыркүйекте өтетін отырыста мөлшерлемені төмендетуі ықтимал. Инвесторлар 0,25%-ға қысқарады деп топшылап отырса, Ақ үй басшысы Дональд Трамп оны 0-ге немесе одан да төменгі көрсеткішке түсіруге шақырып отыр.

Алайда Жапонияның мөлшерлемені жақын арада төмендетуі екіталай. Өйткені елдің қазіргі экономикалық ахуалы тұрақтылықты көрсетіп отыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу