DW басылымының дерегінше, Африка – әлемдегі ең жомарт құрлықтың бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған есепте 2024 жылы жеке қайырымдылықтың жаһандық үрдістері мен адамдарды садақа беруге ынталандыратын факторлар жіті зерттелген. Оған әлемнің 101 еліндегі 50 мыңнан аса адам қатысқан.
Дүниежүзі бойынша сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы қайырымдылыққа атсалысқан. Аймақтық тұрғыда қайырымдылыққа ең көп қатысқан – Африка тұрғындары (72%). Одан кейін Азия (69%), Океания (66%), Еуропа (59%) және Солтүстік пен Оңтүстік Америка (әрқайсысы 56%).
Әлемде орта есеппен адамдар өз табысының 1,04%-ын қайырымдылыққа жұмсайды екен. Ал табысы төмен елдердегі тұрғындар бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Олар жалақысының 1,45% үлесін садақаға дайындап қояды. Ал табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш бар болғаны – 0,70%.
Мысалы, африкалықтар орта есеппен табысының 1,54%-ын, еуропалықтар тек 0,64%-ын ғана қайырымдылыққа жұмсайды. Тіпті, кейбір дамыған елдерде бұл көрсеткіш одан да төмен. Мысалы, Францияда – 0,45%, Германияда – 0,39% және Жапонияда – 0,16%
Әлемдегі ең жомарт ел – Нигерия. Батыс Африкадағы халық саны ең көп мемлекеттің тұрғындары табысының орта есеппен 2,83%-ын қайырымдылыққа, діни мақсаттарға немесе мұқтаж жандарға тікелей көмектесуге арнайды екен.