Жарықтың жаппай өшуі тұрғындарға көптеген кедергі келтіруде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Электр энергиясының сөнуі Испания, Португалия, Бельгия, Франция және Андоррада тіркелген.
The Sun басылымы Испания мен Португалияның көптеген аймағының электр жүйелерінде ақау болып, соның салдарынан тұрғындар жарықсыз және мобильді байланыссыз қалғанын жазады. Әсіресе, жарықтың өшуі Мадридте, Барселонада, Валенсияда, Ла-Коруньяда, Севильяда және басқа да қалада қатты байқалған.
Кеше, яғни 28 сәуір күні Испанияның кейбір жерінде жүздеген үй мен кәсіпорында электр қуаты өшкен. Бұл жағдай тұрғындар арасында айтарлықтай дүрбелең туғызды. Мадрид-Барахас халықаралық әуежайының жұмысында да ақаулар болған. Кейбір елді мекендерде бағдаршамдардың істен шығуы көлік қозғалысын шектеп, кептелістер туындады. Испанияның кейбір ауруханаларында жағдай тіпті күрделі саналады.
Испанияның ұлттық теміржол компаниясы RENFE ауқымды электр қуатының өшуі елде бүкіл теміржол желісі бойынша пойыз қозғалысының тоқтауына себеп болғанын хабарлады.
Vanguardia басылымы Андорра, Бельгия және Францияның кейбір аймақтары да жарықсыз қалғанын мәлімдеді.
Испания мен Португалиядағы тіркелген электр энергиясының үзілуі ең ірі ақау саналады. Испанияда электр энергиясының 60%-ы небәрі бес секунд ішінде өшіп қалған.
Соңғы мәліметтер бойынша жағдай тұрақталып келеді. Испанияда электр энергиясының 92%-дан астамы қалпына келтірілген, бірақ кейбір аймақтарда әлі де қиындықтар бар.