Евгений Федоров мәреге 20 шақырым қалғанда төрт шабандоздан тұратын топтың алдыңғы қатарында болып, соңғы метрлерде шешуші шабуылға шықты. Жарыс жолының ұзақтығы 169,8 шақырымды құрады.
"Жарыс өте қиын болды. Барлығы жақсы нәтиже күтті. Мен ешкімге жеңіске жетем деп уәде берген жоқпын. Ұзақ дайындалдым. Бапкерлер штабы мені осы жеңіске мақсатты түрде жетеледі. Оған қоса дайындық аясында "Испания Вуэльтасына" қатыстым. Нәтижесінде, жеңіске жеттім. Эмоциямды айтып жеткізе алмаймын. Жаңбыр жауып, жарыс қиындап кетті. Алдымен төрт айналымнан, содан кейін екі айналымнан соң алға озуға тырыстым. Топта төрт адам болдық. Сосын екі шабандоз қалдық, бірге жұмыс жасадық. Мәреге үш жүз метр қалғанда жеңіске жетуім керек деген мақсат қойдым. Өте қуаныштымын! Командаға және маған көмектескендердің барлығына алғысымды білдіремін!", – деді әлем чемпионы Евгений Федоров.
Айта кетейік, Евгений Федоров 2012 жылы әлем чемпионы атанған Алексей Луценконың жеңісінен кейін 10 жылдан соң әлем чемпионы жейдесін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық велошабандоз.
"Евгенийдің жеңісі – еліміз үшін нағыз мереке. Бұл Қазақстан спорты тарихында ұзақ жылдар бойы қалатын керемет жетістік. Мұндай нәтиже осыдан бірер жыл бұрын біз сенім артқан жас ұрпақтың есейгендігінің дәлелі. Бұл біздің болашаққа деген сенімімізді арттырып, дұрыс бағытта келе жатқанымызды аңғартады. Мен ұлттық құраманы мақтан тұтамын. Бұл жеңіс жастар арасындағы велоспортты дамытудағы жаңа белес болатынына сенімдімін", – дейді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Тас жолдағы велоспорттан 18 қыркүйекте Аустралияның Вуллонгонг қаласында басталған әлем чемпионаты 25 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ермұхамед Мәулен