Евгений Гидич фотофиништің нәтижесі бойынша екінші орында

2207

Бүгін Осиектен басталған "Хорватия туры" веложарысы Липикте тамаша спринтпен аяқталып, жеңімпаздар тек фотофиништің нәтижесінен кейін анықталды. 

Евгений Гидич фотофиништің нәтижесі бойынша екінші орында  Фото: astanaproteam.kz

Төрешілердің шешіміне сәйкес "Астана" командасының шабандозы Евгений Гидич бас классификацияның және бүгінгі кезең жеңімпазы словениялық Марко Кумптен соң, екінші орынға ие болды. Румыниялық велошабандоз Эдуард Гросу үздік үштік қатарына ілікті.

"Жарыс біз үшін жақсы өтті. Небәрі 1 миллиметр ғана ұтылдық. Бәлкім финишке сәл ғана кеш жеттім. Жігіттердің барлығы жақсы жұмыс атқарды. Жарысты өз бақылауымызда ұстадық. Шабуылдар да болды. Шабандоздарымыз әрбір алға озған топ арасында болуға тырысты және топтардың санын азайту үшін ауқымды жұмыс атқарды. Сол үшін командаға алғысымды білдіремін. Екінші орын да жаман емес. Жақсы нәтиже көрсету үшін жұмыс жасауды одан әрі жалғастырамыз. Веложарыс көпкүндік, енді ғана басталды. Алда әлі 5 кезең бар. Өзімді тамаша сезінемін. Бұдан кейінгі кезеңдерде де таласқа түсуді одан әрі жалғастырамын. Бас классификация бойынша мықты бәсекелестеріміз бар. Сол себепті көре жатармыз",–деді фиништен соң Евгений Гидич. 

"Бүгін сайыс өте қызықты өтті. Жарыс жолының 60-шақырымына жеткенде қапталдан жел соқты. Ол кезде біздің командамыз алда болатын. Содан соң, Бахрейннен келген команда жылдамдықтарын күрт үдетіп, команда екіге бөлініп кетті. Бірақ біздің жігіттер алғашқы топта қалып, бірігіп жақсы әрекет етті. Негізгі топтан 40 секундтай басымдылыққа ие болды. Алайда финишке дейін 140 шақырым бар болғандықтан, 100% барын салып жүрудің мәні болмады. Кейінірек екі топ бірікті. Содан кейін алға озғандар болды. Оларды қуып жетті. 140-150 градус болатын айналымдар да болды. Осылардың барлығына қарамастан, команда тек алда болды. Жігіттер 100% барын салып жұмыс істеді.  Соңғы екі шақырымда  Евгений Гидич 3,4-позицияда болды. Финиш қызықты болды. Себебі бір уақытта бірден үш шабандоз мәре сызығын кесті және фотофиништің қорытындысы бойынша біз небәрі бір миллиметр ғана ұтылдық. Төрешілер нақты шешімге келе алмай, алдымен Евгений бірінші дегенімен, соңғы шешім бойынша жеңіс словениялық шабандозға бұйырды. Жалпы бүгінгі кезеңнің нәтижесіне көңіліміз толады. Велоспортта тек қана секундтар емес,бір ғана миллиметр жеңіске әкелетіні қызық болды, – деді спорт директоры Сергей Яковлев.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу