Евгений Тарасов: "Англияда ойнауым керек еді"

1258

Кезінде "Зенит" сапында сұрмерген болған шабуылшы Евгений Тарасов осы жақында "Каспий" футбол клубының бапкерлер штабына алынды. "Инбизнес" тілшісі қазақстандық маманмен сұқбат жасаған еді.

Евгений Тарасов: "Англияда ойнауым керек еді"

- Евгений, футболда ең алғаш Сіз жайлы Қырғыстанның Қара-Балта қаласында өткен матчтан кейін ести бастадық. Өміріңіздегі ең маңызды матч болған секілді ғой сол ойын.

- Иә, ең маңызды ойындардың бірі деп айтсам қателеспеймін. Бізге жеңіс ауадай қажет еді. Ал мен сол матчта қосалқы құрамда отырдым. Бапкер Фомичев мені алаңға алмасытырп шығарды. Ойынның 89-минуты болатын. Ыңғайлы келген допты қайшылап теуіп, гол салдым. Соның арқасында біз келесі кезеңге өттік. Ол Олимпиадалық құрам деп саналатын. Осы ойыннан кейін менің жолым бола бастады.

- Одан кейін Тайландтағы Азия ойындарына қатыстыңыздар. Онда тіпті жүлдегер атанатын мүмкіндік болды ғой.

- Иә, Тайландта Азия кубогы болды. Біз бастапқы ойындарды тамаша өткіздік те, Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алдық. Одан кейінгісі аса қатты есімде жоқ. Бірақ, Оңтүстік Кореямен болған матчта біз босаңсыған жоқпыз. Футболшылар алаңға шыққан соң тек қана жеңіске ойнайды. Ал біз сол матчта 2:0 жеңіп, тұрып, жеңісті қолдан жіберіп алдық.

- Осы ойындардың ортасында Біріккен Араб Әмірліктерінде келеңсіз оқиғаға тап болдыңыздар. Тіпті, абақтыда отырып шығуға тура келді. Осы оқиға жайлы айта кетсеңіз.

- Негізі ол жерде аса қатты бір даулы оқиға болған жоқ. Біз базарда жүрдік. Сатушымен дұрыс тіл табысы алмадық. Біз бір затты сатып алдық. Оның ақшасын төледік. Бірақ, ол полиция шақырып, бізді ақшаны дұрыс төлемеді деп дау шығарды. Кейіннен журналисттер бұл оқиғаны басқаша бұрмалап шығарды. Барлығы дұрыс шешіліп, біз елге оралдық.

- Сондағы оқу-жаттығу жиынында жүрген Сергей Морозов деген атақты бапкер Сіздің ойынды көріп "Зенитке" алғысы келді. Болат Әбілевтің айтуы бойынша "Қайрат" клубы Сізді 300 мың долларға сатқан екен.

- Иә, мен де осындай ақша туралы естідім. Ол кезде бұл қомақты ақша болатын. "Зенит" командасының бапкерлері мені шамамен жарты жылдай бақылап жүріпті. Содан кейін негізгі шабуылшы Пановты "Сент-Этьенге" сатты. Мені соның орнына шақырған сыңайлы.

- "Зенитке" бара салып Сіз сұрмерген бола кеттіңіз ғой...

- Иә, бірінші матчта "Петровский" стадионында алаңға шыға салып гол салдым. Ол "Брентфордқа" қарсы өткен ойын болатын. Ол кезде "Интертото" кубогы деген сайыс өтетін. Одан кейін біз араға апта салып Англияға бардық. Ол ойында мен тағы да гол салдым. Сол матчтан кейін "Зенит" басшылығына Англиялық клубтардан ұсыныс түсіпті. Мені сатып алғысы келген екен. Алайда, "Зенит" басшылығы "біз оны осы жақында ғана сатып алдық, әзірге сатпаймыз" деп айтыпты. Әйтпесе, кім біледі Англияда ойнап қалуым да мүмкін бе еді?!

 - "Зенит" сапында Ресей чемпионатын жақсы бастадыңыз. Алғашқы 6 турдан кейін Сіз үздік сұрмерген болып тұрдыңыз.

- Иә, алғашқы апталарда менің қолым жүріп тұрды. "Ростов" қақпасына дубль жасадым. Сосын, "Сатурнмен" болған матчта бір гол, бір ассист істедім. Кейіннен жарақатым меңдеп кетті. Негізі ол жарақатты мен "Брентфордқа" қарсы өткен Англиядағы матчта алған едім.

- Футболшы болудан шаршап, жарақаттың кесірінен бапкер болып кеттіңіз бе?

- Мен сол кезде Санкт-Петербор қаласынан пәтер алдым. Сосын, бала-шағам өсіп, өзімнің болашағымды ойлай бастадым. Сосын мені бапкерлер штабына қосты. 14-16 жастағы балаларға бапкер болдым. Содан бері жастар тәрбиелеу ісінде жүрмін.

- Көп жылдар бойы қызмет еткен "Зенит" командасына Нұралы Әліп ауысып барды. Бұл ойыншы жайлы не айта аласыз?

- Иә, Қазақстаннан қорғаушы келді дегенді естіп оның ойындарын байқадым. Бойы ұзын, сол аяқпен ойнай алады екен. Бұл футболда үлкен басымдылық береді. Ондай ойыншылар көп емес. Ракицкий кеткен соң Нұралының негізгі құрамға іліне алатын мүмкіндігі туындап отыр. "Зенит" бұл ойыншыны жақсы алды деп ойлаймын. Себебі, ол әлі футболшы ретінде дамиды. Өзі жас футболшы. Менен кейін "Зенит" сапына қазақстандық ойыншы ауысқанына қуанамын. Өйткені, "Зенит" Ресейдің ТОП командасы деп айта аламын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу