Евниев: "Бұл сөзден іске көшу деген сөз"

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2347

Ауылшаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылық техникасына утилизациялық алым енгізуді қолдап отыр.

Евниев: "Бұл сөзден іске көшу деген сөз"

Ауыл шаруашылық техникасына келешекте утилизациялық алым енгізу жайы саладағыларды екіге жарды. Ауыл шаруашылық техникасын өндірушілер бұл бастаманы қолдаса, ал фермерлер аса ынталы емес. Жақында жұмыртқа өндірушілер одағының басшысы Максим Божко ауылшаруашылығы министрлігінің көшпелі отырысы барысында диқандарды осы мәселе толғандырып отырғанын, себебі утилизациялық алым техниканы қымбаттатып, фермерлердің қалтасына салмақ салатынын айтқан болатын. Ал ауылшаруашылығы министрлігі утилизациялық алым қажет дегенінен қайтпақ емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Евниев аbctv.kz-ке бұл қадам елдегі өндірістің дамуын ынтыландыратынын мәлім етті.

– Белгілі бір класқа жататын тракторлар мен комбайндарға утилизациялық алым енгізуді қолдаймыз. Қазақстанда жинақталмайтын және жақын арада құрастырылуы екіталай техникаға утилизациялық алым енгізбейміз. Яғни, тұқым себетін, жерді өңдейтін кешендер сияқты таяу арада шығарылмайтын ауыл шаруашылық техникасының түрлеріне утилизациялық алымды енгізілмейді.  Ал тракторлар мен комбайндарға енгізіледі, өйткені қазір бізде нақты құрастырушы өндіріс бар. Утилизациялық алым туралы әңгіме басталғаннан кейін, мысалы, CLAAS сияқты ірі өндірушілердің он жылдан бергі келіссөздері нәтиже бере бастағанын көріп отырмыз. Олар тап осы жылы Петропавлда 100 машинаны құрастыруды жоспарлап отыр. Бір сөзбен айтқанда жұмыс басталды.

Утилизациялық алыммен қатар отандық өндіруші мен жеткізуші арасындағы, сондай-ақ шетелден диллер ретінде жеткізетіндер арасындағы айырмашылық 27% болады деп есептеп отырмыз. Оның ішінде утилизациялық алым 10% болады. Сондықтан ұзақмерзімді және орташа мерзімді келешекте тек CLAAS қана емес, сонымен қатар басқалар да осы жерде өндірісін орналастыруға мәжбүр болады. Бұл сервисті, қосалқы бөлшектерді жеткізуді жақсартады. Ақыр соңында бұл нақты бәсекелестікке әкеледі.

– Ал қысқамерзімді келешекте фермерлер зардап шекпейді ме?

– Жақын арада, тіпті биыл комбайн құрастыру басталады. Утилизациялық алым сөз бола бастағаннан-ақ, CLAAS (CLAAS TUCANO астық жинайтын комбайны) Киров трактор зауыты, HORSCH тұқым сепкіші осы жылы кешендердің алғашқы легі құрастырылып, нарыққа жеткізіледі деп отыр. Біздің нарықта жұмыс істегісі келетін тағы бірнеше қытайлық компания бар. Сондықтан механизм жұмыс істей бастады десе болады.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын утилизациялық алымды енгізген соң жинақтаушы, қосалқы бөлшектердің бағасы шарықтап кеткен Ресейдің қателігін қайталаймыз деп қорықпайсыздар ма?

– Бұл жердегі жүйе фермерлер мен техниктер үшін мүлдем өсім болмайтындай етіп жасалған. Егер Қазақстанда жинақталатын және жинақталған техника көңілдерінен шықпайтын өндірушілер болатын болса, онда олар техниканы басқа жақтан сатып алады. Әрине, олар үшін айыршылығы бар. Бұл біздің талай жылдан бері тарқата алмай келе жатқан түйініміз болатын.

Ондаған жыл бойы өндірушілермен кездестік, олар нарыққа енуге дайын, бірақ та кепілдендірілген нарықты қалайды. Тек осындай жағдай жасалғанда ғана, олар сөзден іске көше бастайды.

– Тап осы утилизациялық алым оларға нарыққа кепілдік береді ме?

– Әрине. Қазір бізде парктің жаңартылуы жылына орташа есеппен 2%-ды құрайтынын көріп отырмыз. Ал қажеттілік 10%-дан кем емес. Оған қоса, техникалардың 70%-дан астамы 10 жылдан астам қызмет көрсетіп келеді. Яғни ескіріп, тозығы жеткен техникалар бар. Ал біз болсақ, қазір цифрландыру туралы сөз қозғап жатырмыз. Иә, инновациялық, технологиялық тұрғыдан барлық жаңа үшін төлеу керек шығар. Барлық ескі-құсқы техниканың қолданылып келе жатқанына 20 жылдан асты. Оны жинау керек. Ал фермерлер болса ескіні өткізіп, сертификат алады, соған қосымша ақша қосып, жаңа техника сатып ала алады. Осыдан өнімділік, ескі техниканы бос тұруының азаюы бойынша тиімділікті көруге болады.

 – Фермерлерге құлақ түрсек, олар басқаша ойлайтын сияқты.

– Шағын және орташа фермерлердің бұл техниканы сатып алмағанына да он жылдан асқан.

– Нақ осы оларды шығынға батырады ғой.

– Дәл осы оларға шығын әкелмейді. Олардың көбісі осы жерде жиналған техниканы сатып алады. Техниканың барлық желісі осы жерде ұсынылған. Оған қосымша субсидиялар болады, фермерлер үшін бағаның өсуі мүлдем болмайды.

– Шағын немесе орташа кәсіпкер деп айтуға келмейтін кәсіпкер Божко осы мәселені көтеріп, қымбаттау сөзсіз болатынын және бұл олар үшін проблема екенін айтқан еді.

– Фермерлермен барлық проблемаларды талқылауға дайынмын. Бірақ бір жыл өткеннен кейін-ақ, беделге ие болған және нарық көшбасшылары – негізгі жеткізушілердің барлығы техниканы осы жерде ұйымдастыруға қатысты ұсыныспен келетініне сенімдімін. Біздің өнеркәсіпті іске қосу үшін одан әрі қарай жерсіндіруге қатысты мәселені көтеретін боламыз. Бұл үлкен нарық, зор әлеует, бізде өзіміздің ауылшаруашылық машинасын жасайтын орнымыз болуға тиіс.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу