EXia: Елімізде мұнай-газ саласына арналған цифрлық платформа іске қосылды

669

Астанада KAZENERGY XVI Еуразиялық форумы аясында бірегей Energy Insights and Analytics (бұдан әрі – EXia) мұнай-газ саласы цифрлық моделінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

EXia: Елімізде мұнай-газ саласына арналған цифрлық платформа іске қосылды Фото: KAZENERGY

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар күнделікті өмірімізге ғана емес, ел экономикасының тірегі саналатын ірі салаларға да белсенді еніп жатыр. EXia аналитикалық платформасы – "KAZENERGY" қауымдастығы мен AppStream компаниясының қанатқақты жобасы. Оны мұнай-газ саласының сарапшылары әзірлеген. Бұл мұнай-газ саласын сандармен және деректермен сөйлеткен заманауи жүйе. Саладағы мәліметтер көлемі күн санап өсіп келеді. EXia платформасы түсінуге қиын делінген ақпараттың өзін қарапайым тілмен түсіндіріп, қабылдауға жеңіл етеді.

Мұнай-газ тақырыбы бойынша әлемдегі, елдегі, компаниялар бойынша мәліметтер жинақталып, оларға ортақ цифрлық жүйеде талдау жасалады. Яғни, EXia платформасының арқасында саладағы үлкен деректер бір жерде тоғысып отыр деуге болады. Отандық цифрлық шешім еліміздің сан алуан ақпаратты жинап, оларды интерактивті карталар, графикалар және аналитикалық есептер арқылы ұсынады.

Мұнай өндіретін компанияның өндіріс көлемі, қаржылық ахуалы немесе нарықтағы бағасы туралы ақпарат енді батырманы бірнеше рет басу арқылы әп-сәтте қолжетімді. EXia көмегімен мұнай мен газ өндірісіне қатысты нақты әрі болжамды көрсеткіштерді көруге, мемлекетке төленетін төлемдердің болжамымен танысуға болады.

"Бүгінгі таңда энергетика саласы технологиялық, нарықтық және климаттық тұрғыдан терең трансформацияларды бастан өткеріп жатыр. Осындай жағдайда тек ішкі түйсік пен қазіргі тәжірибеге ғана емес, нақты деректер мен ұлттық талдауға сүйену ерекше маңызды. Қазақстанда мұнай-газ саласының бірыңғай ұлттық аналитикалық жүйесін құруға бұған дейін де бірнеше рет әрекет жасалды. Бұған дейін осындай үш үлкен әрі маңызды бастама болды, бірақ өкінішке қарай, олар сәтсіз аяқталды. Бұл үлкен деректерді, салалық сараптаманы, заманауи технологиялар мен талдаудың бірыңғай стандарттарын біріктіру өте күрделі екенін аңғартты. Ол уақытта техникалық құралдар мен технологиялар, соның ішінде цифрлық шешімдер бүгінгідей дамымаған еді", – деді KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин.

Биылғы 15 мамырда өткен KAZENERGY қауымдастығының Ғылыми-техникалық кеңесінің 47-ші отырысында EXia платформасының жоғары әлеуеті таныстырылған болатын.

Спикердің айтуынша, KAZENERGY бастамасымен қолға алынған жоба сәтті жүзеге асты деуге болады. Ұзақбай Қарабалин бұл жүйе компания деңгейінен бастап мемлекеттік органға дейін шешім қабылдауға көмектесетін құрал болады деп сенімін білдірді.

"Қазір бәріміз мүлде басқа әлемде өмір сүрудеміз. Техника, технология, өркениет жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. EXia жүйесі арқылы заманауи деңгейге шығамыз. Бұл платформа қысқа мерзімде қатты пайдалы қазбалар саласына да таралуы мүмкін. Табиғи ресурстарға негізделген еліміздің экономикасы үшін ол өте тиімді құрал болмақ", – деді Ұзақбай Қарабалин.

ENERGY Insights & Analytics

Бүгінгі таңда мұнай-газ және энергетика саласы жаңа тарихи кезеңде тұр. Жыл өткен сайын осы бағыттардың маңызы артпаса, кеміген жоқ. Өз кезегінде бұл аталмыш салалардың даму қарқыны мен әлеуетіне басқа көзбен қарайтын уақыт жетті деген сөз. EXia 2024 жылдан бері мұнай-газ саласы бойынша кешенді талдау жүргізіп, сондай-ақ сапалы мәліметтер мен терең талдауға негізделген ұсынымдар әзірлеумен де айналысады. Компания сала бойынша сапалы аналитиканың жетіспеушілігіне байланысты KAZENERGY қауымдастығының бастамасымен құрылған болатын. Бұл орталық мұнай-газ саласындағы негізгі жобалардың даму барысына тәуелсіз талдау жүргізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарына және Үкіметіне стратегиялық мәселелер бойынша ұсыныстар мен болжамдар әзірлейді. EXia "KAZENERGY" қауымдастығының және AppStream компаниясының қатысуымен құрылды.

EXia-ның аға басқарушы серіктесі Әлихан Байдусеновтің сөзінше, EXia платформасы мұнай-газ саласының даму бағытын анықтауға көмектеседі.

"Біз мемлекеттік бюджеттің жартысына жуығы мұнай-газ саласынан түсетін кіріске тәуелді екенін жақсы түсінеміз. Өз кезегінде бұл саланың болашағын нақты түсініп отыру өте маңызды. Дәл осы модель ұзақ мерзімді болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Біз жасаған болжамдар 2070 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Платформа "мұнай мен газ қанша жылға жетеді?", "табиғи ресурстар қорларының көлемі қандай?", "Қазақстан халқы пайдалы қазбаларды өндіруден қанша табыс табады?" деген маңызды сұрақтарға жауап береді", – деді ол.

Аналитикалық платформа саладағы ең үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелдік озық аналитикалық шешімдердің үлгісімен жасалды.

"Біз бірінші кезекте жұмысымызды деректердің сапасын жақсартудан бастадық. Ал үлкен көлемдегі деректерді жинаған соң, біз жарты жыл бойы жасанды интеллектіні өз мәліметтерімізге негіздеп оқытып келеміз. Платформада ақпарат үнемі жаңартылып отырады. Әртүрлі деректер әр түрлі мерзіммен жаңарады. Мәселен, өндірістік көрсеткіштер бізге тәуліктік немесе ай сайынғы негізде түсіп отырады. Ал қаржылық деректер жылына бір рет келеді. Бізде нақты кесте бар. Платформадағы барлық деректер әрдайым өзекті", – деді Әлихан Байдусенов.

Оның айтуынша, осындай платформалар инвесторларға шешім қабылдау үшін қажетті деректерді тез әрі оңай алуға мүмкіндік береді.

"Әйтпесе, инвесторға ақпарат жинау үшін бір кабинеттен екінші кабинетке баруға, мәліметті өз бетінше саралап, көп уақыт жоғалтуына тура келеді. Ал бұл уақытта ол шешімінен айнып шыға келуі де әбден мүмкін. Себебі қазір уақыт ең қымбат ресурс екенін жақсы түсінеміз", – деп атап өтті Әлихан Байдусенов.

 

Шетелдік сарапшылар да жаңа платформаның жұмысына жоғары баға беріп отыр.

"Біз норвегиялық компаниямыз. Бізде Қазақстан бойынша мәселелермен айналысатын сарапшылар бар, олар мұндағы компанияларды бақылап отырады. Бүгінгі EXia әзірлеген модель ерекше әсер қалдырды. Онда экономикалық көрсеткіштер, Upstream және Downstream көрсеткіштері біріктірілген. EXia бүкіл мұнай-газ саласының экономикасын есептеп шыққан. Бұл – өте күрделі міндет. Өйткені әрбір еншілес ұйымды жеке қарап, олардың кіріс құрылымы қандай, нарықта қалай жұмыс істейтіні, яғни, маржасы қандай, табыстылығы қандай – соны түсіну қажет. Міне, бұл EXia моделінің ең тартымды тұсы деуге болады", – деді Rystad Energy компаниясының вице-президенті, стратегиялық зерттеулер бөлімінің жетекшісі ⁠⁠Ольга Савенкова.

EXia - ның негізгі мақсаты – Қазақстандағы және Каспий өңіріндегі мұнай-газ бен электр энергетикасы салаларындағы ахуалды жан-жақты зерделеп, жетекші ойыншылардың қызметіне талдау жасау арқылы салалық көрсеткіштерге негізделген деректер базасын құру. Өз кезегінде бұл ұлттық экономикадағы маңызды салалардың дамуына ықпал етіп қана қоймай, басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда аналитикалық орталық мүдделі тараптарға сенімді ақпарат ұсынуды, оларды стратегиялық және жедел шешімдер қабылдауда қолдауды басты басымдығы деп біледі. EXia сарапшыларға, мемлекеттік органдарға, салалық ұйымдарға және инвесторларға арналған зерттеулер мен ұсынымдар дайындау арқылы деректердің негізгі қоймасына айналғысы келеді. Айта кетерлігі, EXia өз жұмысында сапалы мәліметтер мен төрткүл дүниеде мойындалған үздік тәжірибелерге сүйенеді. Келешекте EXia саладағы беделді орталықтардың біріне айналуды көздеп отыр.

EXia 4 түрлі бағытта талдау жүргізеді: сипаттамалық, диагностикалық, болжамдық және нұсқаулық. Мәліметтер мен аналитика қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарияланады.

EXia – теңдесі жоқ аналитикалық құрал

Цифрлық көмекші халықаралық тәжірибелерді де ескеріп жасалған. Мысалы, платформаның бағалау жүйесінде әлемде кең тараған DCF (discounted cash flow) әдісі қолданылады. Бұдан басқа платформада сыртқы LLM арқылы табиғи тілдерді өңдеудің алгоритмдері пайдаланылған. Яғни, салаға қатысты жаңалықтарды автоматты түрде сараптап, олардан маңызды тұжырымдар әзірленеді.

Сонымен қатар цифрлық платформадағы мәліметтер Қазақстандағы шикі мұнай өндірудің 96,5%-ын қамтиды. Бұл ел экономикасының негізгі саласын толық дерлік зерделеуге мүмкіндік бар дегенді білдіреді. Сол себепті бұл жүйе мемлекеттік органдар үшін де, жеке сектор үшін де тиімді. EXia арқылы мұнай-газ саласында ашықтық пен сенімділік беки түсетіні даусыз. Платформа жедел шешім қабылдауға көмектесіп қана қоймай, инвесторлар үшін түсінікті әрі нақты ақпарат көзіне айналмақ.

EXia аналитикалық платформасы мұнай-газ саласының негізгі сегменттері бойынша деректерді талдау, модельдеу және визуализациялауға арналған бірнеше функционалдық модульді қамтиды.

Upstream (Мұнай мен өндіру). Инвестициялық әлеуетті талдаған кезде Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялардың өндірістік, геологиялық және қаржылық көрсеткіштері сарапталады. Сонымен қатар компаниялардың даму әлеуетіне болжам жасалып, бенчмаркинг жүргізіледі. Бұдан басқа Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобалары бойынша өндірістік және қаржылық көрсеткіштер талдануы мүмкін. Бұл модульде мұнай өндіруші компаниялардан мемлекет бюджетіне түсетін кірістерді бақылауға және болжауға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ табиғи газ балансы, еліміздегі мұнай-газ қорларының өзгеру динамикасы бойынша тарихи деректер, Қазақстандағы ең ірі 50 мұнай өндіруші компания туралы анықтамалық ақпаратпен танысуға болады.

Midstream (Тасымал және мұнай-сервис). Бұл модульде Қазақстан аумағында мұнайдың қалай, қай бағытта қозғалатыны көрсетіледі. Сонымен қатар табиғи газ қозғалысын да осылай талдауға болады. Сарапшылар Қазақстандағы мұнай-сервис қызметтері нарығын да сараптайды.

Downstream (Өңдеу және сату). Бұл бөлімде мұнай өнімдерінің балансы, қара алтынды өңдеу секілді тақырыптарға мән береді. Мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын жан-жақты талданып, мұнай өнімдерінің қалай сатылып жатқанына бақылау және талдау жүргізіледі.

Соңғы модуль – жаңалықтар фоны мен мобильді қосымша. Мұнай мен газға қатысты жаңа мақалаларды әртүрлі көздерден күнделікті жинап, талдап және жіктейтін ішкі жүйе, ол сандарды талдаумен қатар, табиғи тілді өңдеу арқылы жаңалық мәтіндерін де талдайды.

Болашақта платформа электр энергетикасы, уран өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері, экологиялық деректер сынды бағыттарға да ден қоймақ. Негізінен алғанда, экономиканың негізгі секторларына толыққанды цифрландыруға бет алған Қазақстан үшін бұл маңызды қадам. Қазір біз сан миллиондаған деректер ғасырында өмір сүреміз. Мәліметтермен жақсы жұмыс істей алатындар қай жаққа басымдық беру керек екенінен де хабардар. Бұл жолда EXia платформасы көмекке келуге дайын. Жаңа жүйе сала мамандарына ғана емес, осы салада қызығушылық танытқан азаматтар үшін де таптырмас құралға айналмақ.

Тау-кен саласының дамуындағы аналитиканың орны

EXia платформасының таныстырылымы кезінде EXia мен "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ арасында келісімге қол қойылды.  EXia – ның аға басқарушы серіктесі Әлихан Байдусенов Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, отандық модель әзірленетінін айтты. Бұл бағытта тараптар тығыз жұмыс істейтін болады.

"Оның маңызы қандай дегенге келсек, бұған дейін біз шетелдік ірі аналитикалық агенттіктердің болжамдары мен талдауларына сүйеніп келдік. Ал біздің жасағанымыз – Қазақстандағы алғашқы отандық модель. Бұл тек өз аналитикамызды дамыту ғана емес, бұл – ақпараттық тәуелсіздік", – деді ол.

"Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Галиевтің сөзінше,  Exia-мен бірлесіп дайындаған аналитикалық база өте өзекті өнім болмақ.

"Бұл жүйе инвесторға, жалпы кез келген адамға елдегі мұнай-газ саласында не болып жатқанын түсінуге көмектеседі. Біз, Ұлттық геологиялық қызмет ретінде барлық пайдалы қазбалармен, соның ішінде қатты пайдалы қазбалармен де айналысамыз. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де осындай аналитикалық құрал жасау мәселесіне көңіл бөліп отыр. Біз EXia-мен осындай платформаны тау-кен секторына бейімдеп әзірлеу үшін келісімшарт жасап жатырмыз", – деді Ерлан Галиев.

Оның айтуынша, Қазақстанда барлық баланстық қорлар мен геологиялық ақпарат Ұлттық геологиялық қызметте сақталып, өңделеді. Спикер елімізде бұл жүйені жасауға қажетті барлық бастапқы деректер бар екенін айтты. Ал қорларды болжау, жаңа зерттеу бағыттарын айқындау немесе жалпы салалық трендтерді бақылауға арналған құралдар EXia сияқты ұйымдар тарапынан әзірленеді.

"Біз жаңа кен орындарын ашпасақ та, аналитика арқылы саланы толық әрі басқа қырынан қамти аламыз. Мен бұл жүйенің басты артықшылығы ретінде оны қолданудың қарапайымдылығын атар едім. Бұл платформаны пайдаланып көрдім, бәрі түсінікті. Ол танымал халықаралық платформалар үлгісімен жасалған. Егер дәл осындай түсінікті платформа тау-кен секторына арналған түрде әзірленсе, онда біздің ресурстар мен қорлар инвесторлар үшін ашық әрі тартымды бола түсер еді", – деп атап өтті "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ Басқарма төрағасы.

Ерлан Галиев қазіргі қол қойылған келісім бірлескен жұмыстың бастамасы деп есептейді. Спикер 5-10 жылда қандай нәтижелер күтіледі деген сұраққа да жауап берді.

"Біз аналитикадан бастағымыз келеді. Бұл тек бастамасы ғана. Ұлттық геологиялық қызмет мұнай-газ саласына қатысты ақпаратқа да ие болғандықтан, біз болашақта EXia-мен бірлесіп, мұнай-газ секторына арналған инвестициялық пакеттер әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл қазір жүзеге аспайды. Бұл болашақтың еншісінде", – деді ол.

"Ұлттық геологиялық қызмет" басшысы қолға алынған жобалардың бәрі де жаңа ашылып жатқан зерттеу, барлау компанияларына үлкен көмек болады деген пікірде.

EXia – Қазақстан үшін өте маңызды бастама. Ол тек саланы цифрландыруды емес, сонымен қатар ашықтық, әділдік пен тиімді басқаруға жол ашады. Мұндай платформа еліміздің мұнай-газ саласын жаңа деңгейге көтеріп, болашаққа сенімді қадам жасауға көмектеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу