Адамзат 2016 жылға көз ілестіре алмай, 2017 жылға да аяқ басты. Астанада өтетін Халықаралық EXPO көрмесінің ашылуына да небәрі бес ай уақыт қалыпты. Ауқымды жобаның басталуына 150 күн ғана қалса да, бір жарым ай бұрын көрменің басты ғимараты алғашқы аязға шыдамай, ортасына опырылып түскен болатын.
"2016 жылдың 16 қарашасы күні шамамен түскі сағат 13.10-да Астана EXPO-2017 көрмесінің құрылыс жобасында декоративті көпір конструкциясы құлады. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Апаттың себеп-салдары анықталып жатыр. Ішкі тергеу жұмыстары басталды. Жобаның бас мердігері – BI Group холдингінің еншілес кәсіпорны. Жоба жетекшісі Абрагим Жакеевтің айтуынша, бұл – тек декоративті сипаттағы конструкция", – деген еді "Астана ЕХРО-2017" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі журналистердің сұрағына берген жауабында.
"BI Group" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев болса, ауқымды жобадағы апатқа қатысты тек әлеуметтік желі арқылы ғана түсініктеме берді.
"Ең бастысы, адамдар аман. Әрине, түсінемін, барлығы біздің пікірімізді күтіп отыр. Оқиға орнындағы жағдайды зерттеп, әріптестеріммен және инженерлермен талқылау жүргізгеннен кейін, қазір тиісті мәлімдеме жасауға әзірмін", – дейді Айдын Рақымбаев оқиғадан кейін бір тәулік өткен соң.
"Біріншіден, конструкцияға тоқталатын болсам, бұл нысан шынымен де сәулет-декоратив элементі еді. Оны еліміздегі ең кәсіби компания – "Имстальком" құрастырып, монтажын жүргізді", – деген Айдын Рақымбаев апатқа қарамастан, кәсіби құрылысшы ретінде олардың жоғары біліктілігі мен құзыреттілігіне күмәнданбайтынын айтып, халық сынына ұшырады.
"Инженерлермен кеңесе отырып, алдын ала тұжырым жасадық: 90 метрлік ферма (cәулет-декоратив элементі) металдың химиялық құрамының сәйкес келмеуіне байланысты, аязды күнде металдың қысымына шыдай алмады. Арнайы құрылған комиссия нақты себебін анықтай жатар", – деген еді компания басшысы.
Бір айта кетерлігі, құлаған декоративті нысан Қытайдың металынан салынғаны анықталған болатын. Ал Қазақстан елордасы – Астана әлемдегі ең суық астаналардың ішінде екінші орын алатынын мектеп оқушысы да біледі. Көп ұзамай, аязға қатысты болжамды "Астана ЕХРО-2017" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі растап шықты. "Біз тәуелсіз сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесін алдық. Олар құрылысқа пайдаланған материалдарды тексеріп, декоративті конструкцияның құрылысы мен жобалау жұмысын тексеріп шықты. Сараптама нәтижесінде комиссия конструкцияның құлауына жобадағы кемшіліктер себеп болды деген шешімге келді. Көрме кешенін тапсырыс беруші әлі қабылдаған жоқ. Сондықтан барлық шығынды мердігер компания – BI Group өтейді", – дейді компанияның баспасөз хатшысы Ақсұлу Санғали. Яғни жобалау кезінде құрылыс материалдары, яки металл дұрыс таңдалмаған. Бір айта кетерлігі, көрме аумағындағы басқа да нысандар тура сол металдан салынғанын BI Group басшысы "мойындаған" еді... Бірақ бұл қауіп туралы осы уақытқа дейін еш жерде айтылған жоқ.
Әзірге "Астана ЕХРО-2017" компаниясы қалған құрылыс қауіпсіз екеніне және құрылыс уақытында аяқталады дегенге сендіріп отыр. Және де көрменің имиджін жақсарту үшін компания әр деңгейде әртүрлі "жағымды" шаралар өткізіп келеді. 2017 жылдың алғашқы жұмыс күні де EXPO туралы шарамен басталды. Ұлттық академиялық кітапханада "Астана EXPO-2017 – Болашақтың қуаты" тақырыбында кітап көрмесі өтті. Төрт бөлімнен тұратын көрме аясында кітапхана сөресіне 400-ден аса кітап, соның ішінде, "Лондоннан Астанаға дейін халықаралық көрме тарихы" атты Бүкіләлемдік көрмелер тарихы туралы үш томдық құнды кітап қойылған. Бірінші том 1851-1933 жж., екіншісі – 1935-1968 жж., үшіншісі – 1970-2017 жылдар аралығын қамтыған.
Расымен де, дүниежүзі халықтарының көрмесін бір ғимаратта өткізу туралы идея алғаш рет 1851 жылы Лондонда көтерілген, содан төрт жыл өткен соң көрмеге арналған қалашықтар салына бастады – ЕХРО көрмесінің арқасында "Кристалл сарайы" (ең алғашқы көрме өткен ғимарат), төбедегі жаңа қалашық (ХХІ ғасырдағы бірінші көрме – Жапонияның Айчи префектурасы) пайда болған-ды. Бір байқағанымыз, 19 ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында адамзат дүниеде технологияны дамытуға тырысқан. 1904 жылы Сент-Луистегі көрмеге келген халық жаңа туған баланы салатын инкубаторды бірінші рет көрсе, жарты ғасырдан соң, яғни 1962 жылы "Адамзат ғарыш дәуірінде" деген тақырыптағы көрме өткен. Тағы жарты ғасыр өте келе технологияны дамытудың шарықтау шегіне жеткен адамзат табиғат пен адамзат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғанын байқайды. Сондықтан технологиялар мен инновациялар тақырыбы "тасада" қалды да, көрме "Табиғаттың даналығы" (Айчи-2005 көрмесі"), "Су мен ақылды даму" (Сарагоса-2008 көрмесі) сынды тың тақырыптар аясында өте бастады. 2015 жылғы Милан көрмесі "Планетаны тамақтандыру. Өмір энергиясы" тақырыбында өтсе, 2016 жылғы Анталия "Балалар мен гүлдер" тақырыбын, 2017 жылы Астана "Болашақтың энергиясы" тақырыбын ұстанып отыр.
Сонымен EXPO туралы көрмеге қайта оралсақ. Көрменің музыкаға арналған бөлімі басталғанда, жастар EXPO мен музыка арасындағы байланысты көпке дейін байқай алмады. Кітапхана қызметкері Бекзат Смағұлов "Балқадиша" әнін орындай бастағанда да көпшілік тыңдарманның есіне тек Ақан Сері оралды. Сері Ақаннан басқа, ән кейіпкері Қадишаның "кәрі" күйеуі де көзге елестеді. Тек "Балқадиша" әнінің ел аузындағы тарихы теріс, дейді "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев. "Қадиша апамыздың Көкшетау өңірінде тұратын ұрпақтарын жақсы танимын. Бұл әннің "сексендегі шал" туралы айтылған жолдары таза аңыз. Қадиша өз теңіне ұзатылған, өніп-өнген ұрпағы бар", – дейді Арман Шораев. Қадиша қыздың ұрпақтары айтқан тарихқа сүйенсек, бай Ыбырай шілдехана жасап жатқан кезде, Ақан сері келіп, төрге отырған екен. Сол кезде Ақанның бойында жын-пері бар деген алып-қашпа сөздің өршіп тұрған кезі болса керек, төрде отырған Ақанның маңына ешкім отырмайды. Сонда Ыбырайдың Қадиша есімді қызы сері ағасының жанына отырған екен. Серінің жанында Қадишаның отырғанын оның ағалары естіген бойда, екі жеңгесін жіберіп, қызды алып шығуын тапсырады. Қадиша бірақ Ақан Серінің жанында әнін тыңдап отыра берген. Сол кезде ауылдың ақсақалы "Қадишаны қайтарыңдар" деп тағы адам жіберген көрінеді. Таң ата Қадиша қайтуға жинала бастағанда, Ақан сері қолына домбырасын алып, екі ішекті қағып жіберіп әнді орындай бастайды. Қазір әншілер орындап жүрген әндегі екі жеңге мен "сексен бестегі" шал туралы жолдары бұрмаланғанын осы жерден байқауға болады деседі. Бұл әннің соңғы өлең жолдары мынадай болған: "Кекілін кер бестінің сылағаным, Басынан Жыландының құлағаным. Кетті деп Балқадиша естігенде, Құшақтап құс жастықты жылағаным. Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол, Шапанға ширатпалы жібек бау бол. Атадан артық туған Балқадиша, Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол" ұзақ әннің 90 шумағы болған.
Ал EXPO көрмесінде "Балқадиша" әнінің орындалуы жастарға түсініксіз болса да, көрмеге бұл әннің және оны орындаған әншілердің бірі – Әміре Қашаубайұлының тікелей қатысы бар. 1925 жылы Париж қаласында өткен EXPO көрмесінде Әміре Қашаубайұлы осы әнді орындаған болатын. Дүниежүзілік сән өнері көрмесінің аясындағы этнографиялық концертте "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Үш дос", "Жалғыз арша", "Қос балапан", тағы басқа әндерді орындаған Әміре әнші екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. Сол кезде дәурені дүркіреп тұрған "Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикл" журналы Әміре Қашаубайұлының сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубайұлы шетелде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.
Жақын арада abctv.kz порталының тілшісі "Астана EXPO-2017" ұлттық компаниясынан "Әміре Қашаубайұлының отаны – Қазақстанда өтетін EXPO көрмесінде 92 жыл бұрын қазақты әлемге танытқан ән мен әнші мәдени шаралар тізіміне енгізілді ме, жоқ па?" деген сұрақтың жауабын анықтайды.