Фактчек. Айдын Рахымбаевтың манипуляциясы

2475

BI Group холдингінің акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев 25 қаңтарда Facebook желісінде өз компаниясының жұмысына қатысты пост жазып, онда BI Group-ты "монополист" деп атайтындарға жауап берген. 

Фактчек. Айдын Рахымбаевтың манипуляциясы

Inbusiness.kz тілшісі Рахымбаевтың сондағы сөзіне фактчек жүргізіп көрді. Ресми орындарға сауал жолдап жауап алғанша арада бір жарым ай өткенін ескертеміз.

Рахымбаевтың жазғаны:
"[...] ресми мәліметке сәйкес, елде 2021 жылдың 11 айында барлығы 13,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, біздің үлесіміз соның 6% болды!!! Алты пайыз – монополия? (Күлген смайлик қояды – авт)".

ҮКІМ: Манипуляция.

Манипуляция неде? Рахымбаев компаниясының жұмысын мұқым республика көлеміне шағып көрсетеді. Алайда кәсіпорын бір қалада үстемдікке ие және 2019, 2020, 2021 жылдары тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау қалаларында тұрғын үй салған. Бұл – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бізге берген ресми жауабы.

"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, BI Group компанияларының Нұр-Сұлтан қаласындағы үлесі 60%-дан астам. 2019 жылы – 77%, 2020 жылы 81% болды. Бастапқы тұрғын үйді өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргіздік. Талдау барысында нарыққа кірудегі бірқатар кедергі анықталды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығын талдау кезінде BI Group холдингінің үстем жағдайы анықталды", – дейді агенттік төрағасының орынбасары Марат Омаров.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, былтыр 11 ай ішінде 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені рас. Соның ішінде Нұр-Сұлтанда 2021 жылы 11 айда – 2 млн 597 мың шаршы метр, бір жылда 3 млн 211 мың шаршы метр пайдалануға берілген. Елде тұрғын үй ең көп пайдалануға берілетін қала - астана. 

Оны Ұлттық статистика бюросы есебінен көруге болады.

 

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу