Қазақстан теннис федерациясы Арсланбек Айтқұловтың дисквалификациясына қатысты ресми жауап берді.
Бұған дейін Арсланбек Айтқұловтың антидопингтік ережелерді бұзғаны үшін 4 жылға жарыстардан шеттетілгені хабарланған еді.
"БАҚ-та 21 жастағы қазақстандық теннисші Арсланбек Айтқұловтың Халықаралық теннистегі адалдықты қамтамасыз ету агенттігінің (ITIA) шешімімен антидопингтік ережелерді бұзғаны үшін 4 жылға дисквалификацияланғаны туралы ақпарат жарияланды.
2024 жылдың наурыз айында ITIA-дан алдын ала хабарлама алған сәттен бастап Арсланбек Айтқұлов адвокат пен Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен өзінің ұстанымын белсенді түрде қорғап, қолданған BCAA (аминқышқылдық қоспалар) контрафакт болып шыққанын дәлелдейтін айғақтарды ұсынды.
Федерация бұл процесте жан-жақты қолдау көрсетіп, өнімге сараптама жүргізді және халықаралық ұйымдармен өзара байланыс орнатты. Қазақстан теннис федерациясы өз жұмысында допингке қарсы қағидатын қатаң ұстанатынын атап өтеді. Барлық спортшылар кәсіби дайындықтың алғашқы күнінен бастап антидопингтік стандарттар бойынша оқудан өтеді. Ал жаттығу процесінде қолданылатын әрбір препарат міндетті түрде маманның келісімінен кейін пайдаланылады.
Барлық ойыншылар өз дәрі-дәрмектері мен дәрумендерін, БАД-тарын Қазақстан теннис федерациясының ресми дәрігеріне тексертеді. Арсланбек Айтқұлов федерация дәрігері бұрын мақұлдаған аминқышқылдарды қабылдаған. Кейіннен дәл сондай аминқышқылдарды Қарағандыдан сатып алған. Кейінірек бізге KazWADA-дан бұл өнімдердің ірі партиясы контрафакт ретінде әкелінгені жайлы ақпарат жетті. Олардың арасында Арсланбек Айтқұлов қолданған аминқышқылдар да жалған болып шықты.
Барлық спортшыларды кез келген қоспалар мен дәрі-дәрмектерді қолдануда барынша мұқият болуға шақырамыз және ҚТФ медициналық мамандарымен кеңесудің маңыздылығын еске саламыз. Федерация қазақстандық теннисшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды және спорттағы адалдық пен тазалықтың жоғары стандарттарын ұстануды жалғастырады, – делінген ҚТФ мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Арсланбек Айтқұлов 2023 жылдың қараша айында жекелей сында мансабындағы ең жоғары көрсеткішіне жетіп, әлемдік рейтингте 1250-орынға көтерілген еді.