Федрезерв пайызды тағы өсірді

3992

АҚШ Орталық банкі экономиканы қызып кетуден қорғау үшін пайыздық мөлшерлемені биылдыққа үшінші рет көтерді.

Федрезерв пайызды тағы өсірді

АҚШ Федералдық резерв жүйесі сәрсенбі күні пайыздық үстемені 0,25 пунктке көтеріп 2-2,25 аралығына жеткізді. Осылайша Орталық банк сауда соғысы Құрама Штаттар өндірісіне қауіп төндіріп тұрса да, ақшаны қымбаттату саясатын әрі қарай жалғастыруды ұйғарып отыр. Оған себеп – Америкада еңбек нарығы күшейіп, жұмыссыздық дәрежесі биыл 3,9 пайызға дейін төмендеді. Бұл – 1960 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш. Инфляция деңгейі болса, үстіміздегі жылы 2 пайызға дейін өсіп, экономика 3,1 пайызға артпақ.

Дегенмен 2019 жылы АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 2, 5 пайызға, 2020 жылы 2 пайызға, 2021 жылы 1,8 пайызға дамымақ. Сондықтан Федрезерв пайыздық ставканы келесі жылы үш мәрте, 2020 жылы бір мәрте жоғарылатуды көздеп отыр. 

Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, Трамп Канадамен, Қытаймен, Еуропа одағымен және Вашингтонның өзге де сауда серіктестерімен жанжалдасып жатқандықтан, Америка экономикасы 2019-да біршама әлсіремек. Өйткені импорттық және экспорттық тарифтер мен анти-тарифтер негізгі тауарлардың бағасын қымбаттатып, экономикалық өсімді тежеуі ықтимал.

Экономика қарқынының баяулауы Федералдық резервті пайыздық үстемені биылғыға қарағанда сирек көтеруге мәжбүрлемек. Бұл сценарий шындыққа айналатын болса, АҚШ Орталық банкі есептік мөлшерлемені келесі жылы 3 рет қана өсіргеннен кейін бір жағына шығып, экономиканың қалай дамып жатқанын бақылайды. Өзге бір болжамдарға сүйенсек, Құрама Штаттарда биыл салық төмендеп, мемлекеттік шығындар артып жатса да, одан пайда шамалы болайын деп тұр. Өйткені Трамптың сауда соғысы талай тауардың құнын қымбаттатып жібермек.

Келесі бір сарапшылардың сценарийлері оптимисттік сипатта. Олардың ойынша, АҚШ үкіметінің экономиканы ынталандыру әрекеті еңбек нарығын күшейтіп, жұмыссыздық деңгейін 3,9 пайызға дейін түсіреді. Нарықтың нығаюы жалақы мен инфляция деңгейін арттырып, Орталық банкті экономиканы қызып кетуден сақтау мақсатында несие саясатын қатаңдатуға итермелей береді.

Есептік мөлшерлеменің бірте-бірте өсуі АҚШ экономикасының тоқтаусыз дамып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан Федрезерв желтоқсан айында пайыздық үстемені биылдыққа ақырғы рет, яғни төртінші мәрте көтереді деген болжам бар. Мұның нәтижесінде Америкада тұтынушылық және бизнеске арналған несиелер әдеттегідей қымбаттауы мүмкін.

"Қаршығалар" мен "көгершіндер"
АҚШ-та монертарлық саясатты жүргізушілер "қаршығалар", "көгершіндер" болып екі топқа бөлінеді.

Көгершіндер Федералдық резервтің жұмыссыздық деңгейін мейлінше төмендету мандатына көбірек мән беріп, инфляция үшін аса алаңдай қоймайды. Ал қаршығаларды инфляцияны шарықтатпау проблемасы көбірек толғандырады. 

АҚШ Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені 2015 жылдан бері сегізінші рет көтеріп отыр. Айта кетсек, 2008 жылы әлемде қаржы дағдарысы өршіп тұрғанда, бұл банк сол үстемені рекордтық деңгейге дейін түсіріп, нөл пайыз дәрежесінде жеті жыл бойы ұстап тұрды.

Америка экономикасы соңғы 13 жылда бұлай дамыған емес
Жалпы ішкі өнім көлемімен өлшенетін АҚШ экономикасы 2018 жылы 3 пайызға өседі деген болжам бар. Соңғы 13 жылда Америка өндірісі бұлай  дамыған емес. Құрама Штаттар экономикасы 10 жылдан бері кеңейіп келеді. Бірақ сол он жылдың тоғызында ол орта есеппен 2, 2 пайызға ғана артып отырған.

Мықты еңбек нарығы экономикалық өсімнің локомотиві саналатын тұтынушылардың сенімін нығайтты, бизнеске салынған инвестиция көлемі көбейді. Америкалықтар көлікке, киімге, ресторанға емін-еркін шығындалатын болды. Сонымен қатар нарықтағы түрлі жағымды жаңалықтар биржаларда индекстерді көтерді, адамдардың үй тұрмысы да жақсарды.  Мұның бәрі АҚШ Орталық банкінің пайыздық үстемені осы аптада көтеретініне күмән қалдырмады.  

"2018 жылы экономика да, акциялар нарығы да өркендеп тұр. Осыған қарап Федералдық резерв есептік ставканы биыл 4 рет өсіретінін топшылауға болады", - дейді SS Economics консалтингтік компаниясының бас экономисті Сунь Вон Сон "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Келесі жылға болжам
Келесі жылдың қандай боларын дөп басып айту қиын. Бірақ көптеген экономистер Трамптың "жауынгер" экономикалық саясаты өндіріс қарқынын баяулатады деп алаңдап отыр. Америка президентінің сөзінше, Қытай импортына жарияланып жатқан тарифтер Бейжіңнің әділетсіз сауда тәжірибелерін тежеу үшін қажет. Қытай болса, бұл кінәні жоққа шығара отырып, АҚШ-тан кек алу үшін, оның өз өнімдеріне тариф қолданып жатыр. Бірақ осы жанжалға бола коммунистік мемлекет саудадағы бұрынғы тәжірибесін тоқтата қоюы екіталай. Сондықтан АҚШ пен Қытай тауарларына тарифтер әрі қарай да өсіп, бұл тайталастан әлемнің екі экономикалық державасы да зардап шекпек.

Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл Трамптың сауда соғысына абайлап баға берді. Оның пікірінше, жоғары тарифтер қанша жерден зиянды болса да Бейжіңнің сауда тәжірибелерін либерализациялап, АҚШ-қа өз пайдасын тигізуі мүмкін.

Қазір экономистер АҚШ Орталық банкі 2019 жылы пайыздық мөлшерлемені неше рет көтереді деген мәселе төңірегінде екіге бөлініп отыр. Сунь Вон Сонның ойынша, ол үш мәрте өсіреді. Ал Grant Thornton компаниясының бас экономисті Диана Свонктың пікірінше, Федрезерв есептік үстемені келесі жылы екі рет жоғарылатуы ықтимал.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу