Түркияның "Фенербахче" футбол клубының қорғаушысы Микаэль Асқаров футболдан Қазақстан жастар құрамасына (U-21) Antalya Cup-2021 халықаралық турнирінің алдағы ойындарына қатысуға шақырту алды. 18 жастағы Асқаров "Фенербахче U-19" командасында сол қапталда ойнайды. Ол сонымен қатар негізгі команда сапында ойнап үлгерді.
Микаэль Асқаров Шымкентте дүниеге келген. 2011-жылы отбасымен бірге Түркияға көшіп кетті. Бірақ Асқаровта тек Қазақстан азаматтығы бар. 2018 жылы Микаэль Қазақстан жастар құрамасында жолдастық кездесуде ойнады.
"Antalya Cup 2021" турниріне дайындық барысында Қазақстан жастар құрамасы 21-31 наурыз аралығында Алматы және Анталия қалаларында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Анталия кубогында Қайрат Нұрдәулетовтің шәкірттері Солтүстік Македония, Болгария және Өзбекстан жастар құрамаларына қарсы кездесу өткізеді.
Естеріңізге сала кетсек, ақпан айның соңында Ұлттық құрама бапкерлері Анталия қаласына барып қайтқан болатын. Іссапар барысында бас командадан бөлек жастар және жасөспірімдер құрамаларының бапкерлері Түркияда жаттығу жұмыстарын өткізген футболшылардың аяқ алыстарын байқады.
Премьер-лига клубтарында жүрген жас таланттардың алаңға шығуы және олардың бапкерлермен қарым-қатынасы да талқыланды. Жаңадан іске қосылған ақпараттық базаға жаңа мәліметтер енгізіліп, бапкерлік құрам үлкен істі қолға алу барысында қателіксіз қызмет ету мәселелерін сараптады. Ал жастар құрамасының тізгінін ұстаған Қайрат Жұмабекұлы Нұрдәулетов командаға талантты ойыншылар тапқанын жеткізген болатын.
"Біздің жасап жатқан жұмысымыздың нәтижесі алдағы уақытта нәтижесін береді. Бізден кейін де бапкер болған мамандар осы статистикаға, сандарға жүгіне алатын болады. Сондықтан да, қазір еліміздегі әрбір футболшының физикалық әлеуетін тіркеп жатырмыз. Бір қуанатыным - Қазақстан жастар құрамасына алынатын бірнеше талантты жас ойыншыларды таптық", - деді Қазақстан жастар құрамасының бапкері Қайрат Нұрдәулетов.
Ермұхамед Мәулен