Фермерлер бидай сату жоспарын орындай алмады

285

Жалпы, Қазақстан шетелдермен саудада шикізатпен танылғаны белгілі. Есімізге бірден мұнай, уран немесе металдар түседі. 

Фермерлер бидай сату жоспарын орындай алмады Фото: Ақорда

Әйтсе де еліміз астық экспорты, нақтысы бидай саудалаумен де жаһанға танылып отыр. Бірақ әр мақтаудың бір кемшілігі болатыны секілді салада түйткіл мен іске асуы қиын жоспарлар да жоқ емес.

Негізі бидай саудасына келгенде Қазақстанның мақтанып айта алатындай жетістігі бар. Әрине, мұнай мен металдар секілді тым мол табыс түсірмесе де, бұл астық ел қазынасына тұрақты табыс түсіріп отыр. Кең даланың сыйлаған бір несібесі – осы.

Бұл нарықтағы жағдайды кейінгі 5 жыл аралығындағы статистикалармен бағамдауға болады. Биыл алғашқы 10 айда еліміз 1,237 млрд долларға бидай сатқан. Дегенмен табыс әр кезде бір қалыпты бола бермейді.

Мәселен, 2020 жылы Қазақстан 1,42 млрд долларға 5,7 млн тонна астық экспорттады. Ал 2022 жылы 1,91 млрд доллар табыс тауып, 6,3 млн тонна бидай өткізді. Бұл рекордтың бірнеше себебі бар. Біріншіден, геосаяси жағдай ушығып, Ресейге санкция салынды, есесіне Қазақстан Орталық Азия нарығын жаулады. Бидай бағасы да өскен еді.

Бірақ бір жылдан кейін, 2023 жылы 7,2 млн тонна экспорт жасалса да, табыс 1,84 млрд доллардан аспады. Былтыр табыс тіпті азайды – 1,1 млрд доллар. Өткізілген бидайдың көлемі 5,8 млн тонна ғана. Осылайша өткен жылғы іске аспай қалды.

Негізі 2024 жылы Қазақстан сыртқы нарыққа 12 млн тонна астық экспорттауды мақсат еткен еді. Оның 7,5 млн тоннасы бидай болуы керек еді. Оның үстіне сатылған 5,8 млн тоннаның бағасы да аз болғанын көріп отырмыз.

Былтыр расымен де диқандарға қиын болатынын, кейбірі банкротқа ұшырауы мүмкін екенін сарапшылар да растаған еді. Соның бірі – "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев болатын.

– Қазақстанның ішкі нарығына керек жалпы астықтың мөлшері – 8-9 млн тонна. 2024 жылы 26,5 млн тонна астық бастырдық. Сонда 17-18 млн тонна астық артылады. Соның бәрін қайда экспорттаймыз деген сауалға бас қатырдық. Қазір 1 тонна бидайдың құны 100 доллардан аспайды. 1 вагонға әрі кетсе 60 тонна бидай артылады. Яғни, 1 вагон бидайдың құны бар болғаны – 6 000 доллар, – дейді сарапшы.

Бұған жол шығындарын қосатын болсақ, бидай экспортының табысы диқандар үшін аса мол болмағанын көреміз. Бұған қоса, сатылым көлемін де арттыра алмағанымыз көрініп тұр. Себебі Ресейдің астық экспорты қайта бас көтерді. Былтыр көрші ел 100 млн тоннадан астық жинап, оның жартысынан көбін сыртқы нарыққа бағыттаған көрінеді. Ал бұл тұста Қазақстан нарықтан таршылық көре бастайтыны анық.

Әйтсе де биыл жағдай сәл реттелді, былтырғы көрсеткішті алғашқы 10 айда басып озып, 6,1 млн тонна бидай сатты. Қалай алғанда да серпіліс бар. Бірақ елдің бидай экспортын тұрақты деп бағалауға болады, көлем де, табыстың айырмашылығы тым алыс емес.

Негізі қазақ бидайын көбіне Орталық Азия елдері сатып алады. Мысалы, биыл 10 айда Қазақстаннан ең көп бидай импорттаған ел – Өзбекстан (584,9 млн доллар). Бұл елдің халқы 36 млн, нанға сұраныс жоғары. Көрші болғаннан кейін логистика да аса қиын емес.

Ал екінші позицияға Тәжікстан жайғасып отыр. Биыл 10 айда 220,8 млн долларға бидай сатып алды. Үшінші орынға кәрі құрлықтағы Италия орныққан. Импорты 100 млн доллардан асады. Бір қызығы, Италия қазақ бидайын сатып алуды бірден 2,2 есеге артырып отыр. Ауғанстан, Түркия, Иран, Кавказ елдері, Испания – бәрі бірігіп қалған 329,9 млн долларды алған. Бұл аталғандарды үздіксіз сатып алып отыратын нарық деп бағалауға келмейді. Баға мен сұранысқа қарай құбылып отырады.  

Қорыта айтқанда, Қазақстан бидайы келешекте ұдайы сұраныста бола бермек. Әзірге Орталық Азия, Қытай нарығымен шектелгенімізбен, келешекте Таяу Шығыс нарығы кеңейе түсетін іспетті. Алайда үкімет бұған қанағат етпей, логистиканы жетілдіру мен экспорттық инфрақұрылымды дамыту жайын ойластырғаны абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу