Тұтынушы бағаның қымбат екенін, ал мал баққандар керісінше ет құны шығындарды ақтамай отырғанын алға тартуда.
Ақыры Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықта ет тапшылығын болдырмас үшін ірі қара мал етін экспорттауға шектеу қойды. Шектеу осы жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Ведомство мұның бір себебін делдалдармен күрес ретінде түсіндірген.
Министрліктің дерегінше, бұған дейін кейбір компаниялар мен шағын мал сою пункттері малды бордақыламай-ақ қайта сатып, экспортқа шығарып келген. Мұнан соң салада алыпсатарлық пен делдал көбейіп, артынша ішкі нарықта ет бағасы жылдам өскен екен.
Дегенмен шектеу қою бастамасы фермерлерге ұнай қойған жоқ. Керісінше, пайдадан қағылып жатқандарын айтуда. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев та шектеулерді қолдамайды. Депутаттың сөзінше, ел нарықтық экономикаға бағытталғаннан кейін заңдылықты бұзып отырғандай.
– Өз басым "шектеу" деген механизмге қарсымын. Сұраныс бар ма, әрине, фермер етін сатады. Ал бағаның көтерілуі оларға, жалпы агробизнесте жүргендер үшін өте жақсы. Екіншіден, халық мүддесін есептеп, әсіресе, әлеуметтік осал топтардың жағдайын дұрыс сараптау керек. Арнайы азық-түліктік карточка негізінде тек сол азаматтар ғана төмендетілген бағадағы өнімдер алған дұрыс. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар саны 19-дан 31-ге көбейді. Әлі де көбеюі мүмкін. Ал енді Үкіметтің бұл тауарларды арнайы бекітілген бағадан асырмау туралы тапсырмасы кәсіпкерлерге жеңіл тиіп жатқан жоқ, – дейді Анас Баққожаев.
Бұл тұста өңірдегі тұрақтандыру қорлары жұмысы да сынға алынды. Қойылған баға бір бөлек, ал сатуға қойғанда басқа баға тұрады. Сондай-ақ, тауарлардың сапасы жөнінде шағым көп. Әлеуметтік маңызы бар арзандатылған тауарды бай да, кедей де сатып алып жатыр.
Расымен кейінгі уақытта ет бағасы лезде көтерілді. Әсіресе, сиыр еті қымбаттады. Алдымен "Сиыр еті неге қымбаттады?" дегенді анықтап алайық. Арадағы делдалдықтан бөлек, басқа да себептер бары анық. Осының өзін қарапайым тұтынушыдан емес, төрт түлікті бағып отырған мамандардан сұрадық. Мәселен, шаруа Зұлпыхар Сыздықовтың сөзінше, ірі қара еттің бағасы негізінен тұрақты, шығынымен есептегенде қымбат емес.
– Бір ірі қара мал қорада тұрып бордақыланса, 24-25 келі шөп жейді. Бұл – бір бума жоңышқа шөбі. Оның бағасы 1600-1800 теңге екені белгілі. Бір бас мал семіру үшін орташа есеппен 65 күн керек деп алайық. Есептесең, 100 мың теңге айналасында ақша керек. Басқа да мал азығын есептемегенде, кеткен шығын қалай жабылмақ? Шығын ұлғайған соң ет бағасы да бір орнында тұрмақ емес. Екіншіден, оңтүстік өңірлерде жайылым мәселесі өзекті. Үшіншіден, малшы жоқ. Табу қиын. Тапқанның өзінде жыл бойы жоғары жалақы төлесең келіседі, ол да мал иесінің қалтасына салмақ, – дейді ол.
Қазір бір бума қара шөп 850-900, ал жоңышқа бағасы 1600 теңгеден асады. Бір қап кебек жем 2 мың теңгенің айналасында. Сонда бір ірі қараның күндік азығы 3 мың теңгеден асады. Ет бағасының өсу себебін осыдан-ақ бағамдауға болатындай.
Кәсіпкер Өмірсерік Құрасбаев та малды бордақылау қымбат, ал бағаның арзан екенін айтады. Субсидия берілсе, жүздеген тоннаға дейін ет өңдеп, сатылымға шығаруға болады.
– Қай мемлекет жоғары баға ұсынады, соған еліміздің фермерлері ет экспорттағаны дұрыс. Қазір барлық жағынан қарасақ та қымбатшылық бар. Қожалықтар шығындарын осылай жаппаса, бұл қиындық әкеледі. Менің ойымша, Қазақстанның "қызыл алтынмен", яғни мал етімен әлемге шығуына мүмкіндік мол. Тек мемлекет қолдауын аямаса екен, – дейді ол.
Фермерлерге қиындық болып жатқанын ресми деректен де аңғарамыз. Мысалы, кейінгі екі жылда 24 мыңнан аса шаруашылық жұмысын тоқтатқан. Жеке қосалқы шаруашылықтардың саны да азайып келеді. 2024 жылдың 1 қаңтарында 1 млн 631 мың болса, 2025 жылдың 1 қаңтарында 1 млн 605 мыңға азайған.
Осы тұста кей фермерлер БАҚ беттері арқылы еттің келісін 10-12 мың теңгеге жеткізуді сұрап жатыр. Олардың пайымынша, 1 қаңтардан бастап қосымша құн салығы 16 пайызға өсті. Ет нарығы бұған еш реакция бермеген. Екіншіден, ТМД-дағы басқа елдерге қарағанда Қазақстанда ет бағасы арзан. Мысалы, Қырғызстанда сиыр етінің бір келісі – 4,1 мың теңге, Беларусьте – 4,4 мың теңге, Ресейде – 5,2 мың теңге тұрады. Ал Өзбекстан мен Әзербайжанда баға 5,2-5,3 мың теңгеден асады.
Дегенмен біз біржақты ойлап, тек кәсіпкерлердің ұстанымын дұрыс демейміз. Осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал бойынша 2 миллионнан астам жалған есепті әшкерелеген еді. Демек, қосымша қаржы алу үшін алаяқтық схемаға баратын фермерлер де жоқ емес. Осылайша, үкімет пен кәсіпкерлер келісе алмай жатқан тұста халық ет бағасының келешегіне алаңдап отыр.