Фермерлер сақтандыру компанияларына сенбейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3342

Сақтандыру компаниялары келген шығынның тек 20%-ын ғана өтейді.

Фермерлер сақтандыру компанияларына сенбейді

Қазақстандықтар міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру компанияларына баруды азайтты. "2019 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша, төленген сақтандыру сыйақыларының көрсеткіші 14,4% азайып 16 млрд теңгені құраса, сақтандыру төлемдерінің көлемі 9% көбейіп 5,4 млрд теңгеге жетті", деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастан 2018 жылға дейін сақтандыру бойынша сыйақы төлемдері 9,5 млрд теңгеден 18,7 млрд теңгеге дейін көбейген еді. Дегенмен, осы уақыт аралығында сақтандыру сыйақы түсімдері екі есе өскеніне қарамастан, сақтандыру төлемдері бар болғаны 4,5 млрд теңгеден 4,9 млрд теңгеге көбейген еді.

Дүниежүзілік банк мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 300 мың адам зардап шегіп, республиканың ішкі жалпы өнімі 3 млрд теңгеге дейін кемиді екен.

Соның ішінде ауыл шаруашылығы табиғаттың қолайсыз жағдайларына төтеп беруге қауқарсыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Хамиевтің айтуынша, елде ең алдымен агросақтандыру мен мал шаруашылығын сақтандыруға қажеттілік бар.

Қазір елдегі агросақтандыру өте төмен деңгейде. Сақтандырудың осы түрімен республика бойынша тек екі компания ғана жұмыс істейді. Халық банктің үлескер "Халық" сақтандыру компаниясы мен "Астық сақтандыру компаниясы" АҚ. Ал өзге сақтандыру компаниясы ауыл шаруашылығына енуге асықпай отыр. Хамиевтің сөзінше, көрсеткіштің төмендігіне басты себеп сақтандыру компанияларының төлейтін сақтандыру төлемдерінің тым аздығы. Оның айтуынша, орта есеппен фермерлер келген зиянның тек 20 пайызын ғана өндіріп ала алады екен.

Жалпы, 2018 жылы салаға түскен сақтандыру сыйақыларының көлемі 299,2 млн теңге болған екен. Ал сақтандыру төлемдері тек 29,6 млн теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 61,4% аз.

Саланың қаржыландыруы қазір негізінен мемлекет қаражаты есебінен жүріп жатыр. Ал мал және өсімдік шаруашылығы, аңшылық қызметтеріне салынып жатқан инвестиция көлемі де артып келеді. 2019 жылдың алғашқы екі айында салаға салынған капитал көлемі өткен жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 45,9% ұлғайып, 33 млрд теңгеге жетті.

Айта кетейік, 2015 жылдан бастап салаға салынған инвестиция тұрақты артып келеді. Бес жылда көрсеткіш 11,6 млрд теңгеден 33 млрд теңгеге жетіп отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу