Фермерлер шығындарының 50%-ын мемлекет өтейтін болады

1806

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында хабар етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Фермерлер шығындарының 50%-ын мемлекет өтейтін болады Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Көктем келгелі бері еліміздің егістік алқаптарында қарқынды жұмыс басталды. Облыс әкімдерінің деректері бойынша, 13 млн га жерге егін егілді. Оның ішінде 9,5 млн га дәнді-дақылдар, 1,9 млн га жерге майлы дақылдар егіліп болды. Көкөніс-бақша дақылдар 248 мың га құрады. Картоп егілген аумақтың ауданы 168 мың га тең. Ал жалпы еліміздегі егіс алаңы 24,3 млн га құрады – алдыңғы жылмен салыстырғанда 68,6 мың га көп.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тұқыммен, агрохимия мен техникамен қамтамасыз ету, қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында Республикалық жедел штаб құрылды. Дайындық мәселелері ақпан айында ҚР Үкіметі отырысында қарлған болатын. Соның ішінде, тұқым себу бойынша жоспар 100%-ға орындалған, фермерлер 2,4  млн тонна көлеміде тұқым қорын құра алды, оның 99,9%-ы тексеруден сәтті өтті.

Көктемгі егін науқанына 149,8 мың трактор, бір мезгілде түрлі технологиялық операцияларды орындайтын 4,9 мыңнан астамжоғары өнімді егіс кешендері, сондай-ақ 76 мың сепкіш қатысып отыр, ал шаруаларға арзандатылған дизель отыны бөлінді, оның бағасы 1 т – 222 мың теңге болды. Ал жалпы орташа баға 1 литрге 204 теңгені құрады.

Қаржы мәселесіне келер болсақ, биылғы жылы шаруаларға 140 млрд теңге көлемінде ақша қаңтар айынан бастап бөлінді. Ербол Шырақпайұлы бұрын наурыз айынан ерте берілмейтін әрі 70 млн теңгені құрайтың субсидия биыл гео-саяси ахуалға байланысты ерте беріліп, оның сомасы екі есе өскен. Барлығы 3,7 мыңға жуық өтініш түскен, оның ішінде 138,8 млрд теңгеден астам сома шаруаларға беріліп үлгерген.

Су тапшылығын қайтеміз?

Дегенмен қазіргі таңда егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарының көкейкесті проблемасы – су тапшылығы болып отыр.  Әсіресе, еліміздің оңтүстігінде бұл мәселе күрделі екені бәрімізге белгілі. Оны шешу үшін, біріншіден, көршілес елдерден қажетті көлемде су жеткізу мәселелері талқыланып жатқан көрінеді. Бұл жұмыстар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыреттілігіне жатады. Ауыл шаруашылығы министрі олармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқандарын айтып, нақты өз тараптарынан субсидиялау бағдарламасын қолға алғандарын хабарлады.

"Ал Ауыл шаруашылы министрлігі ретінде біз суды үнемдеу жолдарын қарастырып жатырмыз. Тамшылау әдісімен егістікті суару машиналарын сатып алуға кеткен шығындардың 50%-ы мемлекет тарапынан өтелетін субсидиялық бағдарламалар даярладық. Тек қана машина алуға емес, жалпы барлық шығындар, соның ішінде техника сатып алу, инфрақұрылымды жақсартуға кеткен қаражаттың жартысы беріледі", - деп түсіндірді Ербол Шырақпайұлы.

Ал субсидиялау кезіндегі жемқорлықты азайту үшін бұған дейін бекітілген ережелер қайта қаралып, 10 түрлі қаржыландыру жолдары қысқартылды. Сонымен қатар цифрлық технологиялар келесі жылы толық енгізілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу