Фермерлер үшін жаңа ойын ережесі дайындалып жатыр

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
9780

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы мақсатына негізделген жерлерді жалға беру мәселесін қайта қарады.

Фермерлер үшін жаңа ойын ережесі дайындалып жатыр

Енді ауыл шаруашылығымен айналысқысы келгендер алдымен бизнес-жоспарын көрсетіп, бекітуі керек. Содан кейін қанша жерді неше жылға жалға беру керектігін арнайы комиссия шешетін болады.

Вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов "үкімет сағаты" барысында министрліктің желтоқсан айында парламентке жер қатынасы саласындағы жаңа заң жобасын қарауға ұсынатын айтты. Осы заңның негізінде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институты жетілдіріледі.

Вице-премьер-министрдің айтуынша, "жаңа кадастрлық құнды белгілейтін және ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мәлімет базасын жасауға қажетті геоботаникалық, топырақты зерттеуге" заңнамалық база жасалып қойыпты.

Жерді жалға беру институттарын жетілдіру – ауыл шаруашылығы жерлерін уақытша пайдалануға беру талаптарын қайта қарауды қажет етеді. Асқар Мырзахметов комиссия құрамына қоғамдық бірлестік пен ұйым өкілдерінің кем дегенде 50%-ын міндетті түрде қатыстыруды заң жүзінде көрсетіп, байқау комиссиясының құрамын өзгерту ұсынылып отырғанын айтты.

Байқау өткізу туралы хабарландыруды тек аудандық БАҚ-та ғана жариялап қоймай, облыстық әкімдік пен ауыл шаурашылығы министрлігі сайттарында, сондай-ақ облыстық маңызы бар БАҚ-та жариялау ұсынылып отыр.

Сонымен бірге жер пайдаланушыларға қойылатын талаптар да өзгереді. "Егер бұрын пайдаланушы жалға алған ауыл шаруашылығы жері бизнес-жоспарсыз беріліп келген болса, енді жерді жалға алу үшін бизнес-жоспар талап етілетін болады. Бизнес-жоспарда көрсетілген инвестициялық бағдарлама негізінде жалға берудің нақты мерзімі анықталатын болады. Бұрын бизнес-жоспардың өтелімділік мерзіміне қарамай-ақ, жер 49 жылға дейін жалға берілетін. Енді бұлай болмайды. Бастапқыда жер нақты бір мерзімге беріледі. Содан кейін байқау комиссиясы қарап, бекітілген бизнес-жоспарға сараптама жасайды. Егер осы бизнес-жоспар орындалатын болса, онда жерді жалға беру мерзімін созу мәселесі қарастырылады",– деп түсіндірді Асқар Мырзахметов.

Бұл жаңалықты қоғам қалай қабылдайтыны әзірше белгісіз. Алайда, бұған дейін ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру мерзімін созуға қатысты енгізілген өзгертулер елдің бірқатар аймағында наразылық тудырған болатын. Сол кезде мемлекет басшысы халыққа дұрыс түсіндіру жұмысын жүргізбеді деп үкіметті жазғырған еді. Содан кейін президент жер кодексінің жаңа нормаларын іске асыруға мораторий ұсынды. Ымыралы шешімге келу үшін вице-министрдің басшылығымен және қоғамның барлық мүдделі азаматтарының қатысуымен арнайы жер комиссиясы құрылды.

Бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін комиссия даулы мәселеге қатысты бір ымыраға келіп, мораторий мерзімін созуға шешім қабылдады. Қазіргі уақытта 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатуға және жалға беруге қатысты мораторийдің мерзімін созатын заң жобасы парламенттің талқылауында жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу