Бұған себеп – 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда 2025 жылғы қазан айынан бері қолданыста болған мораторийдің күшін жойғаны. Яғни электр энергиясының бағасы өсіп, жаңа тарифтер енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұның салдарын бәрінен бұрын күзгі жиын-терінге қамданған шаруалар көре бастады. Әсіресе, Ақмола облысының фермелері бірінші болып бас көтергенін байқадық. Аймақтағы монополист компания – "АРЭК" АҚ заңды тұлғалар мен кәсіпорындар үшін электр энергиясының тарифін 1 кВт/сағ үшін 48,51 теңгеден 70,18 теңгеге дейін өсірген. Ізін ала кәсіпкерлер "электрдің бағасы ғана өспейді, ұн тарту, нан пісіру, сауда қызметтерінің құны да құбылады" деп алаңдайтынын жеткізді.
Мысалы, Ақмола облысының Астрахан ауданындағы "Гендик В.В." шаруа қожалығының жетекшісі Вероника Гендик өз есебін нақты цифрмен көрсетіпті.
"Шаруашылықтың жылдық электр тұтынуы шамамен 130 308 кВт/сағат. Бұрынғы 48,51 теңге тарифпен жылдық шығын шамамен 6,32 млн теңге болса, 70,18 теңгелік тариф кезінде бұл сома 9,14 млн теңгеге жуықтайды. Арадағы айырма – жылына шамамен 2,83 млн теңгеге шығып отыр. Бұған қоса егін орағы кезінде электр энергиясын тұтыну көлемі айтарлықтай өседі, – дейді ол.
Негізі фермерлер сөзінің жаны бар, себебі астықты жинау бір шаруа ғана емес, жиналған астықты реттеу үшін кептіргіш жұмыс істейді. Желдеткіш айналады, тазалау қондырғысы іске қосылады, қойма мен элеватор тоқтамайды. Яғни технологиялық процесс көп. Мұның бәрі электр энергиясын қажет етеді.
Бұл түйткіл бір өңірді ғана емес, тұтас республикаға да аса елеулі қиындық келтіруі әбден мүмкін. Бұны сарапшылар да растап отыр. Фермерлер секілді ұн тарту өнеркәсібіндегілер де ащы жанайқайын айтпай қалмады.
Кәсіпкерлердің мәліметінше, ұн өндірушілер үшін тариф 39,83 теңгеден 52,20 теңгеге дейін өскен.
– Ұн тартатын жабдық, тасымалдау жүйелері, желдету, тазалау және басқа да өндірістік процестің бәрі электр энергиясына тәуелді. Сондықтан тариф өскен кезде кәсіпорынның айналым қаражатына қысым күшейеді. Бұл дайын өнімге, азық-түлік өндірісіне аса қатты әсер етеді. Шаруалар өз өнімдерін айтарлықтай жоғары бағаға көтеруге мәжбүр болады. Бұл бірқатар шаруашылықтың жұмысшыларының қысқартылуына әкеліп соғады, – дейді Ақмола облысына қарасты "Атбасар ауданының ұн өндірушілері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Динмагомед Асаев.
Кәсіпкерлер тарифті белгілеу тәртібінің ашықтығын сұрап отыр. Атап айтқанда, бизнес өкілдері тарифтің өзгеруі туралы тұтынушыларды алдын ала хабардар ету, жария тыңдаулардың өткізілуі, энергиямен жабдықтау шарттарының талаптары және электр энергиясын тұтынушылардың құқықтары мәселелерін көтерген. Бұл жағдайға байланысты өңірлік кәсіпкерлер палаталары белсенді әрекет етіп жатыр. Ресми шағымдар әзірлеп, мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынып бағуда.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де бұған қатысты реакция білдіріп үлгерді. Дегенмен ведомство агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, өндірісті әртараптандыруға, техника жаңартуға және өнімді өткізу инфрақұрылымын күшейтуге басымдық беріліп отырғанын айтумен шектеліпті.
Вице-министр Азат Сұлтанов Ақмола фермерлерімен кездесуінде биыл 668 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 93,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы берілгенін алға тартты.
Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы электр энергиясы тарифінің өсуі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қатты әсер ете қоймайды деп есептейді деп отыр.
– Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың қазіргі деңгейі шаруалар үшін аса қолайлы болып отыр. Мәселен, "Кең дала 2" бағдарламасымен қосалқы бөлшек, жанармай, тыңайтқыштар басқа да қажеттіліктері үшін жеңілдетілген несиені қараша-желтоқсан айларынан бастап алатын болды. 131 миллиард теңгеден астам қаражат берілді. Оны бірден беруден де босатылды. Бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылып отыр. Биылғы егіннің сапасы аса жоғары. Бидайдың басым бөлігі 2-3 класты көрсетсе, арпаның да сапасы жоғары болып отыр. Гектарынан орташа 13,5 центнерден айналып отыр. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың дер кезінде берілуінің арқасында дер едім. Қазір шаруалар 51 млрд теңгеге дейін лизингтік техникаларды 5 пайыздық мөлшермен алып жатыр. Сондықтан электр энергиясы бағасының өсуі шаруаларға қатты елеулі кедергі тудырмауға тиіс, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Дегенмен кәсіпкерлердің пікірінше, астық бағасы төмендеп, ал өндіріс шығыны өскен жағдайда кейбір шаруашылықтардың "Кең дала" бағдарламасы бойынша банктер алдындағы және лизингтік міндеттемелерін орындауы қиындауы мүмкін.
Мәселеге қатысты пікірталастар әлі де жалғасып жатқанға ұқсайды. Бұл тұста екі тараптың да өз шындығы бар: шаруаға кәсібінің жүргені, ал электр энергиясын өндірушілерге онсыз да тозған жүйесін жаңартып, табысқа шығуы қажет.