Фернандиньо "Қайратпен" келісім-шарт жасады

2013

Алматының "Қайрат" футзал клубы 2012 жылы футзалдан өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Фернандиньомен келісім-шарт жасады.

Фернандиньо "Қайратпен" келісім-шарт жасады

Келісім-шарт 2020/2021 жылғы маусымға жасалды. Сонымен қатар оны тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.

"Біз жаңа ойыншының келгеніне қуаныштымыз. Бұл серіктестік клуб пен ойыншыға ең жарқын сәттерді сыйлайды деген ойдамыз және маусым жемісті болады деп үміттенеміз. Бразилиялық ойыншы ең үздік футзалшылардың бірі. Өзінің спорттық мансабында Фернандиньо Ресей чемпионатының ең үздік шабуылшысы және бомбардирі атанған. Сонымен қатар 2013 жылы футзалдан Құрлықаралық Кубок ойындарында "Ең бағалы ойыншы" жүлдесін жеңіп алған. 36-жасар форвард 2017 жылдан бері Португалияның "Бенфика" клубында ойнады. Бірақ қазіргі таңда оның португалиялық клубпен жасалған келісім-шарты аяқталды. Енді Фернандиньо Алматыға бос агент ретінде келеді. Бразилиялық шабуылшы Ресейдің бес дүркін чемпионы, Бразилия футзал лигасының жеңімпазы, Португалия Кубогінің екі дүркін жеңімпазы, сонымен қатар 2012 жылы футзалдан өткен Әлем чемпионатының алтын жүлдесін Бразилия құрамасымен бірге жеңіп алған", - деп хабарлайды "Қайрат" АФК-ның ресми сайты.

Сонымен қатар таяуда "Қайрат" АФК тағы бір бразилиялық шабуылшы, Гадейя лақап атымен танымал Фабрисио Бастезинимен толыққан болатын. Ол соңғы үш маусымда "Қайраттың" еуроаренадағы басты қарсыластарының бірі испаниялық "Интер Мовистар" командасында ойнаған.

Осылайша Фернандиньоның жаңа командаға үреніп кетуі үшін бір айдай уақытты бар. Естеріңізге сала кетсек, 24 маусым күні Қазақстан футбол федерациясы футзалдан 2019/2020 жылғы маусым 2020 жылдың 1-тамызына дейін тоқтатылғанын мәлімдеген болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу