FIFA билеттерді өткізудің соңғы кезеңін қайта іске қосып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді барлық 104 матчқа арналған орындар "бірінші келген – бірінші алады" қағидатымен ұсынылмақ.
Халықаралық федерацияның мәліметінше, турнир 11 маусымда АҚШ, Мексика және Канада аумағында басталады. Осы ойындарға билеттерді сату ресми түрде соңғы кезеңге өткен.
Қазіргі уақытта жоспарланған 6 миллионнан аса билеттің 5 миллионынан көбі сатылып кеткен. Қалған сатылымда түрлі санаттағы орындар, соның ішінде алаң жиегіне жақын аймақтарға арналған билеттер де бар.
Ұйым өкілдері билеттер толық таусылмаған жағдайда, қосымша партиялар финал өтетін 19 шілдеге дейін кезең-кезеңімен сатылымға шығарылатынын мәлімдеді.
Жаза кеткен жөн, турнирдің баға саясаты бұған дейін сынға іліккен еді. АҚШ-тағы бірқатар заң шығарушы FIFA-дан билет құнын арзандатуды талап етіп, "динамикалық баға жүйесі жанкүйерлер үшін қолжетімділікті төмендетіп отыр" деп мәлімдеген.
Өз кезегінде федерация баға толық автоматты түрде емес, сұраныс пен қолжетімділікке қарай қолмен реттелетінін түсіндірді.
Сонымен қатар, желтоқсан айында бағасы 60 доллардан басталатын Supporter Entry Tier санатындағы билеттерге шектеулі квота енгізілген. Бұл санат жалпы билеттердің шамамен 10 пайызына тең.
Билеттердің соңғы кезеңдегі сатылымы 22 сәуір күні басталды. Осыған дейін финалдық матчқа арналған ең қымбат билеттердің бағасы 10 990 долларға дейін жеткені хабарланды.