FIFA үздіктерді марапаттады

2266

Италиялық бапкер Клаудио Раньери 65 жасында ең үздік жаттықтырушы атағына ие болды. Өткен маусымда ойламаған жерден Раньери аты шықпаған командалардың бірі Лестер клубын Ағылшын премьер-лигасының чемпионы атандырып, бүкіл әлемді бір шулатқаны бар. Оның мықты бапкер екендігін FIFA да мойындап отыр. Бұл сыйлықты әйгілі аргентиналық аңыз футболшы, әрі бапкер Диего Марадонаның өзі табыс етті.

FIFA үздіктерді марапаттады

Айта кету керек осы салтанатты кештің алдында Цюрихте аңыз футболшылардың символикалық матчы өткен болатын. Оған Диего Марадона, Карлес Пуйоль, Марсель Десайи, Мичел Сальгадо, Давид Трезеге, Франческо Тольдо, Лукас Радебе, Дуайт Йорк, Александер Чеферин, Джанни Инфантино және басқа да жұлдыз ойыншылар қатысып жанкүйерлерді бір қуантып тастады.

Бұл кешке Лионель Месси қатысқан жоқ. Көпшілік Месси бас жүлдені алмайтынын білгеннен соң келмей қалды деп жатты. Ал шын мәнінде олай емес, Мессимен бірге бұл марапаттауға оның командаластары Херард Пике, Андрес Иньеста және Луис Суарес те келген жоқ. Бұл үшеуі жылдың символикалық үздік командасының құрамына кіретіндер қатарында болатын. Олардың келмеу себебі, Испания кубогының 1/8 финалының қарымта матчына байланысты. Каталониялық Барселона алғашқы ойында Бильбаода Атлетиктен 1-2 есебімен ұтылып қалған болатын.

Осы жиынға шақырылған даниялық Мохамад Аль-Баша да өз сыйлығына ие болды. Ол FIFA ұйымдастырған компьютерлік ойында турнир жеңімпазы атанған болатын.

Бұдан соң жылдың символикалық үздік командасының құрамына кіргендер анықталды. Олар: Мануэль Нойер — Марсело, Серхио Рамос, Херард Пике, Дани Алвес — Андрес Иньеста, Тони Кроос, Лука Модрич — Роналду, Суарес, Месси. Өкінішке қарай бұлардың арасына ең үздік футболшыдан үміткер француз Антуан Гризманн кірмей қалды. Көпшіліктің осы Атлетико шабуылшысының құрама сапына кірмей қалғаны ұнамай қалғаны сезіліп тұрды.

Әйгілі жеңіл атлет Елена Исенбаева сахна төріне шығып, "ең үздік жанкүйерлер" номинациясының жеңімпазын атады. Бұл бәсекеге Исландия құрамасының фанаттары, "Ден Хааг", және "Боруссия" Дортмунд – "Ливерпуль" матчының жанкүйерлері үміткер саналған еді. Осы үштіктің арасынан ең үздік деп танылған "Ливерпуль" және "Боруссия" жанкүйерлері, олар бірлесіп "Хилсборо" құрбандарын еске алуға арналған "You'll Never Walk Alone" атты әнін орындағандары үшін марапатталып отыр.

Қыздар арасынан ең үздік ойыншылар қатарында Мелани Берингер (Германия), Карли Ллойд (АҚШ) және Марта (Бразилия) болды. Басым дауыспен бұл жолы да америкалық Карли Ллойдқа бас жүлде бұйырды.

Әйелдер футболының үздік бапкері атағы FIFA  ұйғарымымен неміс жаттықтырушысы Сильвия Найдқа табыс етілді.

"Fair Play" жүлдесімен "Атлетико Насьональ" командасы марапатталды. Колумбиялық бұл команда, Копа Судамерикано кубогының финалында бразилиялық "Шапекоэнсе" командасымен ойнауы керек болатын, бірақ өз еріктерімен кубокты әуе апатына ұшыраған командаға берді.

Осы салтанатты кеште футзалдан Бразилия құрамасының форварды 39 жасар әйгілі жұлдыз Фалькао "Таңқаларлық карьера" номинациясы бойынша арнайы марапатқа ие болды. Оны украиналық жұлдыз Андрей Шевченко табыс етті.

Жылдың ең үздік голы "Ференц Пушкаш жүлдесі" малайзиялық "Пенанг" командасының ойыншысы Мохд Фаиз Сабриге бұйырды. Оның алыстан кіргізген сиқырлы голы бүкіл әлемді таңғалдырды.

Ал соңғы болып "The Best FIFA Football Awards 2016" салтанатты марапаттау кешінде бас жүлдеден үміткер 3 жұлдыз таныстырылды. Қайсысы үздік – Роналду, Месси немесе Гризманн?

FIFA президенті Джанни Инфантино қуана-қуана Криштиану Роналдудың атын атады.

Криштиану барлығына алғысын білдірді: "Керемет күн болды! Мұндай сезімде талай рет болдым, бірақ мынадай марапатқа бірінші рет ие болып отырғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен өз серіктестеріме, Реалдағы бүкіл команда мүшесіне, бапкерлерге алғысым шексіз. Отбасыма, бауырыма, анама, бәріне-бәріне үлкен рахмет! 2016 жыл мен үшін ең есте қалар үздік жыл болып отыр. Іштей бір күдік болған, алайда мына марапаттан соң өзіме деген сенімім нығая түсті. Мен үшін дауыс берген жанкүйерлерге, команда капитандарына, мен туралы жазған тілшілерге үлкен рахметімді айтамын! Барселона өкілдерінің бүгін осында болмағандығы өкінішті-ақ, бірақ түсінікті жағдай, баршаңызға рахмет!", – деп аяқтады өз сөзін Роналду.

Тағы бір айта кететін жай, осы марапаттауға Роналду бір бойжеткенмен келді. Білетініміз ол қыздың аты-жөні Джорджина Родригес, Криштиану екеуі  Dolce & Gabbana сәнді киім көрсетілімінде танысқан екен. Сәнді киімге құштар Роналду мен Gucci брендін жарнамалаушы Родригестің қарым-қатынасы туралы әлі талай естіп-білеміз, ал әзірге араларында нақты не барын әлі ешкім дөп басып айта алмайды, құпия сақталып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу