Финляндия мен Швеция осы аптада маңызды шешім қабылдауы мүмкін

2061

Мұның нәтижесінде Ресей НАТО елдерінің қоршауында қалайын деп отыр.   

Финляндия мен Швеция осы аптада маңызды шешім қабылдауы мүмкін

Финляндия мен Швеция НАТО-ға мүшелікке қатысты өз ұстанымдарын осы аптада жарияламақшы. Олар "ия" десе,  бұл жағдай Украинада айтарлықтай табысқа жете алмай отырған Ресейге ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

Финляндия президенті мен екі елді басқаратын социал-демократтар Мәскеудің ескертулерін елемей, НАТО-ға қосылуды жақтаса, жақын арада Ресейдің босағасында Солтүстікатлантикалық альянстың екі жаңа мүшесі пайда болады.

Батыстық әскери одақтың мұнша кеңеюі нәтижесінде Ресей Балтық теңізі мен НАТО-ның Арктикадағы елдерінің қоршауында қалайын деп отыр. Сонымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин үшін де бұл елеулі сәтсіздік болады.

Путин ақпанның 24-інде Ресейдің Украинаға басып кіру себептерінің бірі ретінде НАТО-ның Шығыс Еуропаға кеңеюін және Украинаның осы альянсқа қосылу мүмкіндігін атағаны белгілі. Ал дүйсенбіде, яғни, Жеңіс күні ол Украинада қандай да бір үлкен жетістікке жеткенін тойлай алмады.

НАТО-ға кіру Солтүстік Еуропадағы екі ел үшін де тарихи оқиға: Швеция 200 жылдан астам уақыт бойы әскери одақтардан бойын аулақ ұстады. Ал Финляндия Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағынан жеңілгеннен кейін бейтараптықты қабылдады.

10 аптадан астам уақыт бұрын Ресей күштері Украинаға шабуыл жасағанға дейін Стокгольм мен Хельсинкиде НАТО-ға мүше болу ешқашан маңызды мәселе ретінде қарастырылмады. Іс жүзінде бір түнде екі астанадағы әңгіме "неге қосылуымыз керектен" "бұл қанша уақытты аладыға" ұласты.

Украинаның қайсар қарсылығы мен Батыстың кең ауқымды санкцияларымен қатар, бұл басқыншылық Путинге НАТО-ның әрі қарай кеңеюі тәрізді тағы бір үлкен зардап әкеліп отыр.

"Басқыншылық алдындағы статус-квоға енді оралу мүмкін емес", – дейді Хели Хаутала, бұрын Мәскеуде жұмыс істеген финдік дипломат және Вашингтондағы Жаңа Америка қауіпсіздігі орталығының ғылыми қызметкері.

Украинадағы соғысқа дейін Путинмен жақсы қарым-қатынаста болған Финляндия Президенті Саули Ниинистё бейсенбі күні НАТО-ға мүшелікке қатысты ұстанымын жариялайды деген болжам бар. Осы демалыс күндері екі ел билігіндегі социал-демократиялық партиялар да өз позицияларын мәлімдемек.

Егер олардың жауабы "иә" болса, екі парламентте де НАТО-ға мүшелікті қолдайтындар басым түсіп, альянсқа өту жөніндегі ресми өтініш беру процедураларын бірден бастауға жол ашылады.

Премьер-министр Санна Марин басқаратын фин социал-демократтары НАТО-ға өтінішті Финляндиядағы басқа партиялармен бірігіп мақұлдауы мүмкін. Дегенмен Швециядағы жағдай соншалықты анық емес.

Швед социал-демократтары әрқашан шетелдік блоктарға қосылмауды табанды түрде ұстанып келеді. Бірақ осы партияның жетекшісі, премьер-министр Магдалена Андерссон "24 ақпанға дейін және одан кейінгі" жағдайдың барын айтып отыр.

Андерссон мен басқа да жетекші социал-демократтар НАТО-ға мүшелікке ұмтылады деген пайым бар. Алайда осы партиядағы бірнеше кіші топ, соның ішінде Климат және қоршаған орта министрі Анника Страндхолл бастаған әйелдер фракциясы Солтүстікатлантикалық одаққа Швецияның кіргенін қаламайды.

"Біздің мүдделерімізге әскери одақтарға қосылмау жақсырақ қызмет етеді", – дейді Страндхолл шведтің TV4 телеарнасына берген сұхбатында.  

Финляндия да, Швеция да НАТО-ға өту туралы референдумға Ресей араласуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Екі ел де альянстың "бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін" деген қауіпсіздік кепілдемесі өздеріне тарағанша уақытша осал болатынын сезінеді. Бұған дейін Кремль ескерткендей, егер шведтер мен финдер НАТО-ға кіруге шешім қабылдаса, оның "әскери және саяси салдары" болады.

Ресейдің бұрынғы президенті, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев өткен айда Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қабылдануы Мәскеуді Балтық аймағындағы әскерін күшейтуге мәжбүрлейтінін атап өтті.

Дегенмен сарапшылардың пікірінше, Ресей қарулы күштерінің Украинада батпаққа батқанын ескерсек, РФ-ның Солтүстік Еуропа елдеріне қарсы әскери әрекетке баратынына сену қиын.

"Финляндиямен арадағы 1300-шақырымдық шекара маңына орналасқан ресейлік жауынгерлердің көпшілігі Украинаға жіберіліп, ол жерде елеулі шығынға ұшырады", – дейді Хаутала.

Оның айтуынша, Ресей енді қару-жарағын Финляндияға жақындатып, жалған ақпарат таратып, кибершабуылдар жасап, финдерге қарсы экономикалық шаралар қабылдап, өткен жылы Польшаның Беларусьпен арадағы шекарасында болған жағдайға ұқсас Ресей-Финляндия шекарасына мигранттарды бағыттауы мүмкін.

Ресей қазірдің өзінде Швеция мен Финляндияға назарын күшейте түскен. Соңғы апталарда ресейлік әскери ұшақтар Скандинавия аймағының әуе кеңістігін бірнеше рет бұзғаны хабарланып, әйгілі шведтерді нацист ретінде бейнелейтін плакаттар пайда болды. Кремль "арнайы операцияны" бастамас бұрын Украина басшыларына қарсы да дәл осындай тактиканы қолданғаны анық.

Ондаған жылдар бойы НАТО-ға мүшелікке үзілді-кесілді қарсы болған Финляндия мен Швецияда қоғамдық пікір биыл күрт өзгерді. Сауалнамалар финдердің 70%-дан астамы, шведтердің шамамен 50%-ы аталған әскери альянсқа қосылуды қолдайтынын көрсетіп отыр.

"Украинадағы жантүршіктірер көріністер финдерді "бұл бізде де болуы мүмкін" деген қорытынды жасауға мәжбүр етті", – дейді Фин халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Чарли Салониус-Пастернак.

"Қырғи қабақ" соғыс жылдарында Финляндия Кеңес Одағын арандатпау үшін НАТО-дан аулақ жүрді, ал Швеция Наполеон соғыстарының соңына дейін бейтараптық саясатын ұстанды. Бірақ екі ел де кез келген кеңестік қауіпке қарсы тұру үшін әскерге шақыруға негізделген мықты қарулы күштер құрды. Швецияда тіпті ядролық қару бағдарламасы болды, бірақ Стокгольм 1960 жылдары одан бас тартты.

Қақтығыс қаупі 1981 жылдың қазан айында Швецияның оңтүстік-батыс жағалауында кеңестік сүңгуір қайық тұралаған кезде күшейді. Дегенмен, ол қайық теңізге шығарылып, швед күштері мен кеңестік құтқару флоты арасындағы шиеленіс аяқталған еді.

1990-шы жылдары Ресейдің әскери қуаты төмендесе де, Финляндия сақтықты сақтады, ал Швеция Ресеймен жанжалдасу ықтималдығы азайды деп, әскерінің санын қысқартып, алыстағы соғыстарға бітімгершілік миссия жіберу мәселелеріне көбірек назар аударды.

2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялауы шведтерді қауіпсіздік жағдайына өзгеше қарауға итермеледі. Олар әскерге шақыру тәртібін қайта енгізіп, қорғаныс қабілетін қалпына келтіруге кірісіп, стратегиялық маңызы зор Балтық теңізіндегі Готланд аралында қорғанысты нығайтты.

Бірқатар әскери сарапшылардың айтуынша, Финляндия мен Швецияда НАТО-ның Солтүстік Еуропадағы мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыратын заманауи әрі білікті қарулы күштер бар. Фин және швед армиялары НАТО-мен жиі жаттығатындықтан, тараптар өзара әрекеттесе алады.

Жаңа мүшелерді қабылдауға әдетте айлар кетеді. Өйткені бұл шешімдерді НАТО-ның барлық 30 мемлекеті ратификациялауы керек.

"Бірақ Финляндия мен Швеция жағдайында қосылу процесі бір-екі аптада аяқталуы мүмкін. Өйткені қазіргі уақыт қалыпты емес", – дейді НАТО-ның журналистерге аты-жөнін көрсетпеуді жөн көрген бір өкілі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу