Фируза Шарипова әлем чемпионына қарсы жекпе-жек өткізеді

1428

27 жастағы Шарипова соңғы кездесуінде бокста мүлде тәжірибесі жоқ, муай-тай чемпионы ресейлік Любовь Беляковамен кездесіп, оны нокаутқа жіберген болатын.

Фируза Шарипова әлем чемпионына қарсы жекпе-жек өткізеді

Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова (14-1, 8 КО) 11 желтоқсанда шаршы алаңға қайта оралады. Ол жеңіл салмақтағы абсолютті әлем чемпионы, ирландиялық Кэти Тейлормен (19-0, 6 КО) жұдырықтасады. Бұл туралы DAZN хабарлады. 10 раундтық жекпе-жек Ливерпульде өтеді.

35 жастағы Тейлор 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада чемпион атанды. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді және бес рет әлем чемпионы болды. Еуропа және Еуроодақ чемпионаттарында бірнеше рет алтын алған. Кәсіби деңгейде әлі жеңіліп көрген жоқ. Қыркүйек айында Тейлор америкалық Дженнифер Ханды (18-4-1, 1 КО) жеңіп, титулын қорғап қалды.

Ал Шариповаға келер болсақ, ол мансабын біраз уақыт тоқтатып, 2020 жылдың сәуірінде рингке қайта оралды. Алты айлық үзілістен кейін бірден ол кәсіпқой ретінде өзін жеңген жалғыз қарсыласы София Очигаваға үндеу тастады. 2016 жылдың мамыр айында Мәскеуде өткен жекпе-жек екі боксшы үшін де кәсіпқой рингтегі  алғашқы кездесу болды. Төрт раундқа ұласқан кездесуде төрешілер Очигаваға басымдық берген еді.

Естеріңізге сала кетейік, Шарипова әмбебап боксшы. Ол бір салмақ дәрежесінен екінші салмақ дәрежесіне еркін ауыса алады. Фируза 2-ші жартылай жеңіл салмақ (IBO) және жеңіл (WIBA және WBU) салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионы атанған. Негізі Шарипованың ұзақ уақыт бойы басты мақсаты әлем чемпионы, финляндиялық Ева Вальстреммен жекпе-жек өткізу болды. Бірақ кәсіпқой рингке оралғаннан кейін ол барлық назарын Очигавамен жекпе-жекке аударды. Бірақ Шарипованың командасы ресейлік боксшымен жекпе-жек ұйымдастыру туралы келісімге келе алмады.

Енді қазақстандық боксшы қыз Тейлормен жекпе-жек өткізетін болды. Кездесу Ливерпульде өтеді және DAZN платформасында көрсетіледі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу