Фируза Шарипова қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді

2049

Қазақстандық боксшы қыз үшін бұл 2019-жылдың сәуір айынан кейінгі алғашқы жекпе-жек.

Фируза Шарипова қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді

Былтыр күзде қаржылық тапшылыққа байланысты кәсіпқой бокстан кеткен Фируза Шарипова сәуір айында рингке қайта оралды. Әлеуметтік желіде ол ресейлік Софья Очигаваға үндеу тастаған болатын. Бұл ұсынысқа ресейлік боксшы қыз қарсы болмады. Нәтижесінде олар шілдеде Қазан қаласында кездесеміз деп уәделескен. Шарипова коронавирус пандемиясына байланысты шекера жабық болғандықтан, белгіленген уақытта Татарстан астанасына бара алмады. Сондықтан Софья басқа боксшыға қарсы кездесу өткізетін болды. Ал, Фируза Хэппи Даудиге қарсылас атанды.

Сенбі күні Фируза Шарипова (11-1, 6 КО) танзаниялық боксшы  Хэппи Даудимен (8-7-1, 4 КО) кездесті. Екі боксшы арасындағы кездесу Қазан қаласындағы бокс кеші аясында өтті. Жекпе-жек он раундқа (әр раунд 2 минут) есептелген болатын. Алайда мерзімінен бұрын аяқталды. Шариповадан бірнеше соққы алған Дауди жекпе-жектің 5-раундына жеткенде ары қарай жұдырықтасудан бас тартты.

Осылайша, Шарипова техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл жолы қазақстандық боксшы қыз бірінші жартылай орта салмақ бойынша IBA атынан берілетін титулға ие болды.

25 жасар Шарипова 2019-жылдың сәуір айынан кейін шаршы алаңға шықпады. Ол уақытта боксшы қыз кәсіпқой рингке алғаш рет шыққан ресейлік Анастасия Тришеваны мерзімінен бұрын жеңген. Осыдан кейін Фируза спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеген.

Ал 35 жасар Дауди үшін бұл Танзаниядан сырт жерде өткізген алғашқы кездесуі. BoxRec басылымының мәліметі бойынша танзаниялық боксшы ешқашан 10 раундтық жекпе-жек өткізген емес. Ол тек бір мәрте ғана 8 раундық кездесуде жұдырықтасқан және кәсіпқой бокста барлығы 15 жекпе-жек өткізген. Оның 12-де танзаниялықтармен кездессе, екі рет кениялық және бір мәрте Малави боксшысына қарсы рингке шыққан.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу